Аймаққа арнайы сапармен келген Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков пен Михаил Бортник «премиум» санаттағы бұрандалы-бөлшекті құбырлар шығаратын зауыттың жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. «Қазақстан Пайп Трэдэрс» ЖШС зауытымен кездесуде Елбасы Жолдауының негізі ережелерін, Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін түсіндірді.
Құны 40 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба өткен жылдың күз айында жұмысын бастады. Зауыт алғашқы өнімін биылғы жылдың көктемінде көршілес Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына жөнелтпекші. Бүгінде мұнда 45 жергілікті маман еңбек етеді. Жұмысшылардың біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдау үшін Румынияда арнайы оқу курстары ұйымдастырылған. Онда мамандар заманауи технологиялармен жұмыс жасауға машықтанған.
– Қазіргі таңда Қазақстанда «Тенгизшевройл», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындарынан шығатын мұнайларға біздің елімізде шығарылатын құбырлар стандарт бойынша келінкіремейді. Себебі ол жердің тереңдігі үлкен, 2-4 мыңға дейін барады. Сондықтан да италияндық құбырларды қолдануға мәжбүрміз. Бұған дейін құбырлар Италиядан, Бразилиядан тасымалданатын болса, бүгінгі таңда 25-30 пайызға дейін өздерімізде өңделуде. Бүгін жұмысымен танысқан зауыт та мұнай-газ саласындағы кен орындарында бұрғылау жұмыстарына қажет түрлі көлемдегі құбыр шығаруда. Бұл үлкен бастама. Жалпы инновацияның жаңалықтары осылай басталады. Алдымен 25-30 пайызы, кейін 40, 50, 60 болып жалғаса береді. Бұл жерде қолданып отырған технологияларының бәрі Президентіміздің тапсырмасы бойынша жасақталған соңғы заманауи инновациялық құрал-жабдықтар. Бұл кез-келген жерде кездеспейтін техникалар және осы техникаларды меңгеру біздің қазақстандық мамандарға бұйырып тұр. Және де шығарылатын құбырлар мұнай кен орындарындағы сұранысқа сай. Қазір металл шикізаты шетелден жеткізілсе, алдағы уақытта қазақстандық үлес артатын болады деп сенемін,-дейді Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков.
Кәсіпорын басшылығы жылына 45 мың тонна құбыр шығаруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта отандық өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, 20 пайызы экспортқа жөнелтілмекші.
Венера МИРЛАН