Қалбай Әбдіраманов 1947 жылы 15 мамырда Қарақалпақстан Республикасының Беруни ауданында туған. 1974 жылдан КСРО Журналистер Одағының, 1980 жылдан КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Шығармашылық сапары мектеп қабырғасында жүргенде 1962 жылдардан басталған. Ақынның алғашқы өлеңдері 1964-65 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Совет Қарақалпақстаны», «Әмудария», т.б. газет-журналдарда жарияланған. 1965 жылы орта мектепті бітіріп ҚазМУдің журналистика факультетіне тапсырып, сол жылы Алматыда қазақтың көптеген ақын-жазушыларымен танысып-біліседі. Солардың арасында жерлес ақын ағасы Төлеген Айбергеновпен бір пәтерде тұрып, қамқорлығына бөленеді. Мұқағали Мақатаевқа өлеңдер оқытады. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевпен сол кездерде басталған ұстаздық-шәкірттік байланыс елу жылдан бері күні бүгінге дейін сабақтасып келе жатыр. 1966 жылы Т.Г. Шевченко атындағы Қарақалпақ Мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітіргеннен кейін республикалық «Совет Қарақалпақстаны» газетіне жұмысқа орналасып, онда 1981 жылдың желтоқсан айына дейін 11 жыл газеттің әдебиет және өнер бөлімінде тілшілік, меңгерушілік қызметтерін атқарады. Ақынның 1977 жылы «Жүректегі жазулар», 1981 жылы «Келешекке сапар» атты өлеңдер жинақтары жарық көреді. 1968 жылы «Әму гүлдері», 1977 жылы «Сәуір» ұжымдық жинақтарында, 1981 жылы татар тілінде Қазан қаласында жарық көрген қарақалпақ ақындарының «Арал дулкыннары» атты антологиясында жарияланады. Оған қоса оның өлеңдері қазақ баспасөзінде де жарық көріп, «Қыс» атты өлеңі қазақ сыныптарының «Ана тілі» оқулығына кірді. Қалбай өз Отаны – Қазақстанға, Маңғыстау облысына келгенге дейін ұзақ шығармашылық дайындықтан өтті. «Қазақнама: Қазағыма хат» атты көптомдық қолжазба бітірген ол 2000 жылы мамыр айының аяғында отбасын: бес ұлы мен екі қызын, немерелерін алып Ақтау қаласына тұрақтады. Маңғыстауға келгеннен бері ақынның өлеңдері газет-журналдар басылымдарын есепке алмағанның өзінде елуге жуық түрлі кітаптарға енді. Ақынның өлеңдері 1967-1995 жылдар аралығында 28 жыл «Ана тілі» оқулығында оқытылған болса, қазір «Ана тіліме», «Ұлдарыма насихат» атты өлеңдері Өзбекстан Республикасы білім беру министрлігі тарапынан бекітіліп, 2005-2006 оқу жылынан бастап қазақ сыныптарының 7-сынып әдебиет оқулығы және хрестоматиясына енді.
Жемісімнің жатырмын сілкіп бәрін...
Мiндетiмнен қалайша сырғиын мен, Дәулеттi ойларым бар тiлдi үйiрген. Жау жағадан алғанда, достарың да, Сойыл сүйреп шығады бiр бүйiрден. Қылшылдаған, қайдасың, жиырма бiр? Сен де тастап кеттiң-ау, бұйырмағыр! Өлiп-талып жеткенде бiр төбеге, Мөңiреп тұр алдымда сиыр-қабiр... Үңiрейген қандай сұр кеңiрдегi, Көрiнбейдi жұтылған төрiндегi. Уысыңа, қара жер, бiр түсермiз, Жапа құсап сиырдың белiндегi. Айламенен пенденiң шарғысы көп, Тұрады ылғи бiр қора... салғысы кеп. Шыға алмайды тiрiлер бұл қорадан, Тiрiң оған жүрген жоқ Барғысы кеп! Жiгiт кезде кесетiн алмастаймыз, Шарбақ салып... Тапқанды қорғаштаймыз. Шығып жатқан бiр iз жоқ бұл қорадан, Соған кiрiп бiр күнi жамбастаймыз... Езiлiп кеп тiледiм, еңiреп кеп, Сәтiн бердi жазуға өмiр ептеп. Жаяу жүрiп, аш жүрiп, жарлы жүрiп, Қазағымды дән септiм төңiректеп! Ойламаймын Сен барда батармын деп, Таласпаймын күштiңе қатармын деп. Мен қазақты ту етiп, хан көтердiм, Аяғында қисайсам жатармын деп! 10.10.2003Өсиет
(еліме)
Өлген соң мені көміңдер, Қазақтың бірер тасына. Ескерткіш сосын тіктеңдер Тарастың анау қасына. Мен үшін қала салынбас, Қиналма мен деп бауырлас. Көрінетін болсын қасымнан Теңізге түскен қарындас. Көздерім менің шалғыштау, Қасына қиын барғыштау. Ұнатпай мына сөзімді, Күлмейтін болсын Маңғыстау! Бір өгіз тауып сойыңдар, Алдымен мұқым тойыңдар! Көрінер ме екен көк теңіз Бір жарым метр бойым бар... Сор болды менің пешенем, Шықпады еркін еш өлең. Жұқалау болса кітабым, Биіктеу болсын кесенем! Ала алмай кеткен мен осы, Қазақтың көп қой төбесі. Аталсын менің атыммен Маңғыстаудың бір белесі. Көмсеңдер соған тігіне, Қоймаспын, жұртым, бүгіле! Алыңдар үлкен тас сатып, Иығымдағы жүгіме! Кез жақын мүлдем жөнелер, Ақын жоқ жұрттан кем өлер! Аталыңдар менің атыммен, Университеттер мен кемелер. Биіктеу жерден орын бер, Табаныма тастан өріңдер. Таласатұғындар тағыма Өзге бір жақта өліңдер! Өлдім мен ауыл-аймақсыз, Қара нан жедім қаймақсыз. Қызғанған елдің алдында Кесенем қалар сайғақсыз! Соғыңдар есік шиырып, Шегесін оның жиі ұрып. Менсінбей жүрген – ұлықтар Кіретін болсын иіліп. Теңелді итке нар басым, Сүйрелеп елдің арбасын. Өлеңімді менің баспаған Топырағымнан алмасын! Шырақшы болған азамат, Намазым кетпес қаза ғап. Жумаған адам аржағын Көкірегін кірсін тазалап. Ішімде кетті нелер шын, Елім-ау, қашан елерсің?! Ұл шықса мендей қазақтан Қасыма менің көмерсің! Өлместен қанша шыдаймын, Қырық жылдан бері жылаймын. Танитын кезі болды ғой Көздері болса Құдайдың! Баспаңдар мені иықтан, Өсуі керек биік дән! Шырқалсын менің басымда, Қазақтар жайлы сүйікті ән! Баспаңдар мені еңседен, Биіктеу, Құдай, берші өлең! Сұраса ақын жер сұрар, Сұрамас ақын төр сенен! Арымды алар бар шамам, Қала да саған, тау саған. Мұқағали өліп қазақта, Ауысып қалды қанша нан?! Сөйлеймін соның атынан, Атылсын десең атылам. Қозысын шалып құрбанға, Қорықпас қазақ жатынан! Қараңдар анау қаздарға, Ие болыңдар жаздарға! Қаншама қолдар қабарды, Ескерткіш тіктеп таздарға! Нағып тұр Анау... алаңда, Ол дағы сенің балаң ба?! Сиынбас енді қазағым, Қазақты жұтқан аранға! Нағып тұр Анау... көшеде, Ұзатып қолын есеңе?! Қарайсың ба оған төменнен Қарағандай боп шешеңе?! Қор еткен бізді ана сұм, Заһарлап жұрттың санасын. Қызылдың қайнар құмына Көміңдер иттің баласын! Ішкізген аз ба, шеребең, Боғы жоқ мұның жемеген. Осы деп сөзін қазаққа, Айта алмай кетті Төлеген. Көмілді қанша жас ұлдар, Троспен оны асыңдар! Осыған сеніп көп сөзді Айта алмай кетті Қасымдар! Мезі етіп жұртты майда шың, Жұбандар шықты сайға шын. Тоғыз шумақ қапты Жұбаннан, Мұқағали аға, қайдасың?! Сөзіңді тығып өңешке, Өлтірген осы емес пе?! Сен дағы қазақ едің бе, Күл тартып жүрген көмешке?! Қайтыңдар елге, құрбандар, Тағынан тайды тұрғандар! Тағынан тайды ел сатып, Ауызға қақпан құрғандар! Ағалар, қайтып келіңдер, Гүл болып тасқа өніңдер! Қазаққа айтар сөзіңді, Қайтадан сөйлеп беріңдер! Көңілде кеткен сөз қанша, Теңселер теңіз қозғалса. Тұрмадыңдар-ау ағалар, Таздардың сөзі тозғанша! Өртенді қанша тоғайлар, Өтірік сөйлеп сарайлар! Көрмегендеріңді Сендердің, Мен көріп жүрмін, ағайлар! Шындық деп қанша мертілдім, Мертіліп қайта шертілдім. Жүрмедіңдер-ау алдымда Өнегелері өр тілдің! Ғұламалары-ай ғасырдың, Інжуді ішке жасырдың. Мен айтар сөзді айтам деп, Аяққа қанша басылдың. Тоғайлар жанып тербелген, Қан жоса болдым шеңгелден. Неше рет қайта тірілдім, Неше рет өліп Сендермен. Өлмеспін енді Нұр барда, Шалдырмас қазақ құрбанға! Мақатаевтары қазақтың Тұрады қазақ тұрғанда! Жер шексіз, Шексіз ана аспан! Жасырар нем бар Алаштан! Өлген соң ескерткішімді Кем қыла көрме Тарастан! Білген ол қайда тұрарын, Көк теңіз – менің бір әнім. Отырып теңіз бойында, Сонымен сұхбат құрамын. Үйіңдер маған тас барда, Тұрайын биік – асқарда! Теңізге қарағандай боп, Қарайын қарындастарға! Өлеңім, онсыз олқысың, – Махаббат толы дерт ішім. Екі жүз миллион жылдық көк теңіз Мені де көріп толқысын! Төгейін сонда жасымды, Көрейін сонда ғасырды. Мен, қазақ, немді аяндым, Аяма менен тасыңды! Берілген өмір аз-ақ тым, Соған да шүкір! Мәз-ақпын! Арқасын сүйеп Ақтауға, Тұруы керек қазақтың! Мені де, жұртым, есіңе ал, Мені де, жұртым, есіңе ал! Қызылда туған қазақтың, Теңіз деп өлсе несі бар?! Тартады қазақ негізге, Шығайық біз де семізге! Өлгенше өрте! Өлген соң, Шашыңдар мені теңізге! 22.08.2000Маңғыстауым
Мейлі ел іркіт десін, бүркіт десін, Айтатын реті бар нұр күткесін. Айырма, Алла, бірақ туған елден, Туған ел, жанардасың, кірпіктесің! Жаздырмай жаздың таңын, қыстың кешін, ӨЛЕҢІМ, ұлы сапар үстіндесің. Мен дағы жақсы ағаның біреуімін, Мынадай көріп жүрген құстың көшін! Сендікпін мен, ТУҒАН ЕЛ, жүрегіммен, Айырма, Алла, осы тірегімнен! Кірпігімен тастардың шаңын сүрткен, Ұлдардың амандығын тіледім мен! Келіп ем жапа шегіп, арым келіп, Қолдадың жалын беріп, бәрін беріп. Көзіме тауап еттім топырағыңды, Бабамның іздерінің шаңын көріп. Маңғыстау, тауың биік, тасың биік, Және де жадырай бер жасыл киіп. Мынау ел ешқашан да жетім етпес, Ана, деп бара берсем басымды иіп. Жайқалып қыс соңынан көктем шығар, Шыр бітсе, дауыс әлі өктем шығар. Бұрын да келген жоқ ем қарық болып, Артық-кем бірдеңе де кеткен шығар! Қазанның қорықпаймын қарасынан, Дұшпанның қорықпаймын жаласынан. Сен аманда – мен аман, Маңғыстауым, Шығамын екі тастың арасынан! Сен менде айға ұқсаған бір данасын, Жеріңнен жусан аңқып, нұр қарасын! Кешегі менің жастық шағым ба деп, Көшеңнің ұстап сүйдім ұл баласын. Саған кеп көтерілді ақын еңсем, Арман жоқ жусаныңа жақын өнсем. Қараймын Айбергенов отыр ма деп, Аспанға өрмелеген саты көрсем! Сымылдайды сым тартқан бағаналар, Сымдарыңа кез кепті жаңаланар. Жырыңды оқып, жырыңнан сырыңды оқып, Төлеген деп шырлайды шараналар! Ұлымын әулиелі мына араның, Атамды тасқа арқалап шығарамын. Көмілемін содан соң өзім сүйген, Қасына биігірек мұнараның... Атың жалын тарайын қыл тарақпен, Табаныңда тең болып ұлтарақпен. Жүрегімнен мың сұңқар дүрлеп ұшар, Қазақтарым өткенде тұлпар атпен! Басымды тауға ұрыппын, жарға ұрыппын, Қайтадан, АНАМ десем жаңғырықтым! Мен болмасам, болмайын, сен бол, АНА! Мен сенің омырауыңда мәңгілікпін! Отансыз бұлбұл едім қаңғып келген, Дыбысым шығып жатыр шаңғып төрден. Ақ тарап, аққу етіп аспанына, Елімнен айналайын хандық берген! Жаутаңдап өлген екем сый іздеп-ақ, Көгінен өзге аспанның мүйіз борап! Үстінде шалқып келем ақ түйенің, Мағыстау көтерген соң киізге орап! 29.11.2002Мәуленов Сырбай ақын былай деген...
Келгеніме он бес жыл Ақтауыма, Зәру емес әулие мақтауыма. Үйде отырып кейде мен ойға шомам, Терезенің сүйеніп жақтауына... Сен қазір отыз алты жасыңдасың, Құс қонған Маңғыстаудың тасындасың. Мен бүгін өзіңе арнап өлең жаздым, Басылмаса бұл өлең басылмасын! Бір арманым ішінде мың арманның, Көрем бе деп мен сені құмарландым. Мені сүй деп халыққа міндетім жоқ, Бір екі өлең әйтпесе... Шығарғанмын! Тарих айтар тарихтың сайқалдығын, Ер деп жүрген ердің де... байталдығын. Біреулер өлеңменен жырға әкеп жүр, Отызыншы жылдардың ... Шайтандығын! Біздер дағы өлеңге құмарданбыз, Біз дағы сол шуақтан нұр алғанбыз. Ел жұрттың құлағына кеспе тағып, Бір екі өлең біз дағы... Шығарғанбыз! Кім екенін сұмның да білді қала, Шығып тұрған артыңнан тілді қара! Күйттей берген өз басын қаламгерді Алып кетіп қалады жындыхана! Қаза берсең тамырын құлайды өлең, Жалғыз қалып үйінде жылайды өлең. Күмпілдеп көп мақтанған жас жігітке, Мәуленов Сырбай ақын былай деген: «Біздің де жазымыз бар, күзіміз бар, Жұрт алдында қызарар жүзіміз бар. Жазатайым бірер сөз тапқан болсаң, Онда да басып кеткен ізіміз бар!» 07.11.2015Қайта тірілу
Дұшпаным өліп кетсе деп тіледі, Қарғысы мұнша неткен өткір еді?! Қаперсіз өлеңді ойлап жатыр едім, Бір бүркіт бүріп алып кетті мені! Әй, құзғын, нағып жүрсің аспанымда, Иелеп орынымды қас қағымда. Сығалап ақша бұлттың аржағына, Жатырмын Маңғыстаудың тастағында! Ашындым, ашындым-ау, ашындым мен, Бөлініп иығымнан басым мүлдем. Быт-шыт боп шашылған соң бас сүйегім, Жердегі не пайда бар асыл гүлден?! Жүретін сайран салып аяғым жоқ, Аяқ түгіл сүйенер таяғым жоқ. Қазақтың әлпештеген баласы едім, Қазақтан қолдан келсе аярым жоқ. Басым жоқ! Миым да енді ойланбайды, Қуаныш сөніп кеткен, бойдан қайғы... Енді менің өлеңім том боп шығып, Жетпісте туған күнім тойланбайды! Мен ел деп бойымдағы сөлді бердім, Мен ел деп пайғамбарға қолды бердім. Миллион жау қорғасынмен атқан шақта, Той тойлап дұшпандарым жатқан шақта, «Ұлым!» деп келе жатқан елді көрдім, Сондықтан... тірілуді жөнді көрдім! Жырыма келіп еді сеніп өлгім, Соңында құла дүзге келіп өлдім. Аяулы құлыным, деп ат шаптырып, Аңырап келе жатқан сені көрдім! Басымды бағың үшін байлап едім, Бармысың, бармысың-ау, қайран елім?! Мені іздеп қабіріме ел келді ғой, Апырым-ау, бас сүйегім қайда менің?! Шашым қайда қап-қара, басым қайда, Мына сор өмір бойы ашылмай ма?! Қосылып ел келгенде жылайыншы, Махамбет, Мұқағали, Қасым қайда?! Абайды тұрғызыңдар моласынан, Жұбанды балқытыңдар қоласынан. Жыр жазған менен соңғы ақындардың, Гүл шығып жолдарына, борасын ән! Тырна көз бұлақ едім тас тырнаған, Жау шауып, тиіскен жоқ қасқыр маған! Қазақтың маған тұстас балалары, Қызғанып өлеңімді бастырмаған! Інісі озам деген ағасынан, Ағасы... кенде қылған бағасынан... Өзімнен осалдарға қарап өттім, Екі көзім шыққанша шарасынан! Көңілдің өліп барам аласынан, Дарынның үміттендім жаңасынан. Өзімнен төмендерге кіріптар боп, Хат жаздым кірпігімнің арасынан! Екі ақын қосылмайды қосам десем, Құзғының төбеңде ұшар босаң десең. Баспайды өлеңіңді жынды қатын, Өлеңің менен гөрі осал десең... Жақсы ақын жақсы өлеңді бүлдірмейді, Құзғын да құзғындығын білдірмейді... Мың иттің отырған соң ортасында, Бұл Қалбай бабыңды іздеп үлгірмейді. Осындайдан болмай жүр тілегенім, Шынымды айтсам тұйыққа тірелемін. Саудалаған қаспақты мың қазаншы, Төлегеннің жазған жоқ бір өлеңін! Кез келгеннің қайтейін атын сынап, Күн көрем деп, жағынып, жақынсырап. Өздігінен он бесте озған ақын, Алпысында бармайды ақыл сұрап! Әр бастық әрнәрсе айтып діңгірлейді, Мың төстік сылтау айтып міңгірлейді. Шлагбаумда сөз айтқан Албастының, Албасты екендігін кім білмейді?! 11.01.2011Маңғыстаулық қарындастарыма
Мен құлаймын құласам құзға барып, Мен жыласам жылаймын қызға барып. Мен қыздардың төсiне жылынамын, Еркектердiң сөзiнен мұздап алып. Ез боламын қыздарға жүгiнбесем, Бүктелемiн алдында бүгiл десең. Аңдамайды-ау арулар, аңдамайды, Шырақ алып алдынан жүгiрмесем. Еркем де сен, өмiрде, көркем де сен, Көрмеймiсiң үйтiлiп, өртенбесем. Өне бойым жаралған жанармайдан, Қалыбайсыз қалады ертең көшең! Бағың бiр ән, қазағым, тағың бiр ән, Бар әлемдi бiр қызға табындырам. Жүрегiне бiр қыздың жете алмасам, Маңғыстауды қалайша бағындырам?! Қолым созып қыздарға өлең бердiм, Өлеңдерi өлмейдi кемеңгердiң. Абайы бар қазақтың – Қалбайы бар, Арасында өскенмiн емендердiң! Емiн-еркiн мен қазiр өле алмаймын, Бiр өлген соң... мен қайта оралмаймын. Қолымда сөздерiм жүр басылмаған, Сондықтан... Мұқағали бола алмаймын! Менiң өйтiп хақым жоқ ерте өлуге, Жан екенмiн жаралған өртенуге. Қызға жазған хаттары Қалыбайдың, Жасау керек елу жыл... ең кемiнде! Айналайын, қазақтың қара көзi, Елу деген – еменнiң бала кезi! Маңғыстауда шашылып жырым жүрсiн, Ертең жинап қазақтың алады өзi... Сендер барда адасып, сарылмаспын, Жанымды аштым сендерге, Барымды аштым. Құмар өлең – өлеңiм, тұмар өлең, Тағылайын мойнына қарындастың! Ертең менiң белгiлi тақ аларым, Тәж сұрауға жетiп тұр бағаларым... Кездейсоқ кеп қазақ жоқ қаңғып жүрген, Қаңғып жүрген өзiңнiң ағаларың! Айналайын қыздардың қара шашы, Махаббатым – жанымның арашасы. Махаббаттың әманда жаны биiк, Махаббаттың болмайды аласасы! Сөздерiмдi сынайды ғұлама сан, Болмайды ендi белiмдi қынамасам! Мың сұлудың жүрегiн өртеу үшiн, Бiр сұлуға болмайды ұнамасам! Бiр қамалды алайын өлеңiммен, Өлеңiммен алмасам өлемiн мен! Разы боп өмiрге келiп едiм, Разы боп кетейiн мен өмiрден. Тауқыметтiң кешiрдiм бәрiн бастан, Аяйтұғын жаным жоқ қарындастан! Сен дегеннiң бiреуi мен едiм ғой, Менi қалай жүресiң сағынбастан! Өтейiн бе өмiрден перiштедей, Өлеңiмдi қабыл ет кемiс демей. Төлегендi әкеткен мына тағдыр, Қалыбайды қоя ма тегiстемей! Сендер барда ұшамын жүз қанатпен, Секiремiн секiрсем құздан атпен. Бiр биiк Тажымақал салу үшiн, Өмiрде жүргем жоқ па қыз қарап мен! 28.07.2000 Ақкетік «Өлген соң мені көміңдер, Украинадай жеріме...» Т.Г. Шевченко Маңғыстау, айналайын, аймағымнан, Жетіліп адам болдым қаймағыңнан. Атыңнан айналайын, Атамекен, Ұшайын аққу болып айлағыңнан! Шыбықтай желкілдедім желіңменен, Жарысып тұлпар болдым төліңменен. Толқыныңа сипатып айдарымды, Мен сенің өрге жүздім өріңменен. Қайран ел, айналайын есіміңнен, Есімің құлағымда бесігімнен. Мен сенің қаланамын кетігіңе, Бір рет сығаласам есігіңнен. Мен сенің қаланамын кетігіңе, Мен сенің айналамын жетігіңе, Армандарым мініп ап ақ кемеге, Жер-жиһанның айналды көпіріне. Жұлдыз болам жұлдызға жанасқанда, Сенбесеңдер қараңдар ана аспанға. Мен нұр болып түсемін жанарына, Қара көзін сәбиелер жаңа ашқанда. Бәрі соның нұр-шуақ тарағасын, Һақ Тағала шынымен қарағасын. Шалқар теңіз миллион жыл тіліменен, Шалғайынан жерімнің жалағасын. Мыңбайларым бұл күнде мыңға айналған, Ақкетігім биіктеп шыңға айналған. Ақ кемелер аққудай келе беріп Елдің әппақ арманы шынға айналған. Қаламызды көркейттік қалап, өріп, Қазнамызды көбейттік ала беріп. Жетістік пе Алланың мейріміне, Жана беріп алдында, жана беріп. Иіп жатыр ақ уыз аруанадан, Сүт иісі аңқиды сардаладан. Тарастарым жүз бопты Ақкетікте, Қала беріп... Кетікке барған адам. Пешенемді жылытқан шуағы өтіп, Менің дағы кетігім – мына кетік! Жақсының ізі қалған Ақкетікке, Жүрегімді қалайын, шырақ етіп! Арманым сен, ел-жұртым, көкем де сен. Мен биіктеп мынандай мекенде өсем. Абзал ақын, керім жоқ туған жерден, Украинаңа кете ғой, кетем, десең! Жұмақ мекен – бұл мекен – бағыма сын, Шетте жүрсең еліңді сағынасың. Кетем десең сәт сапар, жолың болсын, Жүре беріп айдауда нағыласың?! Бауырым десе айналып туысына, Кірпіш болып қаланам қуысына. Әрбіріне қазақтың өлең жазып, Шашып жүрмін дән түссе уысыма. Жұрттан озған бәрің де зергерсіңдер, Сынап-мінеп сөзімді тергерсіңдер: Украинада Қалбайды хан көтерсе, Ақкетікке әкеліп жерлерсіңдер. Кәусар бұлақ алдымда ішем десем, Шалқар теңіз жанымда түсем десем. Өзіме ыстық өзімнің Ақкетігім, Өзге жерде тұрмаймын кісендесең! қазан, 2006 жыл * * * Ұлы емеспiн. Кем де емеспiн ұлыдан, Көк бөрiнiң күшiгiмiн ұлыған. Қырық жыл бұрын құмға түскен мына сөз, Қырық жылдан соң көтерiлдi қынынан! Көмiлдi бұл! Айтпаймын мен себебiн, Күттi қанжар батыр қолдың көмегiн. Тұстасымнан ерте оянып, сол күнi: Пушкин болам, Байрон болам деп едiм! Қалың құзғын жабылды кеп құжынап, Жедi менi... бiр шұқымнан үзiп ап. Бiр өзiме қайда менiң көлеңке, Бiр өзiме қайда менiң ұжымақ?! Сөйлетпедi жауып тастап жағымды, Қарға, құзғын иеледi бағымды, Тапқанымды құзғындарға қалдырып, Айдалаға ала қаштым тағымды! Болдырмады. Бола қойсам деп едiм, Ауыз жабық! Айта алмаймын себебiн! Төле бидiң басы қалған бұл майдан, Төлегеннiң жасы қалған бұл майдан, Қайтем ендi талайымнан көремiн, Құлым, десең, қайта сөйлеп беремiн! Мен елiме тарту етем тағымды, Айыр өзiң қарам менен ағымды! Қырық екi жыл тұзға басып, сүрленген, Мен қазаққа тарту еттiм қағымды! Мен елiме тарту еттiм бағымды, Айыр өзiң қарам менен ағымды. Алпысымда жиырмама бiр барып, Қайта кештiм бозбалалық шағымды. Тағдыр осы! Пешенеме бұйырған! Осы менiң он жетiм мен жиырмам. Бүгiнiмнiң iргетасы бар онда, Қалайымен қорғасыннан құйылған. Тағдыр осы пешенеме бұйырған, Осы менiң он жетiм мен жиырмам. Көз алдыма әжелерiң келедi, Қызды көрсем қалам қасы қиылған. Менiң мұнда балалығым бар қымбат, Алпысымда жеттiм саған! Там-тұмдап! Мен өзiмнiң аққуымды ойлаймын, Құсты көрсем бара жатқан жарқылдап. Тау шөгедi, теңiздер де өшедi, Ендiгiлер өзге суды кешедi. Махаббаттан жаралған соң адамдар, Жиылмайды махаббаттың төсегi! Көктем келсе тыраулайды тырналар, Өсiмдiкке су тасиды жылғалар. Ұлың, қызың, немерең мен шөберең, Өзiңменен қартаймайды бiрге олар! Мен өшпеймiн! Өшкенменен реңiм! Мен сендермен мәңгi дәурен сүремiн! Жетi басты айдаһармын мен деген, Жетi жұрттың лүпiлдеткен жүрегiн! 01.05.2005Ары ардақты
(қызыма)
Кеткен жерден қайтеді кешікпесең, Телмеңдетіп папаңды есікте сен. Жалғыз қалып өлетін сияқтымын, Дауысыңды бірер сәт есітпесем. Терезенің тағы да алдындамын, Ішкенімнің ұмытып қалдым дәмін. Жар бола гөр, тәңірім, ұл-қызыма, Алсаңдағы қолымнан малдың бәрін. Қыз деп, ұл деп қақпадым сірә беттен, Телміремін қызылға қылаң еткен. Келіп қалды-ау, ойпырмай, Келіп қалды-ау, Қарлы қыстың соңынан мына көктем! Қарашығы-ай көзімнің, Бал шырыным. Көрмегейсің тұрмыстың таршылығын, Қайран әкең телмеңдеп жылап өтті, Арасында қазақтың бар шыңының! Арқа сүйеп сен соған балпаңдайсың, Бала басқа түседі әрқандай сын! Арпа ішінде өсірген қызыл бидай, Қай есікке жағынып, жалтаңдайсың. Жасың өтіп барады жиырмадан, Өскен сайын бір қайғы үйір маған. Бір керемет бақ біткей маңдайыңа, Маңдайына папаңның бұйырмаған! Өз қолыммен жетелеп тәй бастырдым, Табаныңды әлпештеп таймас қылдым. Сөзіндей бол әкеңнің, Көзіндей бол. Қармауына түссең де қай қасқырдың! Ұяңды қондырып ал биік тасқа, Қол созба өміріңде күйікті асқа. Қазақтың қозы болмас құлыншағы, Қылт еткеннің тамағын қиып таста! Қыздары қазағымның ұлдан асқақ, Ұлдай асқақ болмасаң кім қараспақ?! Қыл мінезді қыз ғой деп қорсынғанды, Жығып жібер! Шығар да шыңға бастап! Джунглидесің, қарағым! Ормандасың! Талайлардың бұл орман орған басын! Қаны кетсін жүректің, Жаны кетсін. Құлыншағы қазақтың қорланбасын! Өлсе қазақ өледі ар-намыстан, Біз жапалақ емеспіз жардан ұшқан! Қыз дегенде, қарағым, қазақ емес, Жолбарыстар шығады нар қамыстан! Әпкең де бар, екі ағаң, үш інің бар, Бір нан тапсаң біріңе ұсыныңдар! Көп болыңдар! Қазақтың көптігінен, Кең далада жер жетпей қысылыңдар! Һақтағала, бергейсің ізімді үйіп, Ұлдарым бар! Ұл барда қызым биік! Әу, дегенше қасыңнан өте шығар, Өмір деген қыран құс, қызыл киік! Жан сырымды мен бәлкім аз ақтардым, Аз болса да ісімді саз атқардым! Туған жері ардақты, Елі ардақты, Ары ардақты бәрінен Қазақтардың! * * * Шүкiр ет дедiңдер ғой! Шүкiр, дейiн. Қитығып жел өтiне түкiрмейiн. Бiрдеңе тапқан болсаң төр сенiкi, Мен сенiң жыртығыңды бүтiндейiн! Шуыңды көтерейiн қарға болсаң, Жоқты ұмытып, қайтейiн барға болсаң. Перiште қызыққаннан келдi деме, Ұшып кеп қасыңдағы... талға қонсам! Маңдайдың ойламаңдар соры ма деп, Мен сенiң отырғам жоқ... боғыңа кеп. Сендердiң үймелесiп жатқандарың Ойлап ем атқан таңның шоғы ма деп... Қиналсаңдар қойыңдар белгi берiп, Бiрер сәт отырайын елдi көрiп. Қалыбайдың өмiрi бар ма, жоқ па, Есiгiңдi қаққанша ендi келiп! 27.04.2003 * * * Сынамаңдар қыранды құзға өрлеген, Жүрмеңдер біздер басқан іздерменен. Біздердей болар еді елдің бәрі Ойласып кетіп жатса біздерменен! Мәзір ет мұны, жұртым, жіліктемей, Ақынның өлеңімен іліктемей. Оңаша өзіңе де көз салып қой, Біреудің берген затын шірік демей! Қоқыстан алтын табар етектеген, Аузынан төгіп алар секектеген. Оқырманы Қалбайдың өзінікі, Қозымды қошқар етер жетектеген! Алдай ма ақын сені, алдамай ма, Арғы жағын көңілің жалғамай ма?! Ұран болар кезінде Алғадайға, Ұнамаған өлеңім Қарғабайға! Жүректерің сендердің ынтыққаным, Жемісімнің жатырмын сілкіп бәрін. Сезім барын білдіңдер жүрегімде, Иінімде білдіңдер... мылтық барын! Ұнамаған жерім бар, ұнаған да, Қайдан болсын мың жүрек бір адамда?! Тәбетің тартпағанын ысырып қой, Зорламайды есті ақын күн аманда! Сендер деп кетіп барам орманменен, Сүймесем мен сендерді қолдан берем! Сонда да өз қарының өзіңдікі Қойылған мәзір тегін болғанменен! Ақын көп мынау елде мен құсаған, Жырыммен өз басыма белгі соғам. Өзе түгіл білмеймін өзім дағы Ертең келіп не деймін енді саған?! Ел-жұртымды бір ғұмыр аяладым, Өлең үшін басымды қоя аламын. Бірге болып жорықта тас жастанған Аман болғын, оқушым, сая бағым! Мен сендерді алдасам күна қылам, Елдің-жұрттың су іштім бұлағынан! Бар екенін ұлының біліп тұрған Айналайын қазақтың құлағынан! Судан алып жанымды, отқа басам, Мен сен үшін жер менен көк таласам. «Өлеңі үшін қазақтың жанып өл», – деп, Табаныма қайтейін от қаласаң?! 15.12.2002