Облыста көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы құрылып, жұмысын бастады. Федерацияның президенті болып, бірауыздан Бибігүл Төлегенова сайланды.
Қазақтың бұлбұлымен аттас Бибігүл Төлегенова дзюдо күресінен талай халықаралық жарыстарда топ жарып, елінің намысын абыроймен қорғаған жан. Жастайынан спорт залға барып жаттығып, әке үмітін, бапкер сенімін ақтаған аруымыз қазақ қыздарының ішінен алғашқылардың бірі болып, әйелдер арасында дзюдо күресінен КСРО-ның спорт шебері, бірнеше дүркін ҚР чемпионы атанды. Спортта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген Бибігүл Төлегенова 1995 жылы кезекті жарыста жарақат алып, боз кілеммен қоштасып, бапкерлікке бет бұрды. Оралда, Өскеменде, Қарағандыда дзюдодан бапкер болып жұмыс жасады. Бірнеше шәкірт тәрбиелеп, ел чемиондарын шығарды. Бүгінгі таңда ол облыс орталығындағы «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
— Мен көркем гимнастиканың кәсіби маманы болмасам да, облыста жыл бойы өткен жарыстарды сырттай бақыладым, зерттедім, қазылар алқасының құрамында болып, қыздарымыздың өнеріне баға бердім. Ендігі мақсатым-өңірде осы спорт түрінің қарқынды дамуына үлес қосу. Әр бапкер еңбегінің жемісі-Қазақстан Республикасының чемпионын шығару және сол чемпионның шет елде өтетін жарыстарға қатысуына жағдай жасау. Айта кету керек, облыста көркем гимнастикадан осы уақытқа дейін бірде-бір ҚР чемпионатында топ жарып, Азия, Әлем чемпионаттарына жолдама алған қыз болған жоқ. Сондықтан да облыста көркем және эстетикалық гимнастиканы көтеру үшін федерация құрып, алдымызға үлкен жоспарлар жасақтадық. Гимнасшы қыздарымызға арнап, жаттығатын құны 4 миллион теңге тұратын екі үлкен кілем сатып алдық. Алдағы жылы тамыз айында өңірде халықаралық жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қаңтар айының 3-14 аралығында «Каскор-ТрансСервис» АҚ мекемесінің спорт кешенінде семинар өткізу жоспарымызда бар. Семинарды өткізуге облыстық спорт басқармасы ұйытқы болып отыр. Астанадан білікті мамандарды шақырып, жаттықтырушыларымыздың шеберліктерін шыңдап, білімдерін жетілдіргіміз келеді. Жақында көркем гимнастикадан облыстық турнир өткіздік. Жарысқа қатысқан 50-ге жуық қыздарымыздың арасынан «үздіктерді» анықтадық. Олар ақпан айында Шымкент қаласында өтетін ҚР-ның чемпионатына жолдама алды,-деген Бибігүл Төлегенова аймақта 1200 қыз бала көркем гимнастикамен айналысатынын атап өтті. Оларға білікті алты бапкер дәріс беретінін, алдағы жылы аудан орталықтарынан да көркем гимнастиканың секцияларын ашу жоспарда екенін жеткізді.
Жаңа жыл қарсаңында облыстық көркем гимнастика федерациясының ұйымдастыруымен алғашқы басқосу өтті. Оған өңірдегі көркем гимнастиканың жаттықтырушылары мен спортшылар қатысты. Жиында көркем гимнастиканы дамыту бағыты сөз болып, шараны ұйымдастырушылар «саусақ бірікпесе, ине ілікпейтінін» айтып, жаттықтырушыларды күш-жігерді біріктіріп, жұмыс жасауға шақырды.
— Құрметті көркем гимнастиканың облыстағы жаттықтырушылары Сіздердің бірігіп жұмыс жасағандарымыз барлығымызға абырой. Өздеріңіз де білесіздер, облыста көркем гимнастиканың даму бағыты өте баяу. Біздің қазіргі мақсатымыз-облыстың көркем гимнастикасын Қазақстан құрамасының үштігіне кіргізу. Республикалық, халықаралық жарыстарда өңір намысын қорғап, жүлделі орын алатын қыздарымызды дайындау. Ол облыстағы қай мектептің түлегі екені маңызды емес, «мықты гимнасшы» болса, біз оған барынша қолдау көрсетеміз. Осы кезге дейін Сіздердің бастарыңызды қосып, біріктіріп жұмыс жасататын, шет елге жарысқа шығуға қолдау көрсететін федерация болған жоқ. Сондықтан да облыстық көркем гимнастика федерациясының құрылуы Сіздерге өте тиімді деп есептеймін. Барлығыңызды облыстың абыройы үшін бірігіп жұмыс жасауға шақырамын,-деді жиында сөз алған облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов.
Жиын соңында жыл бойына табысты еңбек етіп, аймақ намысын республикалық, халықаралық жарыстарда абыроймен қорғаған дзюдо, самбо күресі мен у-шу, қойын-қолтық спорт түрлерінің бапкерлері мен спортшылары алғысхаттармен марапатталды.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ