Ақтауда еліміздің батыс өңірі бойынша жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында І аймақтық «Әбіш оқулары» байқауы болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткен шараның мақсаты - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаев шығармаларын оқушылар арасында насихаттау, туындылардың көркемдік ерекшеліктері мен бай сөз қоры арқылы жас ұрпақтың ой-танымын кеңейту, олардың өзіндік көзқарастарын қалыптастыру.
Республиканың батыс өңірі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген 10 оқушыдан тұратын төрт топ екі күн бойы білімдерін ортаға салды. Қатысушылар Әбіш Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер сайысы, шығармаларды мәнерлеп оқу, туындыларды зерделеу жобалары, жас дарындар жарысы және сахналық қойылым бойынша шеберліктерін танытып, ізденімпаздықтарын көрсетті. Алғашқы аймақтық Әбіш оқуларының ұйымдастырушысы - облыстық білім басқармасы.
- Байқауға қатысушылардың көбісі ер балалар, ынталары өте жоғары. Үміткерлер шығармаларды жатқа оқып, қойылымдағы рөлдерін үлкен әсермен орындауда. Келешекте бұл аймақтық байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, республикалық көлемде Әбіш Кекілбаевтың туған жері - Маңғыстау ауданында өткізіледі жоспарланып отыр, - дейді облыстық оқу әдістемелік және қосымша білім беру орталығының директоры Б.Құсайынова.
Байқауға Әбіш Кекілбаев шығармаларын зерделеу жобалары бойынша қатысып, «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар» тақырыбында ізденіп жүргендердің бірі – Бейнеу ауданы, Қарақұм орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дана Жөкенова. Аудандық сайыс боларда мектеп мұғалімі «Әбіш шығармаларын зерттеуге кім қатысады?» деп сұрағанда Дана жұрттың бәрінен бұрын қол көтерген.
Әрине, мен ол кезде Әбіш әлемінің осыншама күрделі де қызықты екендігін білген жоқпын. Кейін «Үркер» романын зерттеуге бет бұрғанымда, қатты ойландым, көп толғандым. Бір кездері Әбіш шығармаларын зерттеуді неге ертерек қолға алмадық деп өкіндім. Егер 2-3 жыл бұрын қолға алған кезде, абыз ағамен кездесер ме едік, тірі кезінде тілдесер ме едік деп қиналдым. Тақырыпты зерттеу оңай болған жоқ, кейде түнімен кітап бетін ақтарып шығатынмын. Бірақ, өзіме жаңа деректер, тың дүниелер тауып, талпына түсіп, өзіме күш жинағандай болдым,-дейді Д.Жүкенова.
Ал, Батыс Қазақстан облысынан келген Ақмарал Мақсотова ғылыми жұмысына Әбіш Кекілбаевтың нақыл сөздерін тақырып еткен. «Бұл тақырыпты алған себебім - Әбіштің шығармалары кеңге танылып, көпке таралғанымен, нақыл сөздері жайлы халық көп ештеңе білмейді, басылым беттерінде жарық көре бермейді», дейді ол.
- Мен үшін бұл тақырып өзекті көрінді. Нақыл сөздерді жинақтап, топтарға бөлдім. Маған әсіресе «Тарих қанмен жазылып, қанмен түзетіледі», «Ақиқаттың мекені жүрек, оған кеңістіктің бетіндегі бардың бәрі сияды», «Шыдау керек, шыдай жүріп, шыңдалу керек. Жылай бермей, жұбану керек. Жұбана жүріп, әуелі жан сақтауға, жер сақтауға жетілу керек» деген астарлы ой айтылған сөздер қатты ұнайды. Бұл нақыл сөздер жас ұрпақ үшін маңызды, - дейді Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Қызылтал жалпы білім беру мектебінің 11 сынып оқушысы А.Мақсотова.
Заманымыздың заңғар тұлғасы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев шығармашылығын зерттеу оңай емес, туындылардың тереңге үңіліп, маржанын теру көп еңбек пен ізденісті талап ететіні сөзсіз. Дегенмен, алғашқы аймақтық байқауға қатысушылардың аяқ алыстары жаман болмаған. Ұйымдастырушылар оқушылардың Әбіш әлеміне деген құлшынысы мен ұмтылысын жоғары бағалап отыр. Қазылар алқасының шешімімен Әбіш Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер байқауынан Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, №47 жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Сәкен Жұмабаев озып шығып, мәнерлеп оқудан Батыс Қазақстан облысы, Жаңақал ауданы, С.Меңдешов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 11 сынып оқушысы Есей Ибрайкулов, зерделеу жобалары байқауынан Ақтөбе қаласы, №56 орта мектептің 10 сынып оқушысы Әдия Ғабиденова жеңімпаз атанса, жас дарындар байқауында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, М.Бегенов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Сұңғат Амангелдиевтің абыз ағаға арнауы үздік деп танылды. Әбіш Кекілбаев шығармаларынан сахналық қойылым байқауында «Абылай хан» драмасынан үзінді қойған Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Теректі лингвистикалық гимназиясының оқушылары І орынға ие болды.
Анар ШАМШАДИНОВА