Кешегі ғасырдың сексенінші жылдарының басында Алматыда өтетін республикалық «Жігер» фестиваліне ылғи бір талантты жастар жиылып, әр өнер саласынан әйтеуір біреудің есімі елге жарқ етіп көріне қалатын. Сол фестивальдардың алғашқысына, 1981 жылы шалғайдағы Ырғыз ауданының Қалыбай ауылынан барған жас шопан Зәкіржан Кәлкенбаевтың өлеңдері ерекше назарға ілікті, авторы фестивальдің лауреаты атанды. Сол өлеңдерді оқырманы сұмдық көп «Лениншіл жас» газеті дереу жалпақ жұртқа жария етіп, шынайы поэзияны қадірлейтін қауым жаттандылықтан ада, еліктеушіліктен таза, күтпеген тұстан шыға келген тас бұлақтың суындай мөлдір жырларды сүйсіне оқыды.
Содан соң Зәкіржан біржола сөз өнерін қуды. Аудандық «Ырғыз» газетіне шақырылып, бөлім меңгерушісі болды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Ақтаудың облыстық газетінде, республикалық «Алтын Орда», «Айқын» газеттерінде қызмет істеді, биыл өзінің өлеңдері мен мақалаларын талай жыл жариялаған облыстық «Ақтөбе» газетімен қауышты. Ал өлең…
Өлең дейтініңіз, бір жағынан, жалғыз жүректің дара дүрсілі болғанымен, екінші жағынан, жеке мен жалпының тіршілігінен хабардар ететін жария сырлар ғой. Ұлы Абайдың айтуынша да солай: «Өлең шіркін өсекші, жұртқа жаяр…». Зәкіржанның Алматыдағы «Жалын» баспасынан шыққан «Тоғыз перне» деп аталатын жинаққа енген топтамасымен басталған сол сырлары-жырлары одан бергі кезде жеке кітаптар болып таралып, жұртқа жайылып келеді. Талғампаз оқырман баяғы тас бұлақтың мөлдір суы енді арнасы кең тұнық айдынға айналғанын әбден аңғарады-ақ, шынымен сүйсінеді-ақ. Бірақ бұл, әрине, жеке мақаланың, толымды лебіздің еншісі. Өйткені биыл алпыс жасқа толған талғампаз ақын туралы өз алдына көсіле әңгімелеу қажет-ақ. Әзірге ақынның жаңа жырларын ұсынамыз.
[caption id="attachment_14113" align="aligncenter" width="640"] Зәкіржан Кәлкенбаев[/caption]Кендірліде
«Кендірліде» мүлде бөлек демалыс, Тағдырыңнан кеткендейсің сен алыс. Сындырардай майлы, быртық саусақты Кербезденіп созған қолды кел, алыс.
Жұтып жүрген қазағыңның мұнайын Қумүйіз шал бере қоймас шырайын. Астанадан келген кісі бас бағып Ауа райын сөз етеді ұдайы.
Жүргендей-ақ бір пұшпақты илесіп, Сыр тартасың үй десіп те бүй десіп. Назардасың, көзге түскіш бұл жерде Бешпетіңнің қисық тұрған түймесі.
Қабақ аңдып, ішін бермей сызданып, Образға еніп кеткен кіл ғаріп. Тілегенің табылады, тек қана Патша көңіл аярлыққа тұр налып.
Арасында қарындар мен беттердің Тең таба алмай өз-өзімнен шеттелдім. Сөз болады ырысы мен тынысы Астанада отырған бір шекпеннің.
Әңгіменің қажеті не тасынған, Сипап қойып әуреге әуес басымнан Қоралы иттен жалғыз төбет таба алмай Көк теңізбен сырласуға асығам…
Алпыс келді
Кеткен шақта қиял қырдан асып тым, Бізге алпыс боп көрінген қашық тым. Келмесе де бақи жаққа асыққым Келіп жетті алпыс деген басытқы.
Алпыс келді. Қызық екен бұл деген, Баяғы өмір, көріп жүрген күнде мен. — Алпыс жасың құтты болсын! — десе кім Ұмыт қалған секілденер бірдеңем.
Қызық болды-ау, алпысқа да келіппіз, Аяңдаппыз, кей тұстары желіппіз. Езу тартып қана үнсіз отырар Бір кездері әңгімеңе жерік қыз.
Алпыс кепті ескертпестен келерін, (Жақындаған қинамайды мені өлім). Бәйбішемнің кештеу ұққан шығармын — Әй, шал-ау… деп қайталаған себебін.
Шал болыппыз от шашсақ та сөзбенен Көп арманға жете алмадық көздеген. Шал болыппыз… (Жетім көңіл ішіңнен Баяғыша жылу тілер өзгеден).
Шал болыппыз, атаса да қалай, кім Мен айнадан қаусаған шал көрмегем.
Желге бұрдым бетімді
Ғұмырымнан қалғаны — бір кесінді…
Мен қайтадан желге бұрдым бетімді! Елге кейде күйінем, «Мұзтаудағы» Оралханның кейіпкері секілді.
Үнсіз жүріп көріп едім бақылап Жаңсақ пікір шықты төрге сатылап. Бұл заманда адалдан күн көргендер Секілденіп көрінеді ақымақ.
Орны алмасып ақ пен қара дегеннің, Жақсы ұғымдар солғын тартып, көнерді. Қазіргі жұрт данышпанға балайды Жалған айтып, кісі ақысын жегенді.
Көзге оғаш боп көрінердей Тектілік Жалған мақтан, бос мылжыңды сес біліп, Далбасалап ұл-қыздар жүр өрімдей Біреуді алдау өмір кілті деп біліп.
Жанарынан жасқаншақтап шындықтың Бірін-бірі бос мақтайды кіл «мықты». Иіс-қоңыс ортасында ыбырсып Бірі ашуға ұмтылмайды түндікті.
Сөзден дуа, ұят қашып беттерден, Ойсыз тобыр бірін-бірі жек көрген. Бірін-бірі қағысады арқадан Беті күліп, ал ішінен кектенген.
Сорақысы — (мен мұндайға шыдаман!)
Ел тонаған ірі адам Айналаға сый ұсынар күнәдан. Көріп тұрып көпіршіген қылмысты «Мынау жөнсіз» дей алмайды бір адам.
Ақша ғана маза бермей бастарға, Пысықайлар секіреді аспанға. Іс басында отырғандар есінеп Теріс оқу оқумен жүр жастарға.
Соның бәрін көзіңменен көргесін, Үрейменен үңілесің төрге шын. Адам болып өту керек өмірден Жер бетіне адам болып келгесін.
Мен тағы да желге бұрдым бетімді, Жұмылып көз, жоғалтқанша есімді Айтарымды айтып өтсем деп едім Туғаны жоқ тура билер секілді.
Иман үшін күрес десе күресем, Айқастан сау шығуымды тіле сен. Ұяттардан өртенбесін жұмыр жер, Жамандықпен жақсылық боп тіресем!
Артын жауып мына жарық жалғанның, Үміт болып келеді әлі жалғанғым. Мен бетімді желге бұрдым Ертеңді Сақтау үшін құрбанынан қанжардың!
Өрік гүлдеді
Көктем де келді. Тағы да өрік гүлдеді, Шұғылалы таңның сәулесін көріп гүлдеді. Өрік гүлдеді, бейкүнә күлтелерімен Тірліктің мәнін ұқтырып, еліктіргелі.
Өрік оянды. Ұлы көктемнің сездіріп қайта оралғанын, Тымырсық, тынық бөлмеде жай таба алмадым. Өрік оянды жымыңдап, жылуын төгіп Көктем күнімнің еске сап қайтадан бәрін.
Өрік гүлдеді, қасаңсып кеткен жанымның мөлдірін аршып, Жақсылықтардың барына сендіріп, аршып. Қуана қарап жалғанға өрік гүлдеді Көгімнің бұлтын шуаққа жеңдіріп аршып.
Көктем ғой мынау! Табиғат сілкініп жатыр, Даламның әрбір қырына гүл тігіп жатыр. Жарыққа ұмтылған әр өскін мойнын созып Құлпырып жатыр, дүние құлпырып жатыр!..
Айналаңменен қол созып бірдей арманға, Көктем келгенде не жетсін гүлдей алғанға! Төгілген көктен шуаққа алғысын айтып Тасыған судай екпіндеп, гүрлей алғанға!
Көктеммен бірге не жетсін күле білгенге, Ақ нұрға алмасып кеткендей түнегің демде. Жасарып, жайнап, дүние жаңарып жатыр Керемет мерзім осы ғой біле-білгенге.
Жұпарын шашып жаныма өрік гүлдеді — Еңсеңді көтер, қасыма келіп тұр! — деді. Алыста қалған шақтардың елесін талмап Гүлдеген өрік тағы да ерітті мені.
… Есігімді ашшы, біреулер келіп тұр ма еді?.. … өрік гүлдеді…
Біздің анау Ырғызда
Біздің анау Ырғыздың ұлдары бар, Сол ұлдардың жалындап тұрғаны бар. Төскейінде ұл-қызын еркелеткен Көкөзені, қырмызы қырлары бар.
Біздің сонау Ырғыздың қыздары бар, Сағынғанда жүректің сыздары бар. Құшағы ашық, жазира даласы бар, Көзің тоймас көрікті гүлзары бар.
Өзен-көлін аралап танысқанда Сағымы бар шақырған алыстарға. Аңғал ұл бар ойларын ашып айтар, Балуаны бар жығатын алысқанда.
Құдығы бар мың жылқы қандырардай, Аруы бар қарасаң талдырардай. Жеңгелер бар қалжыңы қарып түсер, Ағалар бар жігерді жандырардай.
Бозбала бар тізгінін нық ұстаған, Бойжеткен бар кірпікпен күн ұстаған. Аталар бар батасы қорған болар, Ақ тілекпен әже бар тыныстаған.
Өзіне сай, әрине, таулары бар, Кіріп кетсең, адасар баулары бар. Селт еткізіп кей кезде құйыны кеп, Ала қашып бөркіңді заулары бар.
Тарихы бар Ырғыздың мағыналы, Ұрпақтары болған жоқ танып әлі. Орыс атқан оғы бар зеңбіректің, Қалмақ қылыш іздесең табылады.
Атызы бар диханның ізі қалған, Жертөле бар шебердің бізі қалған. Қорымы бар соғысқан сарбаздардың Абайсызда арманын үзіп алған.
Аңызы көп Ырғыздың атырабы Жолың түссе алысқа шақырады. Көне мазар, сүрлеу жол, тас шыңырау Қалың ойға талайды батырады.
Мәні төбе басына тас қаптаған Қызығына елтісең ас батпаған. Елін жаудан күзетіп, қиырды аңдып Бөкенбайдың шоқысы асқақтаған.
Қайсын айта бересің, бәрі керім, Жанарымда суреті әлі менің. Мен Ырғызға асығам, сырқаттанып Бітіп қалса ішетін дәрілерім.
Суы шипа, ол жердің ауасы — бал, Ауасында сан дерттің дауасы бар. Қарлығашы қарсы алар аңсап жетсең, Мойнын созып көргенше тауы асығар.
Тіріледі елестер санамда мың, Көзіме жас үйіріліп, қаламға мұң. Ырғыз жұмақ секілді, маған мақтан Топырағынан Ырғыздың жаралғаным!
Біздің Ту
Әдемі ғой біздің Ту, асқақ әрі, (Асқақтықтан жамандық жасқанады). Өз еліңнің туын сүй алдыменен, Отан сүю осыдан басталады.
Қыран анау қанатын кеңге жайған, Арылтады қажетсіз пендені ойдан. Арқасынан ару күн нұрын шашып Шұғыласын қуантып елге жайған.
Ашық аспан жетелеп биіктерге, Еміреніп қарайды сүйікті елге. Біздің туды суреті қандай сұлу, Тағы үңілші, жанына күліп кел де.
Осы Ту ғой белгісі елдігімнің, Өзгелермен айғағы теңдігімнің. Ту болмаса, туы бар ел болмаса Тірліктегі құны не кемді-күннің?
Хабар беріп өзгемен теңдігінен, Көк Ту осы биікте желбіреген. Қабырғалы елім мен жерім барын Өзгелерге туыммен сендірер ем!
Отанды сүй, балалар, Туыңды сүй, Ту дегенің елдіктің туындысы. Сыртта жүрген қандастар осы тудың Шапағына келеді жуынғысы.
Мойын созбай таңсық деп қайдағыға, Бас ие біл өзіңнің байрағыңа. Шүкірлік ет сонан соң байтағыңның Төсінде қыран қанат жайғанына.
Қандай сұлу біздің Ту биіктегі, Желбіресе жанымды иіткені. Ер қазақтың әйгілеп ел екенін Сүйіп саған қарайды, сүйіп мені.
Таппас басқа ел туыма айтарға сын, Кепілі боп елдіктің жайқалғасын. Мен не болсам бәрібір, тек елімнің Қасиетті көк Туы шайқалмасын!
aktobegazeti.kz сайтынан алынды Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН