©
Беташар сөз
"Ашық қоғам" - «Маңғыстау» газетінің бейсенбі сайын шығатын арнайы беті. Жаңа айдар арқылы оқырман халық көтерген қоғамдағы ең өзекті, ең көкейкесті мәселелер мен тақырыптарға назар аудармақ ниетіміз бар.
Уақыт, заман талабымен өзгеріп, өркениетті әлемге қарай бағдар алған қоғамда барынша ашықтық пен жариялылық, әділеттілік орнағанда ғана заңсыздықтар мен қылмыстарға қолайлы көлеңкелі тұстар азайып, қалтарыс-қуыстарға жарық түсіп, ұрлық-зорлық,күмән-күдік азаяр деген халықтың сенімі бар. Шындық жасырылған немесе оның бетіне шымылдық ұсталып, көзбояшылық жасалған жерде – адамдардың арасында сенімсіздік пен наразылық, қоғамдық қайшылық туады. Ал, оған дер кезінде назар аударылмаса – арты адам болжап білмейтін ауыр зардаптарға соқтыратыны шындық!.. Қазақ мұндайға «ауруын жасырған – арам өледі!» деп бекер айтпаған!..
«Сын түзелмей - мін түзелмес» демекші, әзірше арнайы бір бет берілген айдар ауқымында ортақ өмір-тұрмыста кездесетін, тіршілікте тап келетін түйткілдерді, өлке тұрғындарын алаңдататын әр түрлі өзекті мәселелерді қозғап, көпшілік оқырманмен бірге талқылап, білікті мамандардың салмақты ой-пікірлерін жарияласақ деген ниетіміз бар. Әрине, қоғамдық пікірдің тиісті орындарға жетуі үшін ойлы оқырманның қосары көп деп сенеміз.
* * *
Беттің сауалы
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Марал Қадырға
Маңғыстау аймағының ел бойынша туу көрсеткіші бойынша алдыңға орында келе жатқаны қуанышты жағдай. Алайда өңіріміздегі жаңа ұрпаққа өмір сыйлаудан үмітті екіқабат аналардың арасында «өлі бала» туатын оқиғалар мен бала туу жасындағы жас келіншектердің арасында бұрын көп кездеспейтін түсініксіз жатыр аурулары көбейіп кетті деген жайсыз сөздерді халықтың аузынан жиі еститін болып жүрміз. Бұл туралы құзырлы орындар мен жауапты лауазымды тұлғалар не дейді?.. Оған не себеп?.. Жауап күтеміз.
КӨКӨНІС ҚОЙМАСЫН САЛУҒА нендей кедергі бар?..
Облыстық кәсіпкерлікті қолдау басқармасы басшысы Венера Мұстапаеваға
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Болат Ерсайынұлына
Көкөніс пен жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерінің тоқсан пайызы (одан көп болмаса – аз емес шығар! – М.Ж.) сырттан әкелінетін су көзі тапшы шөлейтті аймақ саналатын Маңғыстауда қатшылық мәселесін шешудің бір тетігі – сыйымдылығы үлкен қойма салу мәселесі екендігі рас. Қоймалар көбейсе, халықты көкөніспен қамтуда іркілістер де азайып, бағалар да тұрақталар еді. Тиімділігін білген жергілікті кәсіпкерлер еліміздің топырағы құнарлы, сулы аймақтарынан арнайы жер алып, көкөністер мен түрлі дақылдар егіп өсіруді және Ақтауға әкеліп, бұзбай ұзағырақ сақтап, қолжетімді бағамен сатуды жүйелі жолға қояр еді. Бұл бағытта сөз қозғалып, жоба-жоспарлар жайында айтылып жүргеніне де аз уақыт өткен жоқ. Әзірше нәтиже көрінбей тұр. Оған не себеп, не кедергі келтіріп тұр? Біздер бүкіл ел болып бұл шаруаны еңсере алмай жатқанда, әзірбайжандық кәсіпкерлер әлдеқашан еркін экономикалық аймақ аумағынан «Азерсун» аталатын қойма базасын салып алып, жұмысын жүргізіп, табысын еселеуде. Бұған жауапты орындар мен басшы-мамандар не айтады?
Дайындаған Мұрат ЖЕТЕКБАЙ