©
Абай атындағы Мәдени-демалыс кешенінде өткен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып салтанаттта Ақтау қаласы әкімі Серікбай Тұрымов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен марапатталған, қала, аймақ экономикасының дамуына лайықты үлес қосқан, түрлі салада қызмет жасап жүрген 43 адамға «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, 20 адам Ақтау қаласы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Көпшілікті аймақ басшысының атынан Маңғыстау облысы мәслихаты хатшысы Бекмұрат Жүсіпов құттықтап, жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылап, белсенділігімен көріне білген бірнеше еңбек озатына Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Облысымыздың дамуына айрықша үлес қосқан бес азаматқа- қоғам қайраткері, кәсіпкер Меңдеш Салиховқа, құрылысшы Жаңабай Сүйіндіковке, «Каспий аймақтық комбинаты» музейі директоры Марат Шушақовқа, ардагер-дәрігер Аманқос Шаухамбердиевке, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер Петр Долматовқа «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
— Ақтау көз алдымызда қанат жайып,дамыды. Басшылық қызметтерде жүріп, қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қостым. Әлі де жастарға ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар беруге дайынмын. Біздің ісімізді сіздер жалғастырып жатырсыздар. Біз жастарға сенім артамыз. Тәуелсіздігміздің 25 жылдығы құтты болсын. Қаламыз көркейе берсін! –деп Меңдеш Халелұлы ризашылығын жеткізді.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Қала өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.
Болат Үмбетов