Бұл жайында облыстық туберкулезге қарсы диспансері бас дәрігерінің орынбасары Құндыз Киркимова мәлімдеді. Жалпы жыл басынан бері Маңғыстауда құрт ауыруымен ауыратын жаңадан 32 адам есепке алынған. Оның 34-і ересектер. Ал, 2016 жылдың осы кезеңінде 38 науқас тіркелген болатын.
— Облыста науқас саны төмендегенімен сырқаттанушылық деңгейі өсті. 2016 жылдың қаңтарында Ақтау қаласы бойынша алты науқас анықталса, биыл 11 тұрғын құрт ауыруымен тіркелді. Облыста туберкулезбен ауыратын 18 жасқа дейінгі 4 бала есепте тұр. Жалпы науқастардың басым көпшілігі-Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданынан есепке алынған. Айта кету керек, аймақта құрт ауыруы 19,4 пайызға төмендеді... Туберкулездің алдын алудың аса тиімді тәсілдерінің бірі халықты профилактикалық медициналық тексеру болып табылады. Туберкулезді рентгенологиялық әдіспен көкірек қуысын флюрография және рентгенологиялық әдіспен зерттеу арқылы анықтауға болады. Сондықтан да облыстық диспансері арнайы ашық есік күндерін және жылжымалы флюрографиялық кешен арқылы тұрғындарды тегін тексеруден өткіземіз. Мұндай шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылады. Біз үшін емдеу емес, аурудың алдын алу маңызды,-дейді Құндыз Киркимова.
Құрт ауруларының төмендеуі бойынша республикалық көрсеткіште Маңғыстау облысы үшінші орынға жайғасқан. Бірінші, екінші орындарды Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары иеленген. Жалпы республикада туберкулезбен ауыратын 722 адам есепке алынса, аталмыш дерттен өткен жылы 46 адам көз жұмған.
Венера МИРЛАН