©
Теңге Бекмұрзаева 1993 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға ауылында дүниеге келген. Бала күнінен қолына қағаз бен қаламды серік қылған Теңге Алматыдағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, қызыл дипломмен аяқтаған. Бүгінде ол "Балапан" телеарнасында журналист. Жас журналистің ҚР Ұлттық валютасы күні қарсаңында жазылған ой-толғауын жариялауды жөн көрдік. Жерлесіміздің есімі шынында да ерекше екен.
[caption id="attachment_14405" align="aligncenter" width="640"] Анасы Айнагүлмен[/caption](«Менің атым Қожа» шығармасының үлгісінде)
Повестің басты кейіпкері «Қара Көже» мен менің тағдырымда аздаған ұқсастықтар бар екен. Сондықтан есімге байланысты менің басымнан өткен (өтіп жатқан) жайттарды Соқпақбаевша демей-ақ қояйын, Қожаша баяндап көрдім. Шағын ғана ескерту, алдымен «Менің атым Қожаны» оқып алыңыз, оқығандар тағы бір көз жүгіртіп шықса. Сонда Қожа екеуміздің шын ұқсастығымызға куә боласыз. Кеттік !)
Менің атым… Атымды айта бастағанда Қожа тәрізді тілім таңдайыма жабысып қалмаса да, бойымды бір ыңғайсыздық билей бастайтын. Расында адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт шығар… Мәселен, Айнұр, Мадина, Әсем, Гүлназ деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да құр емес. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Өздеріңе байқалмайтын болар, бірақ бұл — рас! Мен солай ойлаймын. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгілі, өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең, қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едім деп ойлайтынмын. Бұрында. (Неге бұрында екені сәл кейінірек). Бірақ амалың нешік, сен қызыл шақа болып жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әжең солай атап жіберсе. Міне, сол күннен, сол мезеттен бастап әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтылмайсың.
… Жарайды, өткенге өкініш жоқ дегендей, істің турасына көшелік. Менің атым Теңге. Көріп отырсыңдар, пәлендей әйдік ат емес. Ес білгелі Теңгемін. Ауыл-аймақ солай атайды.
Біз бір класта екі Теңгеміз. Екі Теңге деп айтқанға да бір түрлі екен :))) Оқушылар бізді шатастырмас үшін «Қожадағыдай» «Қара Қожа», «Сары Қожа» деген секілді ат қойып әуре болмайтын. Өйткені бізді ажырататын «түс» туа бітті есімімізбен бірге жазылған. Ол Ақтеңге, мен жай ғана Теңгемін. Әр сыныптың Жантас тәрізді қылжақпастары болады емес пе?! Ондай «тұлғалардан» еншілеген «доллар», «сом», «манат», «рубль» секілді «әдемі» аттардың менде бірнешеуі бар. Кез келген маусымға сай, жағдайға сай қалаған атымды қолданамын :))) Дәл қазіргі сәтте «доллар» және «евро» деген бағалы есімдерді жиі бүркеніп жүрмін :))) Сол кездерде байқамайды екенмін, бір қызығы, мазақтағыш мырзалардан әлгіндегідей жанама есімдерді Ақтеңге емес, мен жиі еститінмін… Себебін білмеймін. Бәлкім оның атындағы «Ақ» сөзі бар «келеңсіздікті» жасырып тұрған болар… Бұдан басқа себеп таппадым.
Фамилиям Бекмұрзаева. Әжемнің қызымын. Тап қазір жыр болып отырған есімімді берген кісінің. Оның мені осылай атағаны үшін, сол уақытта үнсіз келісе салған әке-шешемнің үлкеннің жолын кеспейтін, тілалғыштығы үшін талай рет өкінгем, талай рет ашуланғам, талай рет ұялғам да… «Гүлнұр», «Айнұр», «Әсел» секілді бір атты қоя салмай ма деп қанша рет долдандым да. Сөйтіп жүріп жеке куәлік аларда өзгертетін болдым! Содан көңіл-күйім көтеріліп, бойым сергіп, бұдан арғы өмірімді басқа аттармен елестетіп, көз алдымда жұлдыздар ойнай бастады. Бар үмітім — құжатты қолыма «әдемі» есіммен алу еді. Бұйырмады!
Университетке келгенімде «Жантастарды» көп кездестіре қоймадым. Онда танысқанда іштей ойланып қалатындар мен мәдениетті «Жантастар» басым болды. Бәлкім есейгендіктің белгісі шығар. Сондай-ақ, бір оқытушымыздың әжесімен аттас болып шықтым да, ол кісі әжесінің атын айтқысы келмей, «Тикош» болып кеттім. №1 құлаққа қонымдысы осы болды-ау. (Курстастарымның біразы үшін әлі «Тикошпын»). Осы кезеңдерде атыма деген комплекс ұмытыла бастаған екен. Кейін, тіпті, ойламайтын болып кеттім. Бұған түрткі болған ат авторының бірнеше жылдан кейінгі әңгімесі. «Бала күнімде ауыл-аймаққа, ел-жұртқа сыйлы, аузынан шыққан әрбір сөзі қазына, ақылды, сондай сабырлы, дана кісі болатын. Есімі Теңге еді. Мен сені сол кісіге ұқсасын деп атыңды осылай қойдым» деді бірде ол. Дәл осы жайт менің атыма деген «жек көрушілігіме» нүкте қойды. Ол кісідей болмасам да, атын қадірлейін дедім. Осыдан соң атыма «тиіспеппін»!
Әжемнің маған ат қоюының екінші себебі — менің дүниеге келуім мен ұлттық валютаның жарыққа шығуының тұспа-тұс болуы. Бірақ арамыз 12 күн болғандықтан ба, оны онша мойындағым келмейді:))) Өйткені бүгін елдің валютасы 23-ке толып жатыр, ал мен әлі 22-демін.
Менің жағдайымды өзімнен бетер «уайымдайтын» таныстарым «Ертең теңге ауысып кетсе (ақшаны айтады), не істейсің? дейді. Не істейін ? Жатып ап жылайын ба ?))) Мұндай ой өзімде де болған:) Ұзақ уақыт xалыққа қызмет етуін, беделінің жоғары болуын тілеймін төл ақшамыздың. Ұлттық құндылықтар қатарына жататын дүниені өзгерте салу да ойыншық емес шығар деп ойлаймын. Ал өзгеріп жатса… Қазір менің бір нәрсеге анық көзім жеткен тәрізді. Жұрт күлсе де, «Жантастар» келекелесе де, елдің ақшасы ауысып кетсе де, бұл ат менен, мен одан кете алмайды сияқтымыз!
Теңге БЕКМҰРЗА, ikerim.kz