«Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұханбет Жайлыбаев азаматтарды қабылдау өткізді.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер және сауда басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық ұйымы, «Даму» және кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, банктер өкілдері қатысқан шарада қабылдауға келген тұрғындар өздерінің шешімін таппай жүрген мәселелерін айтып, тиісті мамандардан кеңес, бағыт-бағдар алды.
Айталық, Қамила Төлеева өзі тұратын 11-ші шағын аудан, 33-үйден шаштараз ашқысы келеді. Қаражаты да бар. Көпшілік жүретін жақтан есік ашу және үйдің артқы бетін кеңейту жайы шешілмей тұр. Тұрғындардың 80 пайыздайы «қарсы емеспіз» деген келісімін берген. Келісімге 100 пайыз қол қойдыру мүмкін емес нәрсе. Өйткені, кейбір пәтерлерде адам тұрмайды немесе уақытшы жалға алғандар. «Үйдің барлық тұрғындарының келісім керек» деген нұсқау қаншалықты қисынға келеді. «Мен өз подъезімдегі тұратындардан түгел келісім алдым, сол үйде тұратындардың басы көпшілігі қарсы емес. Ендеше, қалаған жерімнен неге есік шығара алмаймын?» дейді ол. Қағаз қатталып, кәсіпкер Қ.Төлеева Ақтау қаласы әкімінің қабылдауына жазылатын болды. Үміт бар, мәселе шешіліп қалар.
Кәсіпкер Нұрлан Шыңбаев Ақтау-Құрық тас жолының 20 шақырымы маңында жылыжай салмақ. Төрт пайызбен жиырма миллион теңгедей несие алғысы келеді. «Ал болмаған жағдайда Фортебанктегі артық жатқан 20 миллион теңгемді қайтарып алуыма көмектесіңіз» дейді. Кәсіпкер бұл банкке қарызы жоқ, бұрын алған несиесін уақытында қайтарған. Кепілге қойған мүлкінің бағасын есептегенде ол емес, банк қарыздар болып отыр.
Банк өкілі бұл мәселені зерттеп, астанадағы бас кеңсемен байланысып, жауабын беруге уәде етті. Кәсіпкерді банктің облыстық филиалы басшысы, облыстық мәслихат депутаты Абат Өрбісіновтың қабылдауына жаздыруға, жалпы бұл мәселенің түйінін шешу бағытында жұмыстануға «Нұр Отан» өкілі Мұханбет Жайлыбаев уәде етті.
Жетібайлық, екінші топтағы мүгедек Мерей Бекежановтіың Ақшұқыр ауылынан спорт әуесқойлары үшін жаттығу залын ашу -арманы. Әрине қаражаты жоқ, жері тағы жоқ. Қоғамдық қабылдауға келген банк, қорлар, «Атамекен» өкілдері алдымен оқуды аяқтап, дипломға қол жеткізуі, сосын өзінің меншігіндегі немесе жалға алған жері болуы керектігігін, жеңілдікпен несие алу жолдарын түсіндірді.
Батыр ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Гүлсара Дәулетбаева тауық, бөдене ұстағысы келеді. Жері, шағын болса да салған баспанасы бар. « Қолымда 1 топтағы мүгедек балам бар, қайтарымсыз несие ала алмай жүргеніме алты жыл болды» дейді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қоры» өкілі 3 миллион теңгеге дейін 6 пайыздық несие ұсынды. 4 пайыздық несие алу мүмкіндігі жайында да әңгіме болды. Бірақ қайткен жағдайда да «судың да сұрауы бар» дегендей кепілдік мүлік керек. Тұрақты жұмысы жоқ, мүгедек баласы бар әйел қайтара алмайтынын айтып, мұндай несиелерден бас тартты. Ал гранттық несиенің берілуі тәртібі, өз шарттары Г.Дәулетбаеваның мақсат-жоспарына сәйкес келмейді. Міне, осындай жағдайлар түсіндірілді. Жалпы, бұл қабылдауға келген азаматтар «4 немесе 6 пайыздық жеңілдетілген несиені қалай алуға болады, мөлшері қандай, әйел кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер қаралып отыр, «Бизнестің Жол картасы -2020» бағдарламасында кәсіпкерлерге қандай қолдау-көмек жасалмақ, кәсіп ашамын дегендерге не көмек жасалады?» деген сауалдарға жауап алды. Әр саланың тиісті мамандарын қатыстыра отырып, осындай кездесулер өткізудің пайдасы аз болмаса керек.
Болат ҮМБЕТОВ