©
Ақтаудың басты мәдениет ошағы — «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешені 42 жылдығын атап өтті. Мерекелік күнге орай, «Өнер мерейін өсірген – өнер шаңырағы» атты салтанатты концерт қойылып, өнерден шашу шашылды.
Бұл ерекше күні мәдениет сарайында өнер өрендерін өсірген, жұлдыздарын жаққан шығармашылық ұжымдар өнер айдынында бағындырған белестерін, жеткен жетістіктерін паш етіп, әсем әндер шырқап, көңілді билер билеп, өнерін ортаға салды. Өнерпаздардың қуанышына ортақтасып, өнер шаңырағының мерекесімен құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының бас режиссері Гүлсина Мерғалиева, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония басшысы Нұрболат Құдысов және тағы басқа құрметті қонақтар келді.
— Өнерсүйер қауымның сүйікті «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінің 42 жылдық мерекесі құтты болсын!,-деп концертті құттықтау сөзімен ашты Бану Ғаниқызы.
— Бұл өнер ұясынан елге белгілі мәдениет саңлақтары түлеп ұшып, республикалық, халықаралық сахнада көрініп, жұртты өнерімен тәнті етті. Өнерге деген махаббатқа, шығармашылыққа, құштарлыққа, жаңашылдыққа толы мәдениет сарайында қаншама тамаша концерттер, мәдени шаралар өтіп, қаншама дарынды, өз ісіне жетік, білімді, өршіл адамдар жұмыс жасады. Сіздердің арқаңызда қаламыз ән мен биге бөленіп, ажарланып, көркеюде. Халық рухани азық алып, көңілдері жарқын, жүректері сүйіспеншілікке толуда. Бұл өнер шаңырағында тәрбиеленген өнерпаздар Маңғыстау халқының, бүкіл елдің құрметі мен алғысына бөленуіне тілектеспін, — деді ол.
«Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде абыройлы еңбек етіп, облыстың мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар өнерпаздар, өнер саласында жұмыс істеп жүрген жандар марапатталып, облыс әкімі орынбасарының, облыстық мәдениет басқармасының, қала әкімінің алғыс хаттарын иеленді.
1974 жылы есігін айқара ашқан, ұлы Абайдың есімін еншілеген мәдениет кешені өнер саласында жеткен толағай табыстарымен еңселі, асқақ. 42 жыл ішінде елімізге танымал жұлдыздар өсті, облыс намысын республикада, ел намысын шетелде қорғап, талай жеңіске жеткен шығармашылық ұжымдар қалтқысыз еңбектеніп, шығармашылығын шыңдады.
Бұл сөздердің айғағы - Халықтық «Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері» хоры, «Жорға» халықтық би ансамблі, Халықтық «Орыс әндері» хоры, «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі, «Молодость» үлгілі джаз ансамблі, «Радуга» үлгілі балалар шығармашылық студиясы, «Альтаир» халықтық би ансамблі, «Настроние» үлгілі би ансамблі, «Колибри» үлгілі театр студиясы және тағы басқа өнер ұжымдары қара шаңырағына айналған «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенін 42 жылдығымен құттықтап, өнерін көрсетіп, көрермен көңілін баурады.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор