«Еңбек — адамның көркі, адам — заманның көркі», деген нақыл сөз бар ғой. Менің түсінігімше, ерінбей еңбек етіп, сол еңбегінің игілігін өзі ғана көріп қоймай, айналасына шарапатын шашып жүретін адам ғана заманының көркі болар. Бүгінде өңірімізде мүжәлсіз жандарға қарасып, жағдайсыздың қамын жеп жүретін іскер жерлестеріміз аз емес. Олардың қайырымыдылығы арқасында тындырылып жатқан істер де көп.
Өңірімізге, өңіріміз емес-ау, бүкіл елге танымал Сәуле Жақаева деген сіңліміз де жыл он екі ай бойы қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Ол Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі. Өзі көп балалы ана. Жаңаөзен сүт зауытының басшысы да. Сәуле Бердіханқызы кезінде тұралап қалған бұл кәсіпорынды жандандырып, жаңаөзендіктерді аққа қарық қылып, кей азаматтың қолынан келмейтін үлкен бір іс тындырған-ды. Қол жеткен табысын тасытып, үнемі ізденумен келе жатқан Сәуле кәсібін жетілдіре түсу үшін шетелдік әріптестерімен қарым-қатынас орнатып, олардың озық тәжірибелерін үйреніп, іс жүзіне асыруда. Имандылықты ту еткен ол қажылыққа барып, бір парызын да орындады. 2003 жылы екеуміз қасиетті Меккеге бірге барған сапарласым сол кезден бастап бірге туған бауырымдай боп кеткен. Ал оның қарапайым халыққа жасап жүрген қайырымды істері ұшан-теңіз. Сүт зауытының өнімдерін жетім-жесір, кемтар жандарға таратып беруден жалыққан емес. Көпке үлгі болған қайырымдылық шаралары үшін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауы мен марапатын да иеленді.
2007-2008 жылдары Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалы жанындағы «Қарлығаш» —аналар темекі шегуге қарсы» қоғамдық қозғалысын басқарды. Ол қоғамда темекі тартудан болатын аурулардың, адамзат келешегіне төнген осынау апаттың алдын алып, ұлтымыздың болашағы жолында жарғақ құлағы жастыққа тиместен жас қыз-келіншектер мен аналарды ұйымшылдықпен жұмысқа тарта білді. Өз еркімен тегін жұмыс жасап жүрген оларды Сәуленің өзі көтермелеп, сый-сияпатын жасап тұрды. Оның бұл бағыттағы жұмысының нәтижесі Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы тарапынан жақсы бағаланды да. Қазір қауымдастықтың облыстық филиалында 200-ге жуық мүше бар. Қауымдастық бұрын тек Ақтау қаласын қамтыса, бүгінде барлық аудан, селолардан филиалдар ашылып жатыр. Көп ұзамай қауымдастықта 16 секция жұмыс жасайтын болады. Бұлардың барлығының негізгі мақсаты — Отан-ананың, оның болашақ резерві — балаларымызды қолдау мен қорғау.
Осындай бағыттағы қоғамдық жұмыстары өз алдына, аз қамтылған отбасылар балаларына киім-кешек, азық-түлік таратып, қайырымдылық акцияларын жиі ұйымдастырып жүргеніне маңғыстаулықтар куә. Керек десеңіз, тұрмыс жағдайы тым ауыр болып, үйлене алмай жүрген жігіттердің тойын жасап бергенін де көзіміз көрді. Әрине, Сәуленің жұртқа жасаған қолғабысын, тындырған жұмыстарының бәрін тізбелеп айта бергеннің жөні болмас. Дегенмен, өзгеге өнеге болар, жаны жабырқаған жандардың көңілдерін көтерген соңғы өткізген шаралары жанымды ерекше жадыратты. Қатты риза болдым. Бұл—Мұнайлы ауданында өткен «Үміт бер!» акциясы болатын. Оған өзім қатысып, Сәуленің ұйымдастырушылық шеберлігіне тәнті болып, жүрегінің соншалықты үлкендігіне, пейілінің кеңдігіне тағы да қайран қалдым. Оған дейін де кәсіпкер сіңліміздің мейірімділігі мен іскерлігіне әр көз жеткізген сайын таңданысымды жасырмай, «тіл-көзден сақтағай», деп тілеумен келемін.
Мүмкіндігі шектеулі балалар арасынан өнерлі, таланттыларын тауып, оларға қолдау көрсетуге арналған аталмыш акция — қауымдастық филиалының биылғы ірі жобаларының бірі екен. Жаңаөзен қаласынан бастау алған конкурс түріндегі бұл акция барлық аудандарда дерлік өтті. Барлығы да табысты, және бұл шаралардың барлығына аудандық және қалалық билік өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер, депутаттар мен мекемелер басшылары тартылған екен. — Бұл акция — Қазақстан Тәуелсіздінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқан «25 мейірімді іс» республикалық акциясына қосар біздің үлесіміз деген дұрыс болар. Шарамыздың қорытынды байқауын 25 жылдық мерейтойымыз қарсаңында, желтоқсан айының басында өткізбекпіз. Байқауға бұған дейін өткен аудандық және қалалық фестивальдерде іріктелген жеңімпаз балалар қатысады, — дейді Сәуле Бердіханқызы. Иә, төрт қабырға ортасында қамалып, далада асыр салған қатарластарымен ойнап жүре алмайтын қамкөңіл балалардың басын біріктіріп, көңілдерін серпілткен мұндай шараларды ұйымдастырудың өзі оп-оңай шаруа еместігі анық. Алуан түрлі кедергілердің кездесіп қалатыны да бар. Сонда да қолынан келгенше бар мүмкіндікті пайдаланып, халқы үшін, халықтың аялаған балалары үшін тер төгіп жүрген қайратты да қажырлы, халқының сүйікті қызы болған Сәуле Жақаеваның жұмыстарының әрдайым сәтті, дені сау болуына тілекшіміз. Еңбегіңнің жемісін, балаларыңның қызығын көргейсің, Сәуле.
Ұлдай ТІЛЕУМАҒАМБЕТОВА