©
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара облыстық ішкі істер департаментінде болып өтті. Мәртебелі мереке қарсаңында аймағымыздың тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қырағылықпен қамтамасыз ететін құқық қорғаушыларды департамент басшысы Қайрат Дәлбеков құттықтап, бірқатар полицейлерге мемлекеттік марапаттар мен Құрмет грамоталарын тапсырды.
Ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрам қызметкерлері қатысқан шара барысында «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық салтанатты жиыннан» тікелей көрсетілім ұйымдастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасы тыңдалды.
Елбасымыздың «Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік-сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап осынау жылдар ішінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді», сондай-ақ, «Біз өз мемлекетімізді өзіміз ғана көтеруіміз керек», «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Биік белестерді бағындырып, үлкен мақсаттарға жетуде алға, Қазақстан!» деген жалынды сөздері құқық қорғаушылардың жігерлерін жанай түсетіні анық. Осыдан соң сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков полицейлерді ел үшін маңызды мерекемен құттықтады.
Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі құтты болсын! 25 жыл ішінде еліміз әлемге танылып, халықтың әлеуметтік тұрмысын түзеп, экономикада бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында алға қарыштаған Қазақстанның бүгінгі келбетімен мақтанамыз. Ел дамуына құқық қорғаушылардың қосқан үлесі зор деп білемін, — деді Қайрат Дәлбеков.
Мереке құрметіне жеке құрамдағы 1080 қызметкер мемлекеттік марапаттар мен Құрмет грамоталарына ие болды. Солардың бірі – облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Амангелді Халмұратов. Ол «ҚР Тәуелсіздігіне-25 жыл» мерекелік медалі мен «Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері» кеуде белгісімен марапатталды.
Мереке құрметіне екі бірдей мемлекеттік марапатқа ие болдым. Өте қуаныштымын! Басшылық тарапынан бұлайша елеп-ескеру адамның көңілін көтеріп, жұмысқа деген құлшынысын арттыра түседі екен. Туған елге адал қызмет етуді одан әрі жалғастыра беретін боламын, — дейді Амангелді Хайырмұхамедұлы. 20 қызметкер қоғам қауіпсіздігі үшін оққа тосатын кеуделеріне «ҚР Тәуелсіздігіне-25 жыл» мерекелік медалін тағынса, бірқатар полицейлер ҚР Ішкі істер министрі мен облыстық ішкі істер департаментінің басшысының Құрмет грамоталарын алса, келесілері «ІІ дәрежелі Ішкі істер органдарының үздігі» атағын алды.
Еліміздің ең басты мерекесінің құрметіне аймағымыздағы құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайту, қылмыспен күресіп, тыныштықты сақтауға елеулі үлес қосып жүрген 1 мыңнан астам полицейлер марапатталып, ақшалай сыйақы алды. Мақсатымыз — өзінің қиын да күрделі мамандығына адал қызметкерлерді қолдау, олардың қызметіне алғыс білдіру,-дейді облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Бөкен Жұмағали.
Анар ШАМШАДИНОВА