Қолы қалт етсе, жоғары сыныпта оқитын Айназ (есімі өзгертіліп алынды) «ВК» және «Инстаграм» сияқты әлеуметтік желіге жіпсіз байланады екен. Ол өз уақытын өзі ұрлап, тиімсіз тірліктің құрбаны болып жүргенін осы уақытқа дейін білмеген. Олардың түсінігінде әлеу желі тек сурет салу, әуен тыңдау мен ұнату лүпілдерін жинау. Кез келген істе өзінің тұлғалық танымын танытып отыру – өз ұстанымың мен өз қолтаңбаңды көрсету. Бұл туралы мүлдем ойланбапты. «Тұлға болып қалыптасуды да оқу керек пе? Тұлғалық даму дегеніміз не? Тайм-менеджмент не үшін қажет?» деген сан сауалға жауап іздеген біздің кейіпкеріміз сияқты Таушық ауылының жастары «Тұлғалық даму» атты семинарға қатыстты. Бұрын уақыттың да есебі мен оның да ақша екенін білмейтін жастар бұл жолы бос уақыттың өзін жоспарлауды үйренді. Сондай-ақ, жұрт алдына шығып сөйлеу, өзін ұстау мәдениеті туралы да айтылды.
- Семинар-тренингті «Маңғыстау облысы жастар конгресі» корпортивтік қорының атқарушы директоры Шоқанов Айтжан жүргізді. 15-тен астам ауыл жастары қатысып, қатысушылар басымдылықтардың ара салмағы, тайм - менеджмент технологиясы көмегімен жұмыс және жұмыстан бос уақытты қалай тиімді басқару керектігі туралы білуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қатысушыларға өзіндік уәжді қабылдау және көпшілік алдына шығып сөз сөйлеудің пайдалы құралдарын ашуды үйрену және оны өз өмірінде қолдану бағыттары түсіндірілді. Өткізілген шара барысында қатысушылар қажетті ақпараттармен қанықты және кәсіби шешім қабылдау, өзінің мақсаттарын іске асыру, мақсаттарды дұрыс қоя білуге үйренді. Олар ойнай отырып, үлгілер жасап, қиялға ерік бере отыра түрлі тапсырмаларды орындады, - дейді «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наурызбек Мағдатов.
Семинар соңында қатысушыларға тренерге сұрақтарын қойып, өздерінің шарадан алған әсерлерімен бөлісті. Ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар мен белсенді қатысушыларға сыйлықтар тапсырылды.
Қазан айының 8-9 жұлдызында Таушық ауылында ұйымдастырылған бұл жоба «NCOC» компаниясының «Түпқараған ауданы ауыл жастарының әлеуеттілігін арттыру» атты әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асып жатқан болатын. Бұл тек осы жоба аясында жүзеге асып жатқан бір семинар емес, осы уақытқа дейінде Ақшұқыр ауылында да өткендігін жазған болатынбыз.
Ал 11-12 қарашада осы жоба аясында Аташ кентінің жастары «Жүннен киіз өнімдерінің жаңа үлгілерін жасау технологиясы» атты екі күндік шеберлік сыныбы өткен болатын.
Жиырмаға жуық жастар қатысқан шеберлік сыныбының мақсаты - жүннен жасалатын бұйымдармен таныстыру, жасалу технологиясын үйрету, шеберлік арқылы әсемдік пен сұлулықты бағалай білу деңгейін арттыру, жасалған бұйымды жаңа дизайн мен сәндік қолданбалы өнер талаптарына сай сәндеуге үйрену.
Осы шеберлік сыныбына қатысқан жастар алдағы уақытта өз кәсіптерін ашып, кәсіпкерлік бағытта қызмет етуге өз ниеттерін жеткізгендері де бар екен.
Милана ЕЛЕУСІНОВА