Бұл жайында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ХХV есеп беру-сайлау конференциясында айтылды. Конферения жұмысына аймақ басшысы Алик Айдарбаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев бастаған, барлығы 400 делегат қатысты.
Алдымен «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алик Айдарбаев облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуының бірқатар маңызды салалары жөнінде баяндады. Сонымен қатар қарашада республика Парламенті қабылдаған Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация туралы пікірін білдіріп, бұл мемлекеттік маңызы зор тарихи құжатта көрсетілгендей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарындағы орасан зор еңбегін атап өтті.
Облыс басшысы Алик Айдарбаев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында, биыл жобалық құны-9,6 млрд. теңге болатын Боржақты-Ерсай темір жол желісінің құрылысы аяқталғанын, Құрық паром кешенінің бірінші кезеңінің ағымдағы жылдың желтоқсан айында, «Шетпе-Жетібай-Ақтау» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарының келесі жылы аяқталатындығын хабарлады.
— Білім беру саласы бойынша үш аусымдық білім беруді жою мақсатында инвесторлар есебінен Форт-Шевченко қаласындағы 550 орындық мектеп-интернаттың құрылысы , «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Бейнеу селосында 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сонымен бірге, осы жылы Жетібай ауылында 280 орындық балабақша салынды. Жаңаөзен қаласында 320 орындық балабақшаның құрылысы басталды, — деді облыс басшысы А. Айдарбаев.
Өңір басшысының айтуынша, аймақта табиғи газ өндірісі 16,4%-ға өсіп, өңірімізде 2,1 млрд. текше метр газ өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі де тұрақты дамуда, өсу динамикасы 17,6% немесе 92,9 млрд. теңгені құраған. Биылғы жылы құны 88,6 млрд. теңгені құрайтын, жаңадан 628 жұмыс орны құрылатын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 4 жоба жүзеге асып, пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін қалған жобалар да іске қосылады деп күтілуде.
— Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында, бүгінгі таңда біз үшін ең негізгі индикатор – бұл жұмыссыздық деңгейін бірқалыпты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру. Шағын компанияларда, бұлар негізінен сервистік кәсіпорындар, қысқарту фактілерінің орын алғанына қарамастан, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі жыл басынан бері 5,1% көлемінде сақталуда. Облысымызда 22 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды мамандықтар бойынша оқыту, қайта даярлау арқылы жалпы жұмыссыздар санын азайту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Біздің негізгі міндетіміз – бұл өңір кәсіпорындарында жаппай қысқартуларға жол бермеу. Бүгінгі таңда ондай деректер облысымызда тіркелген жоқ,-деген обылс әкімі А. Айдарбаев, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға осы жылы 20,6 млрд.теңге бөлінгенін, Ақтау қаласында 150 орындық Ана мен Баланы қорғау орталығының құрылысы аяқталғанын атап өтті.
Сондай-ақ жиында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңесінің есепті мерзімде атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Партия аймақтық және аумақтық филиалдарының қызметі партияның және Елбасы, Партия Төрағасы бекіткен «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасының негізінде жүзеге асырылып жатқандығын айтты. «Биылғы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Маңғыстау облысына 20 жобаны іске асыруға 44 млрд.теңге бөлініп, 9 айдың қорытындысы бойынша оның 62% игерілгенін, жыл аяғына дейін 100 пайызға игеру жоспарланғанын жеткізді.
Халила Нұрғалиева әсіресе партияның қоғамдық қабылдауында мәселе көтеріліп, «Нейрон» медициналық орталығының базасында мүмкіндігі шектеулі балаларға стационарлық, амбулаториялық және хирургиялық көмек көрсету бөлімі ашылғандығын,бұрын осындай ем үшін Астана қаласындағы оңалту орталығына облыстан айына 15 балаға ғана квота берілсе, «Нейрон» базасында ай сайын 150 бала ем алуға қол жеткізгендігін атап өтті.
— Сонымен қатар, Ақтау қаласының тұрғыны А. Дүйсенбаева дәрігерлердің қателігінен мүгедек болып қалған баласына көмек сұрап арызданған. 10 млн-ға жуық қаржылай көмек жинап Мәскеуге, Оңтүстік Кореяға емге апаруға мүмкіндік жасалды, — деген Халила Нұрғалиева, бүгінгі таңда облыста 599 жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала есепте тұрғанын жеткзіді. Оның 37-сі бала патронаттық тәрбиеде, 107-сі бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Екі жылдық жасалған жұмыстар нәтижесінде 66 бала өз отбасын тапқан. Оның 16-сы қамқорлыққа, 4-і патронаттықта, 14-і асырап алынған, 32-і бала өз отбасыларына қайтарылған.
Облыста атқарылған жұмыстарға оң баға берген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев қазіргі таңда барлық аймақта екі жылда бір рет ұйымдастырылатын есеп беру-сайлау конференциясын өткізу науқаны жүріп жатқанын және ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғанын атап өтті. Құрылғаннан бері 17 жылдың ішінде мемлекетіміздің аяққа тұруына, еліміздің өсуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына партияның қосқан үлесі зор екенін жеткізді.
— Биыл жыл басынан бері партия идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық және жастар мәселесі бағыттары бойынша 9 жобамен жұмыс жүргізіп келді. Енді жобаны азайтып, жұмыс ауқымын кеңейту бағытында шаралар қолға алынуда. Бұл үшін әр жобаның жаңадан концепциясы жасақталады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихты дәріптеу мақсатында партияның «Ұлы дала елі» жобасы «Ұлы дала қазынасы» деп аталатын болады. Бүгінде жобасы жасақталып жатыр, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асырылады. Облыстардағы идеологиялық жұмыстар осы жобаның аясында жүргізілуі керек. Елімізде жастардың жұмыссыздығы мәселесі өзекті болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, партия бұл мәселені шешуді биылдан бастап нақты қолға алды. Шынын айту керек, тексеру, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бірде-бір мемлекеттік органда мектеп түлектерінің қайда жүргені, немен айналысып жатқаны жөнінде мәліметтер болмай шықты. Үш-төрт айдың ішінде егжей-тегжейлі тексеріс жүргізіп, 51397 баланы тізімге алдық. Олар еш жерде қадағалаусыз қалған балалар, бүгінде әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізілуде. Оларды жұмысқа тұрғызу, оқыту шараларын қолға алатын боламыз, — деді Қаныбек Жұмашев.
Шараның күн тәртібіне сай партия филиалының саяси кеңес бюросы мен бақылау-тексеру комиссиясына мүшелері бекітілді. Мұнан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан партия мүшелері мен үздік бастауыш партия ұйымдарының төрағалары марапатталды. Партия хатшысы Қаныбек Жұмашев «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының алғысхаттарын тапсырды. Өз кезегінде облыс әкімі Алик Айдарбаев жаңадан партия қатарына алынған мүшелерге партия билеттерін табыстап, Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан партия мүшелерін алғысхаттарымен марапаттады.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН