Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында ана мен балаға көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында аймақта акушер-гинекологтарға арналған апталық оқыту ұйымдастырылды. Облыстық перинаталдық орталығының конференция залында өткен оқытуда Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушерлік және гинекология бөлімінің жетекшісі Талшын Үкібасова мен медицина ғылымының кандидаты, профессор Балкенже Иманқұлова дәріс оқыды. Оған аймақтың 60-тан астам акушер-гинекологтары қатысып, тәжірибиелі мамандардан дәріс алып, білімдерін толықтырды.
- Басты мақсат-дәрігерлердің білімін жетілдіру, жергілікті аналар мен нәрестелердің денсаулығына байланысты мәселелерге көңіл бөлу. Сондықтан біз 32 дәрігерді бір цикл бойынша, 30 дәрігерді екінші цикл бойынша оқытып, шеберліктерін шыңдап жатырмыз. Жалпы маңғыстаулық дәрігерлердің білім деңгейі жаман емес. Десе де, біздің міндетіміз өзекті деген мәселелерге көңіл бөліп, оның шешу жолдарын қарастыру. Оның ішінде әйелдің денсаулығы, әсіресе жүктіліктің алдындағы дайындыққа көңіл бөлу. Өздеріңіз білесіздер бала туу көрсеткішінен республика бойынша Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Сондықтан да жергілікті қыз-келіншектер бала өмірге әкелгенде жас арақашықтығына көп көңіл бөлмей жатады, яғни ананың ағзасы толықтай қалыптасып үлгергенше, екінші баласын көтеріп қоятын жағдайлар көп кездеседі. Оның өзі баланың денсаулығына әсер етеді. Сол себептен де бүгінгі оқытуларда аналардың жүктіліктен кейінгі денсаулығын қалыптастыруға, жоспарлы жүктілікке көп көңіл бөліп жатырмыз,- дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушерлік және гинекология бөлімінің жетекшісі Талшын Үкібасова.
Т.Үкібасованың айтуынша, маңғыстаулық аналарда қан аздық, қалқанша бездің патологиясы, қант диабеті сияқты аурулар жиі кездеседі. Өмірге бала әкелетін жастағы аналардың 80 пайызға жуығы қан аздығына шалдыққандар. Аналардың денсаулығының нашарлығынан ағзалары жан-жақты жетілмеген, аурушаң, әлсіз сәбилер дүниеге келетіні жасырын емес. Тіпті, соңғы кездері уақытынан ертерек босанатындар да кездесіп жатады. Сондықтан да жергілікті дәрігерлерге жоғарыда атап өткен сырқаты бар әйелдерді жүктілікке қалай дайындау керектігін үйретіп, тәжірибелі дәрігер ретінде кеңесін айтты.
- Бүгін төртінші күн қатарынан білімімізді жетілдіріп жатырмыз. Күн сайын денсаулық саласында да жаңашылдықтар орын алып жатады. Сондықтан да оқытудан біздің жұмысымызға қатысты көптеген мағұлматтармен қанықтым. Ана мен бала денсаулығын сақтау, жоспарлы жүктілік, жүктілік кезінде кездесетін аурулармен күресу бағытында біраз тың ақпараттар алдым. Осындай игі шараны ұйымдастырған денсаулық сақтау басқармасына, облыстық перинаталдық орталық басшылығына ризашылығымызды білдіремін. Апталық оқуда үйренгендерімді жұмыс барысында қолданатын боламын,-дейді Қарағия аудандық орталық ауруханасының гинеколог-дәрігері Динара Айбекова.
Бүгінгі таңда облыстық перинаталдық орталықта 20 акушер-гинеколог еңбек етеді. Жыл басынан бері мұнда 500-ден астам бала өмірге келген. Оның 1-уі үшем.
Венера МИРЛАН