©
Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайлас келген Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, көрнекті ақын, публицист, өлкетанушы, әдебиет отауына ғалым-ақын Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев қолтығынан демеп, поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова тұсауын кескен Айтуар Өтегеновтің 70 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өтті.
Айтуар Оспанұлы Адайдың Пірі – Бекет ата дүние есігін ашқан Жем өзені бойындағы Ақкиізтоғай ауылында 1946 жылы 14 қазанда дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ поэзия есігін жүрексіне отырып, батыл ашуға талпынған балаң бозбала өзіне бірден қатаң талап қояды. Өлеңнің көркемдігіне, образдылығына, оқырманын бірден баурап алуға баса мән береді,-деген кеш жүргізушісі Айтуар Өтегеновтің «Жер-Ана, тербе мені!» циклынан өлеңдерді облыстық музыкалық-драма театрының өнер шеберлері сахнада мәнерлеп оқыды.
Сахнада Маңғыстау мақтанышы «Ақжарма» ансамблінің сүйемелдеуімен ақын Айтуар Өтегеновтің «Ақтау аруы» өлеңіне жазылған Сүгірәлі Сапаралиевтың әнін Сәбит Шектібаев, той иесінің «Арманымсың» және Ғалым Әріптің сөзіне жазылған «Аққұсымсың, аяулым» әнін сазгер Ғалымжан Сағымбаев орындады.
Жаралып киелі өңір, киелі елден,
Тағдыры тарту еткен сый өлеңнен,
Қанеки, Ақынды біз мадақтайық,
Халқының сый-құрметін иеленген,- дей келіп, той жүргізуші ақынды құттықтау тілектеріне кезек берді.
Құттықтау үшін сахнаға Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтау хатын оқып, алғыс хат тапсырып, арқасына шапан жапты.
Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, «Қаламгер-Медиа» серіктестігінің директоры, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Жанарбек Әшімжан:
-Қазақ әдебиетінде, қазақ поэзиясында «соғыстан соң туғандар» дейтін әдемі тіркес бар. Жетпіс деген жасқа бірі жетіп, бірі жетпеген Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбеков, Иран-Ғайып, Сағат Әшімбаев, Сайлаубек секілді – қазақ өлеңінің жалауын желбіреткен буынның мықты бір өкілі бүгінгі жетпіс жасқа толып, ортамызда отырған Айтуар ағамыз.
Қоңыр тірлігімен ешкімнің алдын кес-кестемей, омырауламай, елде қалып, журналистика факультетін оқып, одан соң жоғарғы партия мектебін бітіргесін Алатаудың баурайындағы әсем Алматыда қалмай, елге қайтып, халқына қызмет етумен келе жатқан қоңыртөбел, адыраспан ақынымыз Айтуар Оспанұлының тойы құтты болсын!
Қасиетті Бекет атамыздың бесігін тербеген киелі Жылойда туып, өлеңнің кішкене жылғасын Алаштың даңғыл жолына ұластырған үлкен ақын. Айтекең мұнайшы, барлаушылар ерлігін жырлаған, әдебиетке жаңа, тың образдар әкелген, тек қана мұнайлы Атырау мен Маңғыстауға емес, бүкіл қазақ жұртына танымал, ортақ азамат. Бір ғана «Шерқала» деген өлеңімен қазақ поэзиясының антологиясында қалатын ақын. Қазақ қара өлеңінің жолында шаршамаңыз, шалдықпаңыз, тойыңыз тойға ұлассын!-деп, Алматыдан келген қонақ Одақтың атынан ақынның арқасына шапан жауып, төраға Нұрлан Мырқасымұлының арнайы сәлемін жеткізді.
«Халықаралық Қазақ творчестволық Бейбітшілік әлемі – Планета мира» бірлестігінің марапаттау комитетінің төрайымы Гүлия Иманова БҰҰ-ның «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің атынан ақынға «Құрмет белгісі» орденін тапсырып, шапан сыйға тартты.
Қазақстан Жазушылар Одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры, «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп шығып:
-Менің Айтуар ағамен сыйлас болып келе жатқаныма 30 жылдан асыпты. Бұл кісінің үш қасиетін атап айтқым келеді. Бірінші – адамға құдай берген жақсы мінез-құлық – бақ-ырыс. Бұны қазақ жақсы, жайсаң дейді. Кісілік пен кішілікті қатар алып жүру көп адамның қолынан келе бермейді. Екінші – ақындығы. Бұл құдай берген талант иесі. Үшінші – азаматтығы. Елге, жерге, қоғамға адамгершілік адал болмысынан айнымай белсене қызмет етіп келеді,-деп, көпшілік алдындаалғыс хатын оқып берді.
«Қадірменді Айтуар Оспанұлы!
Ұлы Уақыт шіркін де жалына қол апартпас асау тұлпар секілді тым жүйрік емес пе. Жылдар ағысы зымырай ағып, Жетпіс те желкенін керіп жетіпті. Ең бастысы, осынау Жетпіс- асудың дәурен-дәуірі ұшқыр қиял мен елдік сезімге, асқақ ойға құрылған жұмыр жырлар , парасатты публицистика жазумен, азаматтық өрелі пайыммен өтіпті.
Сонау кең Жылойдан бастау алатын соғыстан кейінгі балалық шақ, шопандық пен механизаторлықтан бастау алатын еңбек майданы, аудандық газеттен бастау алатын шығармашылық жол- үлкен өмір мектебі. Қос жоғары білім алып, кәсіби журналистика мен әдебиет әлеміне ерте бел буып келдіңіз. Өйткені, Тәңірім әу баста жаратқанда саналы түйсік, ақындық алғаусыз жүрек, адами болмыс сыйлаған еді. Тіршіліктің аласапыран күресінде осынау кісілік пен кішілік, адамгершілік адал болмысыңыздан айнымай елге, жерге, ұлтқа, қоғамға белсене қызмет етіп келесіз. Үнемі іздену, оқып-тоқып, білім көкжиегіңіз бен талғам таразыңызды жетілдіру, ұдайы елдік, қоғамдық істерге араласу Сізді Маңғыстау, Атырау аймақтарына танымал тұлға етіп қалыптастырды. Өлеңдегі өзіндік стиль, жазу өрнегіңіз, ұлттық тарих пен аңыз-әпсаналар желісіне құрылған тартымды да терең философиялық толғауларыңыз арқылы қазақ әдебиетіне қосқан үлесіңіз қомақты.
Тек өзіңіз ғана танылып қоймай, Маңғыстау қаламгерлерінің 50 томдығының шығып, ондағы 93 автордың республика кітапханалары арқылы қалың жұртшылыққа танылуына да бір кісідей атсалыстыңыз.
Қадірлі Айтеке! Бүкіл ғұмырыңыздың бойында ізгі ниет, жарқын істер мен жақсылықтардың жаршысы болып келесіз. Сондықтан да Сізді жақсы-жайсаң азамат, арқалы ақын деп ел-жұртыңыз мақтайды. Шапағатыңызды көрген шәкірттеріңіз жақтайды. Жеңгеміз Жәукенмен жарастықты ғұмыр кешіп, дүние- көшінде өнегелі ұлан-ұрпақ өсірдіңіз, өркен жайдыңыз. Ләйімда бала-келін, немере-шөберенің қызығына кенеле беріңіз. Шығармашылық шалқар шабытыңыз таси берсін!»
Айтекең ағамыз – Маңғыстау мен Атыраудың тел перзенті. Оны құттықтауға қала әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев, Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова, Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Қойшығұл Әбілшеев, ақынның иығына бір-бір шапан жабумен шектеліп, тек бейнеулік тер ғана ат мінгізуге жарады.
Құлсарыдан бір топ ағайын атынан Атырау облысы, Жылой аудандық әдеби-шығармашылық «Дарын» бірлестігінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров шығып:
-Құрметті, жамағат! Біз, «Адай» уезінің белортасындағы, қасиетті Маңғыстаудың киелі етегіндегі, Пір Бекеттің кіндік қаны тамған, бүгінгі мерейтой иесі Айтуар Өтегенов туған кеңжылойлықтар, екі облысқа ортақ перзент Айтуарымызбен мақтанамыз!
Осы жылғы 15 қыркүйекте, Жылой аудандық мәслихатының ҮІ сессиясында аудан әкімінің ұсынысы бойынша, № 57 шешімімен Айтуар Оспанұлы Өтегеновке «Жылой ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Алдағы қараша айының 11-інде ауданымызда облыстық деңгейде Айтуардың тойы өтеді. Сонда аудан әкімінің аудан халқының сый-сияпат, марапаттарымен қоса Айтуар Оспанұлына ауданның құрметті азаматы төс белгісі тағылып, куәлігі беріледі. Той иесіне Жылой ауданы әкімінің құттықтау хатын тапсырды.
Қаламгер аға, құрбы-құрдас әріптестерінің атынан Дүйсембі аға Әріпов ақын өлеңдері туралы сыр толғаса, Мейрамбай Қибасов Жұмекен Нәжімеденовтің «Қоңыр өлеңін» тебірене оқып, қаламдас-құрдасы туралы тұшымды ой айтты.
Ақынның ізін басып келе жатқан іні-қарындастары, шәкірттері атынан сахнаға шығып сөйлеген Сағындық Рзахметов:
-Он жеті жасымда ештеңеден қорықпай, аудандық газетке жұмысқа алуы бүгін қарап отырсам, бұл тек Айтекеңнің қолынан келетін үлкен азаматтық екен. Бұл менің өміріме үлкен өзгеріс әкеліп, журналистикаға келуіме бағыт берді. Айтекеңнің бір қасиеті адамды тап басып тани біледі. Міне, отыз жыл болды осы саланың нанын жеп келе жатырмын. Айтеке, сізді өмір бойы ұстаз тұтумен келемін, тойыңыз тойға ұлассын!-десе, Рахат Қосбармақ:
-Ардақты ағайын! Бүгінгі жыр кеші құтты болсын! Айтекеңнің ақындығы туралы айтылып жатыр ғой, мен бұл кісінің азаматтығы туралы айтқым келеді.
Анадан алтау туғанмен азаматы бір бөлек,
Айғырдан асау туғанмен қазанаты бір бөлек.
Арланнан алтау туғанмен абаданы бір бөлек,
Аққудан алтау туғанмен ағаданы бір бөлек,-дейді ақындар бұл кісінің азаматтық биігі кез-келген адам арман ететіндей деп айтуға болады.
Балапан кезімізде өз қолымен ашқан тұңғыш газет, «Рауан» газетіне жариялап, алғашқы өлеңдеріміздің тұсауын кескен осы кісі. Бұл кісі талантты тани біледі. Махмұт Қосмамбетов, туған ағам Бақытжанның құрылыста істеп жүрген жерінен қолындағы қалағын тастатып, қалам ұстатқан. Айнахан Есетова апамызды, Қаржаубай, Қамысбай секілді талай таланттардың талпынып ұшуына себепші болды,-деген құттықтау тілектерін білдірді.
Ақынын төбесіне көтерген ел - рухани өскен, рухы мықты ел. Өйткені, ақын жырлары – қалың оқырман халықтікі. Сондықтан Елінің туын, азаттық пен әділдіктің жалауын желбіретіп, жасындай жарқылдаған ақындарымыз аман болсын!
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ