Ұстаздар мектептегі тәрбие жұмысы жөнінде бас қосты
[ 2016 ] 22 қараша, 08:58 | Жаңалықтар
Таяуда Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Маңғыстау облысындағы мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарларына «Шаңырақ қауымдастығының, әлеуметтік жобалардың, үйірмелердің ерекшеліктері мен білім сапасына әсері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Облыстық білім басқармасы мен зияткерлік мектеп арасында 2015 жылы қабылданған меморандум аясында өткізілген семинарға 70-тен аса мұғалім қатысып, Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі тәрбие жұмысының жүргізілу барысымен танысты.
Семинар барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы құрамындағы мектептерде жүргізілетін тәрбие жұмыстары айтылды. Семинардың алғашқы жартысында зияткерлік мектеп директорының тәрбие жқніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова балаларды «Шаңырақ» түсінігімен тәрбиелеудің артықшылықтары туралы баяндады.
- Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқушылар шаңырақ қауымдастығы түсінігі бойынша тәрбиеленеді. Үлкен сынып пен кіші сынып оқушылары бір шаңырақ астына біріктіріледі. Шаңыраққа бір педагог-ұйымдастырушы-куратор бекітіледі. Ол балалардың сабағын, тәрбиесін, денсаулығынң жалпы айтқандағы мектептегі өмірін қадағалап ата-анамен байланысатын алтын көпір. Әр шаңырақтың өз атауы бар. Бізде 15 шаңырақ бар. Оның дені Маңғыстаудағы тарихи жерлер, тұлғалардың атауымен аталады. Мәселен, «Маңғыстау», «Шерқала», «Отпан тау», «Әбіш ата». Балалар өз шаңырағының мағынасын білу үшін сол жерлерді барып көреді, зерттейді, белгілі қоғам қайраткерінің еңбектерімен танысады. Бұл баланың қосымша білімін арттыруға көмектеседі, - дейді Алтынзер Әмірқызы.
Кейін оқушылар «Өзін-өзі басқару ұйымының» жұмысы, «100 кітап», «Екі апта ауылда», «Баланы бір күнге жұмысқа ал», «Туған елге тағзым», «Өндірістегі 10 күн» жобалары, АҚШ, Малайзияға білім арттыру сапарлары туралы айтып берді.
- Жазғы мезгілде оқушыларды ауыл өмірімен, қазақтың салт-дәстүрімен таныстыру үшін «Екі апта ауылда» жобасына жібереді. Мұндағы басты талап ауылда екі апта өмір сүріп, алған әсеріңді күнделікке баяндап отыру. Осы жоба бойынша мен де ауылда екі апта өмір сүріп, ол жақтағы тұрмыс-тіршілікпен таныстым. Маған ауылда кешкі мезгілде кілем жуған, теңіз жағасында серуендеген қатты ұнады, — дейді Динара Серікқали.
Оқушылардың таныстырылымынан кейін кураторлар ұстаздарға арнап кураторлық сағаттың (сынып сағатын) әр түрлі пәндермен кіріктірілген үлгілерін көрсетті.
Сонымен қатар, семинар барысында қосымша білім беру педагогтары да семинар қатысушыларына өз үйірмелерінен мастер класс көрсетіп, ұстаздарға да шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берді.
- Мектебімізде 53 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде шешендік өнер, домбыра, гитара, вокаль, хореография, телестудия, сурет, батик, витраж, гобелен, әуе модельдеу, робототехника, спорттық секциялар, TEDx және т.б үйірмелер бар. Қосымша үйірмеде алған білімі мен үйренген дүниелерін бала негізгі сабақтарда пайдалана алады. Ол оның қабілеттерін арттыра түседі. Мәселен, авиамодельдеуге қатысатын оқушымыз ракета, моделін жасап, физика сабағында тақырыпқа орай апарып көрсете алды, — дейді Алтынзер Ихсанова.
Оның сөзінше аталған үйірмелерді, сабақтарды жалпыбілім беру мектептерінде де енгізуге мүмкіндік бар.
- Шындығында бүгін барлығымызға үлкен демалыс болған сияқты. Өйткені барлық қатысушылар осы семинарға қатысқандарына риза деп ойлаймын. Күні бойы зияткерілк мектептің әр түрлі жобаларымен танысып, шеберлік сағаттарына қатысып, өз қолымызбен жасап көруіміз арқылы үлкен сабақ алдық, — дейді Ақтау қаласындағы №11 мамандандырылған физика-математика бағытындағы мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Зейноллақызы.
Кездесу соңында семинар қатысушыларына үйірмеге қатысатын оқушылар қысқаша концерт қойды.
Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі
1283
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.