Кітаптар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Балаларға кітап сыйлайық» акциясы аясында жиналды.
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай қарашаның 28-29-ы күндері дәстүрлі «Балаларға кітап сыйлайық» акциясын өткізді. Шарадан жиналған 210 кітапты Мұнайлы ауданындағы №11 және №12 жалпы білім беру мектептерінің кітапханасына сыйлады.
- «Балаларға кітап сыйлайық» акциясы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сәтті қолданылып келе жатқан тәжірибе. Бұл шара мектебімізде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Акцияның басты міндеті балалар оқып болған кітапты сөреге шаң бастырып жинап қоймай, басқа да оқушыларға оқуға мүмкіндік беру, - дейді зияткерлік мектеп кітапханашысы Жанар Бахитова.
Қызықты акцияға арналған кітаптарды жинау 1 қараша мен 25-қараша аралығында жүрді. Бұл аралықта оқушылар мен мектеп ұжымы өздері оқып болған кітаптарын әкеліп, жаңа оқырмандарға арнап хат жазды. Жиналған оқулықтар арасында ғылыми энциклопедиялар, ертегілер, сөздіктер, қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті туындылары бар. Қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі кітаптармен бөліскен оқушылар, оқырмандарға пайдалы болады деп үміттенеді.
- Біз сыйлаған кітаптар арасында жазушы, еліміздің қоғам қайраткері, Маңғыстаудың тумасы Әбіш Кекілбаевтың шығармалары бар. Біздің ойымызша, Әбіш атамыздың шығармаларын барлығымыз оқуымыз керек. Әр шығармасы тарих пен танымға тұнып тұр. Сіздерге жазушының шығармалары ұнайды деп үміттенемін, - деді зияткерлік мектеп оқушысы Ақбота Жанысбай жаңа достарына.
Мұнайлы ауданында бір жыл бұрын оқушыларға білім бере бастаған №11 және №12 орта мектептеріне кітап сыйлау Маңғыстау облыстық білім басқармасы мен зияткерлік мектеп арасындағы келісілген меморандумға сәйкес таңдалып алынды.
- Зияткерлік мектеп секілді жаңа бойы көтерген мектептердің кітапханасына балалардың қызығушылығы арта түседі деп сенеміз,- дейді кітапханашы Жанар Бахитова.
Айта кетейік, өткен жылы зияткерлік мектеп 200 кітап жинап, Ақтау қаласындағы №11 мамандандырылған физика-математика бағытындағы мектеп пен Форт-Шевченко қаласындағы М. Горький атындағы орта мектебінің оқушыларына сыйлаған болатын.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі