Облыс орталығында «Даму» қорында ашық есік күні ұйымдастырылып, кәсібін жаңадан бастауға ниетті тұрғындарға тегін кеңес берілді. Шарада «Даму» Қорының Маңғыстау аймақтық филиалының және банк қызметкерлері субсидиялаудың пайыздық мөлшерлемелері және банк несиелері бойынша кепілдендіру ұсыну шарттары мен тетіктерін, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын, кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау шаралары жайында түсіндіріп, жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Egov.kz порталынан алынатын анықтамалар мен құжаттар тізімі жөнінде мағұлматпен таныстырса, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ өкілдері жүзеге асырып жатқан ауыл шаруашылығындағы қолдау бағдарламалары туралы әңгімелеп берді.
— Бүгін республикалық акция аясында облысымызда ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараның өтетіндігі туралы жергілікті басылымдар мен әлеуметтік желілер арқылы хабарладық. Кәсіпкерлерге филиал қызметкерлерінен бөлек, шағын және орта бизнес мамандары, екінші деңгейлі банктердің өкілдері де тегін кеңес береді. Одан бөлек, кәсіппен айналысамын деген студенттерге арналып арнайы шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізілуде. Мұндай шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Тағы бір айта кететін жайт осыдан екі ай бұрын кәсіпкерлерге арналған қордың «Даму Оптима» бағдарламасы жұмысын бастады. Бұл бағдарлама-«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мақсатты тобына кірмейтіндер үшін арналған. Яғни, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану орындары секілді салалар үшін қолжетімді болады. «Даму Оптима» бағдарламасы банк алдында кепілзаты жетпейтін кәсіпкерлерге «Даму» қорының кепілдемесін пайдалана отырып несие алуға мүмкіндік береді, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру менеджері Абай Момбеков.
Шарада жалпы саны 70 адам қатысты. Олардың 45-і ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер.
— «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 6 млн. несие алып, кәсібімді бастадым. Маңғыстау-5 ауылынан медициналық орталық аштым. Енді кәсібімді кеңейтіп, арнайы зертхана ашқым келеді. Сондықтан да бүгінгі ашық есік күніне келіп, банк қызметкерлерінен тағы қосымша несие алуға байланысты кеңес алдым. Қазіргі таңда елімізде кәсібін ашып, жұмысын өркендеткісі келгендер жандарға барлық жағдай жасалған. Мен өз кәсібімді ашбас бұрын арнайы семинар-тренингтерге қатысып, білімімді толықтырдым, қор мамандарынан бизнес жоспар жасақтау бойынша кеңестім. Басында қобалжу болды, әрине. Бастысы-ниет болса, алдағы күнге деген сенім болса, қай істе де алға жылжуға болады,-дейді жас кәсіпкер Зоя Боқаева.
Венера МИРЛАН