©
Ақтау қалалық «Арман» жастар орталығында жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Мен Қазақстанның азаматымын» атты акция өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған патриоттық акцияда 10 жасқа салтанатты түрде жеке куәлік табысталып, сыйлықтар берілді. Олардың маңызды сәтіне куә болған ата-аналары, дос-жарандары құттықтап, қолдау көрсетті.
- Сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікті алғанымызға 25 жыл болды. Бұл мерейлі жылы 16 жасқа толып, ел келешегінің тұтқасын ұстауға әзір жастарымыз алғашқы құжатын алып жатыр. Елбасының жастарға деген сенімі зор. Жастар елдің өркендеуіне, дамуына үлес қосады деп үнемі айтып келеді. Бізде осы қолдауға қосылып, жастарды алғашқы төл құжатымен құттықтаймыз,-деді Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Айбек Нұрғалиұлы.
Облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Маралбек Сейілов те құттықтау сөзін жеткізіп, жастарды еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын, білімді де білікті маман атануға шақырды.
-Мен барша қазақстандықтарды еліміздің басты мейрамы – Тәуелсіздіктің 25-жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Жарқын болашағыма қадам болар алғашқы жеке куәлігімді қолыма алғанда қатты толқыдым. Өмірдегі маңызды сәтімде жүрегіме жақын жандар қасымда болды, қуанышыма ортақтасып, қолдады,-деді Экономикалық лицейдің 10-сынып оқушысы Диана Кенжебаева.
Ханым ҚУАТ