Өткен жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы Асамблеясының құрылған күні — 1- наурыз Алғыс айту күні болып жарияланып, биыл екінші рет атап өтілді. Сол күні ертемен облыс орталығындағы «Ынтымақ» алаңында «Мен алғыс айтамын» атты акция басталды.
Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, ҚХА жанындағы «Жас Қанат» жастар ұйымы мен «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған мерекелік шараға этномәдени бірлестіктер өкілдері мен облыстық мәслихаттың депутаты, Forte Bank директоры Аббат Өрісбаев қатысып, Ақтаудың сәнін келтіріп жүрген «Қала жолдары» мекемесінің қызметкерлеріне 200-ден астам қызметкеріне гүл шоқтары, шоколад және әуе шарларын сыйлады.
Қоғам бірігуінің, азаматтық татулықтың, қоғамдық келісімнің, қазақстандық бірегейлік пен бірліктің нығаюы, бір-біріне құрмет пен сыйластықтың артуына ықпал ету мақсаты көзделген акция қаланың бүкіл шағын аудандарында дерлік жалғасып, «Сары базарда» аяқталды.
- Адам боп жаратылған соң бір-бірімізге алғыс айтатын себеп көп. Біз мұсылман болғандықтан алдымен өзімізді жаратқан Алла тағалаға алғыс айтамыз, жарық дүниеге алып келген ата-анамызға, білім берген ұстаздарымызға, достарымызға, қиын-қыстау кездерде көмек қолын созған барша азаматтарға, сарабдал саясатының арқасында осындай мамыражай өмір сүруімізді қамтамасыз еткен Елбасымызға, биыл елімізде өтетін ЭКСПО кормесін дайындап, күндіз-түні тыным көрмей жүрген азаматтарға, қаламызды көркейтіп жатқан жұмысшыларға, бір сөзбен, бүкіл Қазақстан халқына айтар алғысымыз шексіз, мың да бір рахмет баршаңызға, - деді акцияның басы-қасында жүрген «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанәлі Ғазизбеков. - Бейбіт еліміздің берекесі арта берсін.
Алғыс айту күні түстен кейін Н.Жантөрин атындағы драма театрында мерекелік концерт болды. Өңірімізді мекендеген халықтар биімен ашылған шарада алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев бұл мереке біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні екенін атап өтті.
- Бұл — Ұлы Дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым, Мәңгілік елдің бүгініне және болашағы біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенім-деді өңір басшысы.-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бекітілген Алғыс айту күні—бейбітшілік пен келісімнің президенттік саясатының жарқын көрінісіне айналды. Мемлекет Басшысының сындарлы саясатының арқасында ел ішінде қалыптасқан өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету біздің еліміздің, біздің қазақстандық үлкен отбасының рухани қағидаты болып қалыптасты. Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қол ұшын созып, иық тіреп көмек көрсету–Дала халқы үшін жазылмаған заң. Мұндай дүниетанымның негізінде адамға деген шынайы құрмет қалыптасқан. Отанымыздың тарихы мен жинақтаған тәжірибесінен асқақ гуманизмнің, адал ниет пен шынайы ризашылықтың мыңдаған дәлелдерін көруге болады. Алғыс айту күні, Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер–патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады. Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, мұғалімдерімізге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз.
Сахнадан шалықтаған әсем ән мен тәтті күй арасында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қазақ халқына шексіз алғыс айтқан ақжарма тілектері ақтарылып жатты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА