Жуырда Ақтау қалалық «Арман» жастар орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру мақсатында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Екі қолға күрек таба алмай жүрген жандарға 15 мекеме 209 бос жұмыс орнын ұсынды. Оның ішінде «Қала жолдары» МКБ, «Айгөлек» балабақшасы, «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС, «Ерсай» Каспиан Констрактор» ЖШС сынды кәсіпорындары бар.
-Жәрмеңкеге жұмыс табуды көздеген мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысуда. Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында жиналған мекемелер жұмыссыздардың түйіндемелерін қабылдап, қандай бос жұмыс орындары барын, мекеме қызметін, міндетін егжей-тегжейлі түсіндіріп, кеңестерін аямай беруде. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, шарадан тыс қалмай, жастар көптеп келді. Жәрмеңкеге қатысқан мекемелер программист, монтер, дефектолог, логопед, бағбан, фармацевт, тәрбиеші, стоматолог, психиатр сынды білім, денсаулық сақтау саласына қажетті мамандарға зәру. Өткен жылы орталықтың мұрындық болуымен 5 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп, нәтижесінде 500-ден астам жас жұмыспен қамтылды. Биыл да жұмыссыз жастардың қатарын азайтуды жоспарлап отырмыз,-деді Ақтау қалалық «Арман» жастар орталығында кәсіпкерлікті қолдау және жастарды жұмыспен қамту бөлімінің жетекшісі Жұмагүл Сәтенова.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор