Жаңа жылдың алғашқы күні орны толмас қасірет әкелді. Қарағанды облысының Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентінде бес қабатты тұрғын үйдің бір кіреберісі опырыла құлап, бірнеше адам қапыда қаза тапты.
Төтенше оқиға туралы хабар Шахтинск қалалық төтенше жағдайлар бөліміне 1 қаңтар күні 22 сағат 45 минутта келіп түскен. Кейінірек белгілі болғандай, апат салдарынан тоғыз адам мерт болған. Апат болған жерде құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті билік органдарының өкілдері, медициналық жедел жәрдем дәрігерлері, Ұлттық ұланның сарбаздары, барлығы 286 адам және 55 арнайы техника жұмыс істеді.
Апаттық-құтқару жұмыстары барысында үйінді астынан төмендегі марқұмдардың мүрделері табылды: В.М.Андропов, 1981 ж.т., О.В.Андропова, 1988 ж.т., Е.В.Андропова, 2016 ж.т., В.И.Галышев, 1960 ж.т., А.А.Галышев, 2010 ж.т., Т.К.Кан, 1953 ж.т., В.С.Михайлов, 1956 ж.т., Е.Ю.Алексеенко, 1989 ж.т., В.В.Алексеенко, 2016 ж.т. Қарап отырсаңыз, кейбіреулері бір отбасының адамдары.
Сондай-ақ, құтқарушылар қиранды астынан 1984 жылы туған азамат А.В. Галышевты аман алып шықты. Ол түрлі жарақаттармен Қарағандыдағы Мақажанов атындағы ауруханаға жеткізілді.
Апат үйдің жертөлесіндегі дербес жылу қазандығының жарылуы салдарынан болған. Қазіргі уақытта апаттың нақты себеп-салдарын анықтау жұмыстарымен ведомствоаралық комиссия айналысып жатыр. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің басшылығымен арнайы құрылған жедел штаб төтенше оқиғаның зардаптарын жою жұмыстарын үйлестіріп, үлкен шаруаларды атқарып жатқанын да айта кеткен ләзім. Жергілікті билік орындары апат болған үйдің баспанасыз қалған тұрғындарына кенттегі балабақшадан жылы орын дайындап, ыстық тамақ беру шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар, бұл жерде қайтыс болған тұрғындардың туыстарына психологиялық көмек көрсету қызметі де қарастырылған.
Жалпы, апаттық-құтқару жұмыстары кезінде 6 адам құтқарылып, 10 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Төтенше оқиға орын алған жерде жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылып, апаттың себеп-салдарын тексеру жөніндегі облыстық комиссия құрылған. Шахтинск қаласы әкімінің шешімімен жергілікті аумақта төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік орындары қаза тапқан тұрғындардың туыстарына марқұмдарды жерлеу бойынша көмек көрсету шараларын өз мойнына алды.
«Бұрын бүкіл кентті бір ғана қазандық жылытатын, – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов. – Кейін соның бәрі қожырап, қазандық жабылып, тұрғындар үйлерін өз білгендерінше жылытып келген. Кейінгі уақытта, бір үйдің жертөлесіндегі жылыту жүйесі 19 үйді жылытып келген. Ал басқа үйлердің тұрғындары тіптен пәтер ішінен пеш салып алған. Осы мәселені шешу үшін Қарағанды облысының әкімдігі Шахан кентінде орталықтандырылған жылу жүйесін құру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасауға 2013 жылы қаражат бөлген болатын».
А.Ляпуновтың айтуынша, Экономика министрлігіне 2015, 2016 жылдары тиісті тапсырыстар берілген. Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттаманың құны 2014 жылы 2,8 млрд теңге шамасында болса, 100 үйді жылыту үшін Ұлттық экономика министрлігіне берілген тапсырыс құны да сол мөлшерде болған.
«Дайын жобаны биыл республикалық деңгейде тағы да қозғаймыз. Қаражат болмаса, тағы бір жылға кейінге ысырғаннан басқа амалымыз жоқ. Шахан кентінің бір ыңғайсыз жері – мұндағы үйлер мен басқа да нысандар шашыраңқы орналасқан. Сондықтан ортақ қазандық, жалпыға бірдей жылу жүйесін орнату қиын. Керекті қаржы бөлінген күннің өзінде оның құрылысына біршама уақыт керек», – дейді А.Ляпунов.
Облыс орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Шахан кентінде 8 мыңнан астам халық тұрады. Сонша халықтың неше жылдан бері жылу зардабын тартып келе жатқанына кім кінәлі?! Соны жоғары басшылар білуі үшін міндетті түрде үй құлап, кісі өлуі керек пе еді!?..
Қазіргі таңда жылу қазандығы жарылған үйде Қазақстан қайта құру және даму көп салалы институты (ҚазҚДКИ) зерттеу жүргізіп жатыр. Мекеме басшысы Жұмағұл Нугужиновтің айтуынша, бұл жұмыстар бірер күннің ішінде аяқталуы тиіс.
Жарылыс болған үйді әрі қарай пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылдау және оның қираған бөлігін бұзу ҚазҚДКИ сарапшыларының қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал техногендік сипаттағы төтенше оқиға салдарынан келген зардаптың мөлшерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қаза болғандарды жерлеу рәсіміне кететін шығындарды Қарағанды облыстық әкімдігі өз мойнына алды. Сондай-ақ, жергілікті билік әрбір қаза болған жан үшін олардың туыстарына 1 млн теңге, ал зардап шеккендердің әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді.
Сонымен қатар, басына іс түскен тұрғындарға көмек ұйымдастыру үшін Шахан кентінде гуманитарлық көмек қабылдайтын арнайы бекет ашылды. Мұнда Қызыл Жарты Ай қоғамынан азық-түлік жеткізілді, сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұрғындардан заттай көмек түрлері түсе бастады. Жақын арада зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету мақсатында қоғамдық қор құрылып, арнайы есепшот ашылмақшы. Бұдан бөлек, өңір басшысы облыстағы дербес жылу жүйесі және жеке қазандықтары бар басқа да көп қабатты үйлердің барлығына тексеру жүргізу туралы тапсырма берді.
Шахан кентіндегі үйдің құлауына орай қылмыстық іс те қозғалды. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, төтенше жағдайға қатысты іс ҚР ҚК 292-бабының 3-тармақшасы («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан іс-әрекет») бойынша қозғалған. Бүгінге дейін белгілі болғандай, құлаған үйде апат орын аларда электр жарығы болмаған. Яғни, қысымды реттеуші сорғы жұмыс істемегендіктен, артық қысым қазандықтың күлін көкке ұшырған. Дегенмен, мұның өзі әзірге болжам ғана. Енді бәрін арнайы құрылған комиссия мен қылмыстық іс қозғаған жауапты орган анықтамақ.
Кеше Шахан кенті мен оған іргелес жатқан Сарепта ауылында апаттан ажал құшқан жандарды жерлеу рәсімі өтті. Азалы жиында облыс басшысы сөз сөйлеп, марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ, ол төтенше оқиғадан зардап шеккен отбасылардың көмек пен қамқорлықтан кенде болмайтынын атап өтті.
Ресми дерек бойынша, жарылған 60 пәтерлі үйде осы күнге дейін 118 адам тұрып келген. Опырылған подъезде 30 адамдай тұрған. Олардың үштен бірі өмірінің соңғы сәтінде не болғанын түсінбей де кетті-ау!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ Дереккөз: Еgemen.kz