Ақтаудағы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ 172/10 түзету мекемесінің 13 жазасын өтеушісі ҚР Рақымшылық туралы Заңы бойынша рақымшылыққа ілініп, өтелмеген мерзімдері қысқарды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қабылданған құжат негізінде қате қадам басып, опық жегендерге жеңілдік жасалып, бостандыққа бір табан жақындады.
Рақымшылық заңының 4 бабы бойынша ауыр қылмыстары үшін сотталған азаматтар назарға алынды. Осы баптың 1 тармағының күші қолданылмайтын, ауыр қылмыс жасағаны үшін темір торға қамалғандарға қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің төрттен бірі қысқартылды.
Облыс орталығындағы ГМ 172/10 түзету мекемесінде түрлі қылмыстары үшін сотталған және тергеуге алынған 200 азамат бар. 90 адам ел Заңын белшесінен басып, қоғам тәртібін бұзып және тұрғындар тыныштығын алғандары үшін жазаларын өтеуде.
Бірқатары ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Соңғы жылдары ауыр қылмыс санатына жататын тонау, ұрлық және алаяқтық деректері көбейіп барады. Түрмеде есірткі сатқандар, адам өмірін қиып, аса ауыр күнәға батқандар да бар. Оларға рақымшылық жасалмайды,- дейді қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ 172/10 түзету мекемесі бастығының орынбасары Әділхан Ерғалиев. Рақымшылық Заңына 5 жыл мерзімге дейін бірінші рет сотталған азаматтар ілінді. Жаңсақ қадам басқандары үшін бас бостандықтарынан айырылып, мекеменің шаруашылық бөлімінде жұмыс жасайтын 30 жазасын өтеушінің 13-іне рақымшылық жасалды.
Олар Заңның 4 бабының 2 тармағына сәйкес жаза мерзімдері қысқартылды. Олар ауыр қылмыс жасағандықтан бостандыққа бірден шыға алмайды, тек жаза өтеу мерзімінің төрттен бір бөлігі азайды. Қазіргі уақытта 10 сотталушыға қатысты іс сотта қаралып, төртеуі қанағаттандырылды. Тағы 3 жадыхат алдағы уақытта қаралатын болады. Бұл сотталушылардың барлығы қылмыстары арқылы келтірілген залалды толық өтеп, түрме қабырғасында үлгілі мінезімен, жақсы жұмысымен көзге түсіп жүргендер,-дейді қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ 172/10 түзету мекемесінің бөлім бастығы Сәкен Жарылқапбаев. Рақымшылыққа ілінгендердің бірі – М. есімді жазасын өтеуші. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабының 3 бөлігі бойынша яғни алаяқтық жасағаны үшін 3 жылға түрмеге тоғытылған.
ҚР Президентінің Жарлығымен жарияланған Рақымшылық Заңына мен де ілініп, менің өтелмеген жаза мерзімімнің 6 ай 5 күні алып тасталды. Алдағы уақытта құқық бұзушылыққа бармауға, тек түзу жолмен жүруге тырысамын. Елбасына зор алғысымды айтқым келеді. Шынымды айтсам, мен алаяқтық жасаған жоқпын, бір азамат тақырға отырғызып кетті. Әрине, сол үшін ол да сотталды,-дейді ол. Ата-анасының тәлім- тәрбиесін алып өскен М.-ның екі бірдей жоғары білімі, отбасы және 3 баласы бар. «Түрме қабырғасында отбасымды сағынып, көп нәрсені түсіндім. Бар арманым- тезірек бостандыққа шығу. Адам өлтіріп, немесе жас баланы зорлап түрмеге түскенім жоқ. Сондықтан бұл менің қате қадамым, Алланың сынағы деп ойлаймын. Жылқы екеш жылқы да сүрінеді, адам қателеседі ғой. Өз балаларымды ата-анамнан алған тәрбием бойынша өсіргім келеді» дейді жазасын өтеуші.
Б. есімді сотталушы ҚР Қылмыстық кодексі 24 бабы 3 бөлігі, 366 бабының 2 бөлігімен 4 жылға түрмеге түскен. Пара алуға оқталу дерегі бойынша ол 2015 жылы ақпан айынан бері қамауда отыр.
- Күні кеше жаза мерзімінің төрттен бір бөлігі яғни 7 ай 6 күні қысқарды. Енді 1 жыл 8 айдан соң бостандыққа шығамын. Өзімнің темір торға қамалуым туралы айтсам, алғашында мен алаяқтық дерегі бойынша ұсталдым, кейін маған қылмыстық сөз байласты деген айып тағылды. 76 күн қамауда отырған соң, 2015 жылы 6 мамырда мен бостандыққа шықтым. Екі ай іс тоқтап, тергеу аяқталды. Одан кейін мені пара алды деп айыптап, іс сотқа жіберілді. Ақырында, пара алғаным дәлелденбей, мені пара алуға оқталды деп шешті. 4 жылға соттау себебі – маған өз кінәсін мойындамады деген айып тағылды. Өзім құқық қорғау саласында 14 жыл жұмыс істедім, бірақ, бірде-бір адамның пара алуға оқталды деп сотталғанын естіген емеспін. Сотқа дер кезінде барлық дәлелдемелер ұсынылды. Бірақ, Мұнайлы ауданының соты менің айғақтарым мен дәлелдеріме қарамай, шешімді біржақты шығарды деп санаймын. Мен кінәсізбін!-дейді Б. есімді сотталушы.
М. есімді 26 жастағы азамат төбелес үшін жалпы режимге 3 жылға сотталған. 9 айдан бері түрмеге отырған оның мерзімі 7 айға азайды.
- Жас жігіттермен төбелесіп қалдым. Олар төртеу болатын. Өздері ішіп алып, маған орынсыз тиісті. Мен өзімді қорғау мақсатында қарсы тұрдым. Бір-екеуі ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Маған кешірім бермеді. Осы жағдайға түскеніме қатты өкінемін,-дейді жазасын өтеуші.
Ал, Д. есімді азаматша 4 баланың анасы. Алаяқтық жасап, түрмеге түскен.
- Жолдасым жоқ, екі балам кәмелет жасқа толмаған. 1 жыл он айға қысқарды. Отырғаныма 10 ай отырдым. Қателік шығар, алаяқтықпен айыпталдым. Балаларым келіп тұрады, қатты сағынамын, олардың қасында болғым келеді. Сотталғаныма, олардан жырақ жүргеніме қатты өкінемін,-дейді ол.
Ресми мәліметтер бойынша, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Рақымшылық туралы заң аясында ел түрмелерінде түрлі қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатқан 1800 адам бостандыққа шығып, 30 мыңдай сотталушыларға жеңілдіктер беріліп, жаза өтеу мерзімдері қысқаратын болады.
Анар ШАМШАДИНОВА