Мәскеуде бір аптаға созылған самбодан өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі додадан маңғыстаулық балуан, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің самбошысы Айболат Мұратұлы топ жарып, қос медальдың иесі атанды. Жерлесіміз әмбебап жекпе-жектен күміс және самбодан қола медальдарды қоржынға салды.
15-21 қараша аралығында өткен байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Болгария, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Иран, Финландия, Латвия барлығы 22 мемлекеттен 238 балуан қатысты. Олардың арасынан әмбебап жекпе-жектен +95 келі салмақта еліміздің намысын қорғаған Айболат Мұратұлы жеңімпаз атанып, күміс медальдің иеленді. Жерлесіміз ирандық, латвиялық, белоруссиялық қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Шешуші сәтте ресейлік балуанға есесін жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты.
— Жарысқа Маңғыстаудың атынан жалғыз өзім қатыстым. Жарыстың алғашқы күні самбодан өткен белдесуде қола медальді иелендім. Жарыстың екінші күні әмбебап жекпе-жектен өткен кездесуде күміс медальді еншіледім. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрама командасы екінші орыннан көрінді. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ. Дәлбековке, облыстық спорт басқармасына, белгілі бапкер, спорт жанашыры М. Бисекеновке алғыс айтамын. Жеңісімді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын, — дейді Айболат Мұратұлы.
Айболат — бұған дейін Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел біріншілігінде топ жарып, ҚР-ның чемпионы атағын иеленген болатын.
Венера МИРЛАН