Ақтауда Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында дәстүрлі «Жыл адамы» облыстық байқауының қорытындысы мәлім болып, түрлі сала бойынша үздіктер анықталды. «Нұрплаза» мейрамханасында өткен кеш барысында облыс әкімі Алик Айдарбаев жеңімпаздарды құттықтап, олардың аймағымыздың экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жолында тер төгіп, еңбек етіп жүргендіктеріне алғысын білдірді.
«Жыл адамы» облыстық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып, Жаңа жыл қарсаңында қорытындыланады. Оған түрлі салаларда көп жылдардан тер төгіп, өз кәсібінің маманы атанғандар қатысады. Биылғы үміткерлердің бірі - Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Әділет Қабылов болатын. Филиология ғылымдарының кандидаты, профессор Әділет Дыбысовтың ғылыми және оқытушылық тәжірибесі 31 жыл. Бірқатар ғылыми еңбектер мен кітаптардың авторы ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқар сәтте «Жыл ғалымы» атанды.
Азды-көпті еңбегімізді ескеріп, қолдау көрсетіп жатқандық деп санаймын. Тек менің ғана емес, университеттің ғалымдары мен оқытушыларына, ғылымның қиын жолында жүрген азаматтарға қолдау. Мұндай марапат бізді алдағы уақытта бұдан да жақсы жұмыс істеуге, ғылыми әлеуетті дамытуға серпін береді деп сенемін,-деді Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Әділет Қабылов. Ғалымның айтуынша, облысымызда ғылым саласында көптеген азаматтар жұмыс істеуде. Мемлекетімізде ғылымды дамыту мақсатында үлкен жобалар қолға алынуда. Өкініштісі, жас буын өкілдері ғылымнан алшақтап, ақшасы көп, бизнес пен мұнай саласына кетіп жатыр. Талантты жастар ғылымға көңіл бөлулері тиіс. Өйткені, Қазақстанның болашағы ғылым мен білімде.
2016 жылдың үздігі дәрігері ретінде облыстық балалар ауруханасы травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Құрман Қайранов танылды. Соңғы бір жылда оның қатысуымен 600-ден астам күрделі ота жасалған. 2016 жылы Құрман Айғалиұлы Ақтауда өңештің туа біткен ақауына эндоскопиялық жолмен ота жасап, нәрестенің өмірін сақтап қалады. Бұл еліміз бойынша осы аурудан сәтті жасалған алғашқы ота болатын. «Жылдың үздік медбикесі» атағына Бейнеу ауданына қарасты Тұрыш ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық бөлімшесінің қызметкері Нәзира Еркебаева ие болды. 28 жылдан бері шалғай жатқан елді мекендер мен Матай, Шағырлы-Шөмекей мал шаруашылықтарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде алдына жан салмай келе жатқан еңбекқор медбике 5 баланың анасы. Ал, «Жылдың үздік мәдениет және өнер қызметкері» атағына Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының әртісі Медғат Өміралин лайық болды. Әртіс театр қойылымдарында және «Кәусар», «Күләш» фильмдерінде бас рөлдерді сомдап, көрермендер ықыласына бөленіп жүр.
- Бұл менің ғана жеңісім емес, өнердің, Н.Жантөрин театрының марапаты деп қабылдаймын. Өнерді бағалап жатқандарына мың да бір алғыс айтамын. Бұл өнер адамдарын жігерлендіріп, шабыттандырады! Барша қазақ елін, Маңғыстау жұртын табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!-деді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының әртісі Медғат Өміралин.
«Жылдың ерлігі» аталымына ие болған Бейнеудегі Ж.Қалдықараев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Ғалымжан Күзембаевқа сыйды облыс әкімі Алик Айдарбаевтың өзі тапсырды. Қаймықпастан қалың өртке еніп, 3 баланы аман алып қалған жас батырдың ісі нағыз ерлікке пара-пар. Аймақ басшысы жеңімпаздарды құттықтап, ел игілігіне еңбек етудің ең асыл іс екенін атап өтті.
- Көзді ашып-жұмғанша 2016 жыл да аяқталуға жақын. Биыл Ұлы күн-Ұлттық мереке Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы атап өтілді. Бұл бізге тарихи күш, үлкен серпіліс берді. Қазақстан – болашағына сеніммен қарайтын мемлекет болып қалыптасты. Бұған қазақстандықтардың барлығы атсалысты. Ерік-жігер танытып, туған жері үшін тер төккен еңбекқор жандардың есімі ел жадында бола бермек. Ал, ел игілігі үшін еңбек ету – асыл іс. Еңбекқорлық пен отаншылдық сезіммен күн демей, түн демей жұмыс істейтін жерлестеріміз жетерлік. 2016 жылды абыроймен шығарып салып, алдағы жылды жақсылықпен қарсы алайық! Жаңа жылдарыңызбен! - деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымына «Тimur academy» офлайн және онлайн білім орталығының директоры Тимур Бектұр ие болса, «Жыл журналисі» болып «7292info.kz» және «Ogni.kz» сайттарының редакторы, блогер Айгүл Дәден, «Жылдың фермері» болып Маңғыстау ауданындағы «Мәтжан» фермерлік шаруашылық қожалығының басшысы Қыдырқожа Манаш, «Жылдың меценаты» болып жеке кәсіпкер Айтқали Тілеумағанбетов, «Жыл мұнайшысы» болып «Қаражамбасмұнай» АҚ мұнай өндіру цехының операторы Ақмұрат Атшыбаев, «Жыл мұғалімі» болып Ақтаудағы №13 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мейрамгүл Тұрбекова, «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері» болып Қарақия аудандық жұмыспен қамту және азаматтық актілерді тіркеу бөлімінің әлеуметтік қызметкері Гүлбану Махамбетова танылды.
Анар ШАМШАДИНОВА Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="17081,17087,17091,17064,17077,17078,17082,17090,17075,17067,17071,17066,17063,17061,17060"]