Ақтау стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің көші-қон полиция тобы тарапынан ағымдағы жылдың басынан бастап ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 32 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның басым бөлігі жолаушылар пойызында анықталған.
Заң бұзушылыққа барған мигранттардың 1-еуі ҚР аумағынан тысқары шығарылса, 3-еуіне ескерту беріліп, 6-ына 34035 тенге мөлшерінде айыппұл салынған. 22-сі әкімшілік қамауға алынған.
— Жыл басынан мұндай көрсеткіш, әрине, аз емес. Сондықтан Көліктегі ішкі істер Департаментінің талабы бойынша ақпан айының 15-17 аралығында «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Сондай-ақ көші-қон полиция тобының өз міндетіне сай Бейнеу станциясы арқылы транзитпен өтетін халықаралық бағыттағы жолаушылар пойыздары мен Ақтау қаласындағы әуежайда шетел азаматтарының ҚР заңдылықтарын сақтауын, елімізге келу, тұру ережесінің бұзбауы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылғы жедел шараның бірінші күні түске дейін 10 шетел азаматының ҚР аумағында жүріп-тұру ережелерін бұзғаны анықталды. Оның 8-і Бейнеу станциясында, 2-еуі халықаралық әуежайда кездесті. Еліміздегі көші-қон заңдылығын бұзған шетелдіктің 9-ы Өзбекстан, 1-еуі Грузия азаматы болып шықты. Олардың құжаттарын тексеру барысында уақытша тұру мүмкіндігінен 5-6 айға дейін асып кеткендері де болды. 1-еуіне айыппұл салынса, 9-ы әкімшілік қамауға алуға сотқа жолданды,-дейді Ақтау стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің көші-қон полиция тобының аға инспекторы Асылбек Юсупов.
Жалпы, бөлімнің көші-қон полиция тобымен өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабына сәйкес шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 468 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар Ресей, Әрмения, Грузия, Тажікстан, Әзірбайжан, Түркия және басым бөлігі Өзбекстан азаматтары.
Осындай заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында ұйымдасытырылып отырған "Мигрант" жедел шарасы биылғы жыл басынан бері бірінші рет өтуі екен. Оған желілік ішкі істер бөлімінің 20-ға жуық қызметкері жұмылдырылған.
— Өткен жылғы дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 517 бабының 1-бөлігімен 17 шетел азаматына, 2-бөлігімен 223, 3-бөлігімен 29, 4-бөлігімен 188, 5-бөлігімен 4, 6-бөлімімен 5, 7-бөлігімен 2 әкімшілік құжат жасақталып, заңды шешім қабылданды. 34 шетелдікке әкімшілік жолмен ел шекарасынан тысқары шығару жазасы тағайындалды. Бұл азаматтар енді 5 жылға дейін қайта келе алмайды,-дейді ақпарат беруші.
Асылбек Юсуповтің айтуынша, былтырғы жыл қорытындысында ҚР Қылмыстық Кодекісінің 392-бабына сәйкес, яғни ҚР Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткені үшін Өзбекстанның 2 азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Аталған 2 құқық бұзушы да "Бейнеу-Қоңырат" бағытында жолаушылар пойызының жолаушылары болған. Тәртіп сақшылары оларды Оазис станциясында әшкерелеген.
Шахида Жұман