©
Аптаның сейсенбі күні облыс әкімі Алик Айдарбаевтың қатысуымен Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловтің халық алдындағы есепті кездесуі өтті. Қала басшысының жылды қорытындылау жиналысына ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Аманғалиев, қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, мемлекеттік орган өкілдері, облыстық және қалалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты. Кездесу жергілікті «Қазақстан-Жаңаөзен» арнасынан тікелей эфирде көрсетіліп, Call-орталық жұмыс жасады.
Демографиялық өсімі жоғары мұнайлы қала Жаңаөзенде жасалып жатырған жұмыстар ауқымды, қордаланған проблемалар да жоқ емес. Бірақ, кез-келген мәселенің шешімді жолын қарастыру жолға қойылған. Тіршілік бар жерде әртүрлі қажеттіліктер бой көрсететіні анық. Бір тұрғынды жол мәселесі толғандырса, енді бірін ауыз су тапшылығы, үшінші адамды жұмыссыздық мәселесі қажытады. Бұл мәселер бойынша атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсаттар жөнінде қала әкімі Е.Әбілов баяндамасында кеңінен таратып айтты.
Қала басшысының айтуынша, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 117,1 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 86,1%-ды құраған. Есепті кезеңде барлығы 5 555,0 мың тонна шикі мұнай, 312,9 млн. текше метр табиғи газ өндірілген. Сондай-ақ, қаладағы құрылыс жұмыстары көлемі ұлғайып, 108,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, яғни 2015 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17%-ға өскен.
- Жаңаөзен қаласы бойынша 2016 жылы атқарылған шаралардың барлығы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары, Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы, Елбасының Жолдауы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары және салалық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жүргізіліп, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталды, - деп атап өтті Е.Әбілов. - Өткен жылы негізгі капиталға 18,8 млрд. теңге инвестиция салынып, 2015 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 83,5% болды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11,5%-ға артты, шығарылған өнімнің көлемі 30,3 млрд.теңгеге жетті. Сәйкесінше,бұдан бюджетке 8,1 млрд. теңге түсім түсіп, 2015 жылмен салыстырғанда 26,5%-ға артты. Сонымен қатар, халықтың әлеуетін арттыру мақсатында әлуметтік нысандар қолданысқа беріліп, жаңа және өтпеліжобалар жүзеге асырылды.
2016 жылы қала бюджетінің шығысы 16,1 млрд. теңге жоспарға қойылып, 15,7 млрд. теңгеге орындалған. Қаржының басым бөлігі, қаланың білім саласына, яғни қала бюджетінің 49,7 пайызын құрайды, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Ал, 2017 жылға қалалық бюджет 14,3 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Жалпы, есепте келтірілгендей өткен жылы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, әлеуметтік салаларды қолдау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылған.
Жұмыссыздық есебіне жыл басында 5 938 адам тіркеліп, есепті жыл бері 3 903 жаңа жұмыс орны құрылған. Жыл ішінде 3 342 жұмыссыз әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған, яғни 1 631 адам тұрақты жұмысқа, 1292 адам қоғамдық жұмысқа, 240 адам әлеуметтік жұмысқа, 179 адам жастар практикасына жолданған. Жыл соңында жұмыссыздық есебінде 1 480 адам тіркеуде тұрып, жұмыссыздық деңгейі 3,0 пайызды құраған.«Өзенмұнайгаз» АҚ-ы мен оған қарасты мекемелерде жұмысқа қабылдауға мораторий жариялануына байланысты, тұрақты бос жұмыс орындарына сұраныс жоқ. Осы бағытта қала әкімдігі мен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы басшылығы арасында 50х50 бағдарламасы жасалып, бос жұмыс орындары пайда болған жағдайда жартысын қалалық жұмыспен қамту орталығында тіркелген халықтың осал тобына жататын азаматтарды жұмысқа қабылдау келісілген. Осыған сәйкес, жұмыссыздарды іріктеп, бақылау мақсатында 22 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған болатын. Бүгінгі күнге дейін аталған топтың келісімімен сұранысқа сәйкес, 45 адам «Маңғыстау Сервис Компании» ЖШС-на жұмысқа жолданған, оның 18-і балалар үйінің түлектері, 14-і тұлдыр жетім, 13 адам мүжәлсіз отбасынан. Қала әкімі алдағы уақытта сұраныс болған жағдайда бөлімде кезекте тұрған азаматтар осы тәртіппен жұмысқа жолданатынын жеткізді.
Қала әкімінің есебі тыңдалған соң кездесуде қатысушылар тарапынан су, тұрғын үйлерге бейнекамера орнату, жұмыссыздық, жер, жарық қоғамдық көліктерге т.б. қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Қалалық жеке пәтер иелері кооперативтері төрағасы Түгелбай Тауымбаев қала әкіміне «Көктем» шағынауданының №18, 19-шы үйлеріне орнатылған бейнекамера жүйесін қала бойынша көбейту ұсынысын білдірді. Бұл - қала үшін барлық жағынан тиімді болмақ. Тазалық сақталып, қаладағы қылмыстың ашылуына, төмендеуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, қала тұрғыны Орынбасар Құлбеков Қарақия ауданына қарасты ипподромды Жаңаөзен қаласына өткізу мүмкіндігі қарастырылса, ат спортын дамытуға серпін болатындығын жеткізді. Жаңаөзен политехникалық колледжінің директоры Тілектес Болатбаева қала ауруханасын бүйрек тазалайтын гемодиалез аппаратымен толықтыру ұсынысын айтты. Сонымен бірге, ақпараттық сайт жетекшісі Мұрат Бекмағанбетов тек қазіргі таңдағы "INBET" кеңселерінің азайып, кешегі бой көтерген мешіттің қаламызға көрік беріп тұрғанын айта келіп, сайт оқырмандары атынан сауал жолдады. Сонымен бірге есеп беру жиналысына қала тұрғындары тарапынан Саll - орталыққа келіп түскен сұрақтар жіктеліп, тікелей көрсетілім арқылы қала әкіміне жолданды. Өз кезегінде қала әкімі әрбір берілген сұраққа нақты жауабын берді. Ал, қосымша қарауды, қаржыландыруды талап ететін сауалдарға бақылау жасап, қарастырылатындығын жеткізді.
Дәстүрлі есепті кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысы бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға шолу жасады.
- Республика бойынша облысымыздың жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіне Жаңаөзен қаласының да өзіндік үлесі бар. Тәуелсіздік жылдары ішінде қаланың жеткен жетістіктері де айтарлықтай. Мәселен, халық саны үш есеге өсіп, 142 мың адамды құрап отыр. Нәтижесінде Рахат ауылы құрылды, 8 мектеп, 10 балабақша, 2 спорт кешені т.б. іске қосылды, - деді А.Айдарбаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі биыл Рахат ауылының жолы басталатынын және ауыз су мәселесін шешу мақсатында су тұщыту зауытын салу, Ақтау-Жаңаөзен арасында су құбырларын жүргізу мәселесі қаралатындығын айтып өтті.
- Кендірліде су тұщыту зауытын салу бойынша үш-төрт жылдан бері «Өзенмұнайгаз» АҚ-ымен келесім жүргізіліп жатыр. Бірақ, нақты шешімі табылған жоқ. Егер бұл мәселе аталмыш компаниямен шешілмесе, облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, екі қаланың ортасында су құбырлары жүргізіледі. Содан соң зауытты Құрықтан болсын, Кендірліден болсын қарастырып салынатын болады, - деді облыс әкімі.
Жиын соңында қала әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріліп, Е.Әбіловке Жаңаөзен қаласында 5 негізгі мәселе бойынша жұмысты назарда ұстауды тапсырды. Олар, макроэкономикалық көрсеткіштерді қатаң бақылауда ұстау, инвестициялық жобаларды уақытылы және сапалы жүргізу, инфрақұрылымды дамыту, тазалық және жұмыссыздық мәселесін қадағалау жұмыстары.
Жазира Ақбергенова