Қыбырлаған жан қыстың қамын ойлайды. Әсіресе, мал қыстататын шеткері орналасқан ауыл тұрғындары үшін қысқы дайындық жұмыстарына салғырт қарауға болмайды. Адаммен бірге малдың да қамы бар. Оның үстіне жазы ыссы, жайылымы ерте қуаратын Маңғыстау өңірі үшін ауылшаруашылығының жем-шөп мәселесі алаңдатпай қоймайды.
Осыған байланысты, Сенек ауылы әкімі де ерте қамданып, нарықтағы бағаны зерделеп салыстыра келе, Жетібайдағы кәсіпкерлермен және «Бейнеу-Астық» мекемесімен мәмілеге келіп, арзан бағамен жем-шөп алғызуда. Мәселен Жетібайлық кәсіпкер М.Қамысбаевтан бұл жолы бір қабын 700 теңгемен бағалап алдырған бір вагон жемді ауыл үйге таратып берді. Қазіргідей нарық кезінде ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен көмек болды.Ауыл адамдары да дән риза. Себебі, жаз мезгілінде жемнің құны 1200-1400 теңгеге дейін өседі. Күзде көп мөлшерде толайым сату бағасымен алғанның өзінде құны 900 теңгеден түспейтін көрінеді. Алайда, жем-шөп саудасымен айналысатын кәсіпкерлер де көбейіп бәсекелестік туындағандықтан әрі ауыл әкімдері бірлікте жұмыстап, көп мөлшерде тапсырысты арзан бағамен өтінген сұранысының нәтижесінде қазір нарықтағы жем-шөп бағасы біршама төмендеп отыр. Әрине, мал шаруашылығымен айналысатын жандар үшін бұл-тиімді баға, қолайлы қолдау болмақ.