©
Республика соттары «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысының Жолдауын орындауға шұғыл түрде кірісіп кетті. Жолдауда мемлекет басшысы еліміздің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндетін қойды.
Халыққа арналған құжатта еліміздің бүгінгі күнге дейінгі жетістігін екі жаңғырту кезеңіне бөлген екен. Біз осы жылдары өмірлік және халықаралық тәжірибеде үлкен сабақ алдық, баға жетпес тәлім жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастамақпыз.
Елбасы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, макроэкономикалық тұрақтылықты қалыптастыруға, білім беру, денсаулық сақтау жүйелерінің рөлін өзгертуге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске баса мән берген. Осының әрбірі өз алдына бір басымдық ретінде ұсынылып, кең ауқымды міндеттер жүктелген.
Жолдау жарияланысымен ҚР Жоғарғы Сотында жедел кеңес өтіп, қандай міндеттерді қай мерзімде шешу мәселелері талқыланды. Соттар жолдаудағы барлық маңызды басым бағыттарды іске асыруға белсене атсалысатын болады.
Аталған жолдауды Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты ұжым арасында талқылап, ең бірінші кезекте тұрған міндеттерге назар аударды. Яғни, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жүргізу, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері сөз болды.
Біздің алдымызда тұрған тағы бір міндет – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту. Бұл індеттің алдын алуда бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Сот жүйесінде қолға алынған ашықтық пен жариялылық қағидасы, ең алдымен, осындай қылмыстың алдын алуға бағытталған. Ақпараттар мен ғаламтордың кең өріс алып, дамыған кезеңінде әр іс ашық жүргізіліп, көпшіліктің назарында өтетіні белгілі. Сонымен қатар, соңғы жылдары мемлекет басшысының тікелей тапсырымен барлық мемлекеттік органдарда, соның ішінде соттардың да ғимараттарының ішкі-сыртқы бөліктерінде бейнебақылау қондырғылары, сот залдарында дыбыс-бейне жазба қондырғылары 100 пайыз орнатылды.
Біз дамудың даңғыл жолына түскен, бағдары айқын, бағыты анық, болашаққа деген нақты жоспары мен міндеттері бекітілген елміз. Сол сияқты, еліміздің тәуелсіз сот жүйесі де ұзақмерзімді жоспар жасақтай отырып, оны жүзеге асыруда нақты реформаларды қолға алып отыр. Біз ширек ғасыр ішінде толағай табыстарға қол жеткізіп, егемендігімізді әлемге паш еттік. Жаңа кезеңге қадам баса отырып біз артқа көз салар болсақ, қадамын нық басқан, құлашын кеңге сермеген егемен елді көреміз.
Сол елдің үшінші билігі болып бекітілген сот тармағы тәуелсіз және әділетті екендігіне ешкімнің шүбәсі болмаса керек. Себебі біздің халықаралық деңгейдегі дәрежеміз осыны дәлелдейді. Айталық, Қазақстан Республикасы «Сот тәуелсіздігі» көрсеткіші бойынша 2014 жылы әлем елдері арасында 86-орынға тұрақтап, соңғы үш жыл ішінде өз көрсеткішін 25 позицияға жақсартты. Ал тәуелсіз, көпсалалы «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымының дерегінше, 2015 жылы заң үстемдігі туралы әлемдік рейтингіде (The Rule of Law Index 2015) біздің еліміз 65-орынға табан тіреді. Яғни, ұлттық сот жүйесі алдыңғы жылмен салыстырғанда, өз көрсеткішін алты позицияға жоғарылатқан. Бұл рейтинг әр елдің негізгі 8 көрсеткіші бойынша, соның ішінде заңның сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі бойынша анықталады. Ал, осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.
- Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз! – деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауын қорытындылаған еді. Сол айтпақшы, елдің әрбір азаматын болашақ ұрпақ қамы үшін өз ісін адал атқарып, елдің дамуына тамшыдай болса да таза үлес қосуға шақырамын. Бұл біздің азамат ретіндегі және адам ретіндегі борышымыз!
Азат Избасаров Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы