©
Бұл жайында «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында өткен «Білім» сараптама комиссиясының отырысында айтылды. Сондай-ақ күн тәртібінде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы» мәселе қаралып, жан-жақты талқыланды.
Комиссия отырысын «Білім» бағыты бойынша сараптамалық комиссия жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Х. Нұрғалиева жүргізді. Ол Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түн мезгілдерінде компьютерлік клубтарда отыруға және көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғандығын, демалыс кезінде оқушылардың жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейтіндігін айтты.
Жиында баяндама жасаған облыстық ішкі істер департаментінің инспекторы Эльвира Хасанова жедел алдын-алу шаралары кезінде жасөспірімдердің түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында жүруіне тыйым салатын заң нормаларын түсіндіруге баса назар аударылғандығын айтты. Алайда биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша құқық бұзу әрекеттеріне байланысты аудандық, қалалық ішкі істер есебінде 108 оқушы тұрғанын жеткізді.
— Оның ішінде Ақтау қаласында - 42, Жаңаөзен қаласында - 51, Мұнайлы ауданында - 4, Қарақияда - 2, Маңғыстауда - 2, Түпқарағанда - 2, Бейнеу ауданында 5 оқушы тіркелген.
- Қазіргі таңда барлық балалар біздің қатаң бақылауымызға алынды. Сонымен қатар, облысымызда кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қатысуымен орын алған қылмыстардың да көбейіп отырғанын қаперлеріңізге беремін. Өткен жылы 40 іс тіркелсе, биылғы он айдың қорытындысы бойынша - 55. Оның ішінде Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында өсім байқалады. 55 қылмыстың 38-і ұрлық, 11-і бұзақылық. Бұзақылық жасағандардың арасында қыз балалар да бар, - дейді Эльвира Хасанова.
Облыстық білім басқармасының тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Алмажай Райымбердиеваның айтуынша, білім беру ұйымдарында оқушылардың тәрбиесімен айналысатын 1591 маман жұмыс істейді. Сондай-ақ облыста түрлі бағыттағы 452 үйірмеге 22,718 оқушы қатысады.
— Оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында арнайы жасақталған жоспарларымыз бар. Жалпы білім беретін 134 мектепте 1323 үйірмеге-29184, 887 спорттық секцияға-19000 оқушы қатысады. 18 спорт мектебіне 11869 бала немесе оқушылардың 10 пайызы қатысады. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында күзетпен, қазіргі заманғы қауіп дабылы мен бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп келеді. Білім беру ұйымдарына Ақтау қаласының 5 мектебіне (№10,11,12,17,21) және 1 облыстық мектепте (ҚТЛ) турникет бар. Қазіргі таңда барлығы 432 білім беру ұйымдарының 89%-ында толықтай бейнебақылау құрылғысы орнатылған. 134 мектепте 115 мектеп инспекторлары кабинеттермен қамтамасыз етілген, мінез-құлықтарында психологиялық өзгерістер бар оқушылар есепке алынған. Жалпы жыл басынан бері 9 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді, оның екеуі суицидпен аяқталды. Өткен жылы 41 факті тіркеліп, оның 9-ы қайғылы жағдаймен аяқталған болатын, - деді Алмажай Райымбердиева.
Венера МИРЛАН