Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасымен біргеміз» атты аудандық мерекелік шара№5 орта мектепте салтанатты түрде өтті. Өнерпаздар патриоттық ән мен жырдан шашу шашса, мемлекеттік қызметкерлер өз қызметіне адал болуға ант берді. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойымен тұспа тұс келген мерекелік кешке тұрғындар мен аудан әкімі бастаған аудан белсенділері белсене қатысты.
Көңілді жиынның шымылдығын аудан басшысы Н.Тәжібаев ашып, халыққа арнаған жүрекжардысын білдірді. «Осыдан 25 жыл бұрын тәуелсіздігін жаңа ғана алған қазақ елі үшін ерекше тебіреніске толы айрықша күн туды. Қазақстан халқы Н.Ә.Назарбаевқа тағдырын табыстап, ел тізгінін сеніп ұстатып, ақ киізге көтерді. Ал уақыт Елбасы бастаған Қазақстанның ұлы жеңістерін көрсетті. Яғни, көшінің түзу, көкжиегінің шуақты, бағытының дұрыс екенін айғақтады. Еліміз үшін күрделі кезеңдерде Мемлекет басшысы халқының бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр- қайратымен еңбек етті. Республикамыздағы ұлттарды бір тудың астына біріктірді. Бірлігі жарасқан ел жаһанданудың қазіргі жағдайына жедел бейімделе алды. Жыл өткен сайын экономикамыз нығайып, әлеуметтік сала да жедел даму үстінде",-деп атап өткен Н.Төлегенұлы ауданның жан-жақты дамуы жолында түрлі саладан тұрып өз үлестерін қосып жүрген азаматтарды облыс әкімі А. Айдарбаевтың және өзінің Алғысы хатымен марапаттады. Қаржы саласының мамандарына облыстық қаржы басқармасының басшысы М.Альбекованың Құрмет грамотасын табыстады. Сонымен қатар, ауылдың, ауданның гүлденуі жолында еңбегі сіңген 12 адамға Маңғыстау ауылының 50 жылдығына арналған төсбелгіні тақты.
Шахида ЖҰМАН