Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының әлемдегі ең алып корпорациялардың бірімен танысуына АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан NUEVA серіктес мектебіне сапары себеп болды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Даму стратегиясына сәйкес халықаралық серіктестік қарым-қатынас орнату үшін ұйымдастырылған сапарға физика, математика, информатика бағытындағы 13 оқушы іріктеліп алынды.
Сапарға оқушылармен бірге аттанған мектеп директорының сыртқы істер жөніндегі орынбасары Айым Тарихқызының сөзінше, екі аптаға созылған сапар балалардың тілдік ортада бейімделуінің арқасында ағылшын тілін терең меңгеруге, көшбасшылық қабілеттерін дамытуына, балалардың өзін-өзі дамытып, зерттеу жұмыстарымен айналысуына, сынақ пен тәжірибе нәтижесінде оқып-үйренуге, сараптамалық қабілетін дамытып, сыни ойлауына мүмкіндік жасады.
Зияткерлік мектеп оқушылары жаңа достарымен күнде сабаққа бірге барып, бірге келіп жүрді. Сапарды ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл балаларға жаңа ортаға тезірек үйренісуге көп әсер еткен. NUEVA мектебінде оқушылар физика, математика, ойлау дизайны, ағылшын, испан, қытай тілдерін және STEM бағдарламасы, Sсince of mind, өнер және т.б. пәндерді оқыды. Сонымен қатар, зияткерлік мектеп оқушылары түстен кейін «ойлау дизайны» (дизайн мышления) курсына қатысты.
Оқушылар сабақ қана оқып қоймай, ғылыми орталықтар, университеттер, музейлерге, Google корпорациясына барды.
Оның сөзінше, Google компаниясына бару оның мамандық таңдауына тікелей әсер етіпті. Ал робототехника мен инженерияға қызығушылықпен қарайтын Діннмұхаммед Тұрашевқа Стэнфорд университеті ерекше ұнапты.
— Стэнфорд университеті дүние жүзіндегі ең мықты деп саналатын университеттер тізімінің алдыңғы орнында тұр. Бізді Қазақстаннан келіп, доктарантурада оқып жатқан Нұрлыбек Мурсали университет жұмысымен таныстырып, өз зерттеуі жайлы айтып берді. Мәселен, ол адам организмінің жасушасын басқа организмге салып, оны өсіруды сынақтан өткізіп жатыр. Расын айтқанда бұл дүние жүзінде жасалып жатқан эксперименттердің бірегейі. Оның зерттеуімен танысу өте қызықты болды. Болашақта осы университетте оқығым келеді, — деді Діннмұхаммед Тұрашов.
Зияткерлік мектеп пен NUEVA мектебінің арасындағы серіктестік қатынасы алдағы уақытта жалғаса түспек. АҚШ-қа барып келген 13 оқушы алдағы уақытта серіктес мектептің бір ұстазы және оқушысымен біріге отырып қашықтықта зерттеу жұмысымен айланыспақ. Сондай-ақ алдағы уақытта, NUEVA мектебінің оқушылары да Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру жүйесімен танысады деп жоспарлануда.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі