Бір айдан астам уақыттан кейін ата-бабаларымыз аңсап жеткен тәу етер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Қазақ халқының ғасырлар бойғы ақжарылқап арманы орындалып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы дербес мемлекет ретінде егемендігін жариялады.
Халқымыз Тәуелсіздік алғанға дейін талай қиындықтарды басынан өткізді: жоңғар шапқыншылығы, қасіретті Ақтабан шұбырынды, Голощекиннің екі миллион қазақты аштан қыруы, 1937 жылы көрнекті азаматтардың асыра сілтеу құрбандығына шалынуы, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы...Осындай ауыр да азапты күндерді бастан өткеріп,тар жол, тайғақ кешіп, небір қиындықтар мен тауқыметке төтеп берген халқымыз егемендік алғанда, шексіз қуанышқа бөленді. Бүгінде дүниежүзі қауымдастығы мойындаған мемлекетіміздің әлеуметтік- экономикалық жағдайы оңалып, халықтың тұрмысы тәуірленіп келеді. Еліміз бүгінгідей жетістіктерге, жаңашылдыққа бірден қол жеткізе қойған жоқ. Бұл жолда Тәуелсіз жас мемлекетте елдің еңсесін көтеру, әлеуетті арттыру бағытында түрлі реформалар жасалып, жаңа бағдарламалар, өзгерістер енгізіліп, әлеуметтік -экономикалық дамуының тұрақталуы біраз уақытқа созылды.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақыларды уақытында беруге мүмкіндік болмады. Сол бір қиын шақта облыстың еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік саласында қызмет етіп жүрген болатынмын. Облыстық әкімшілікте әлеуметтік және ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенімде көші- қон жәрдемақысындағы мемлекеттік бережақ үшін оралмандар тиісті төлемдерді төлеуді талап етті. Олардың басым көпшілігі– әйел адамдар. Облыс басшылығы облыстық қаржы басқармасын басқарған марқұм Светлана Борисқызы екеумізді жиналған оралман ағайындарға жағдайды түсіндіруге жіберді. Олармен кездесіп,қаржының республикалық бюджеттен түсетінін айтып, түсінісіп, жиналған топты таратқан едік. Тәуелсіздікке тәй-тәй басқан мемлекетте зейнетақының бірнеше ай бойы берілмеуі салдарынан зейнеткелер қала, аудан әкімшіліктері алдына жиналып, мәселені шешуді Бірде жиналған қарақұрым халықты көрген Бейнеу ауданының тәуелсіздік жылдарындағы дамуында еңбек еткен аудан әкімі Басшы Әзірханов: «Зейнеткерлерің әкімшіліктің алдында тұр, министріңе айтып зейнетақыларды түсіртсейші» дегені әлі күнге дейін есімде. Бүгінде ол күндер келмеске кетіп, естелік болып қана қалды.
Қазіргі таңда еліміздің жағдайы жақсарып, барлық мемлекеттік төлемдер дәл уақытында төленіп, бірнеше пайызға артып отыр. Мәселен, елімізде соңғы төрт жылда зейнетақы төлемдері мен бала күтуге арналған жәрдемақылар 2,6 есе көбейген. Соңғы бірнеше жылда елімізде бюджет саласының еңбекақысы екі есе өсті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік қызметте жүріп азғантай айлығымызды уақытында ала алмай жүрдік. Мұндай жағдай барлық бюджеттік мекемерлерде орын алғанынан бүгінде мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын жастар бейхабар да болар.
Сол кезеңдегі экономикалық жағдайға келетін болсақ, өнеркәсіпті өлке саналатын Маңғыстаудың өндіріс орындарының қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік болған жоқ. Аймақтың мұнай кәсіпорындарында да, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен Каспий өңірлік тау-кен байыту комбинаты сияқты облысымыздың үлкен өндіріс орындарында да жағдай қиын болды. Жұмысшылардың еңбекақысын төлей алмай, кәсіпорындардың бірқатарының жұмысын тоқтатылуы халықтың тұрмыс- тіршілігіне кері әсерін тигізді. Бірқатар тұрғындар, әсіресе әйелдер, бала- шағасын асырау үшін ала дорбасын арқалап, сауда жасауға кірісті. Сол жылдарда тіпті, ен далада жайылып жүрген малдар да сиреп қалған болатын. Маңғыстау өңірінің өркендеуі Тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуының нақты көрінісін айқындайды. Инвестиция тарту, республикамыздың инновациялық тұжырамдамасы негізінде инновациялық даму, басқа да аса маңызды стратегиялық даму жоспарларын іске асыру оң нәтижесін берді. Біздің облысымызда белгілі кәсіпорындармен қатар көптеген жаңа өндіріс орындары ашылды. Ірі өндірістік кәсіпорындар өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, қалыпты жұмыс жасауымен қатар ауылдардың әлеуметтік дамуына үлесін қосып, бірқатар ауылдарда мектеп, балабақша, спорт, балалардың ойын алаңдары сияқты әлеуметтік нысандарды салып беруді жемісті жүзеге асырып отыр. «Қаражанбасмұнай», «Маңғыстаумұнайгаз» сынды ірі акционерлік қоғамдар сияқты кәсіпорындар өздерінің жұмысшыларына қолайлы жағдай жасап, қолдаумен қатар ардагерлеріне де белгілі дәрежеде әлеуметтік көмек көрсету жүйесін қалыптастырған.
Нарықтық экономиканы қалыптастырудың шешуші тетіктерінің бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда стратегиялық жоспарлар іске асырылуда. Біздің облысымызда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны үстеміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға көбейген. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында облыс орталығы Ақтаудың қандай әсем қала болып өсіп көркейгенін, тамаша ғимараттарға толғанын атап кетпеуге болмайды. Бүгінде халықтың қазаны майлы, тұрмысы сайлы. Облыс орталығында ғана емес, аудан-ауылдарда көптеген тұрғын үйлер, зәулім ғимараттар, сән түзеген көшелер салынып, жолдар жөнге келді.
Осыдан жиырма жылдай бұрын Шетпедегі қазіргі Ащыбұлақ шағынауданындағы төбенің басындағы алғашқы үйлердің бірінің тұрғыны марқұм Тілеген Шорбасов деген атамыз: «Ащыбұлақтан теміржолға дейінгі бос жатқан үлкен ойға қарап тұрып, мына жердің бәрі үйге, құрылысқа толады» деген болатын. Біз кезінде бұл сөзге мән бергеніміз жоқ. Бүгінде бос жатқан алқап үлкен ауылға айналды.
Ширек ғасыр бойы даму, жаңғыру, жаңару жолына түскен еліміздің бүгінгідей жетістіктерге жетуі- Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін. Тәуелсіздіктің тартуларын бізден кейінгі ұрпақ қадірлеп, қастерлеп, аға буынның салған жолын жалғастырып, еліміз үшін еңбек етуіне тілектеспін.
Ақмоншақ БАУЖАНОВА, мемлекеттік қызмет ардагері.