Светқали НҰРЖАН, ақын, Т.Айбергенов атындағы, мемлекеттік «Дарын» сыйлықтарының иесі
(Қ.Әбдіраманның 2003 жылы жарық көрген «Қазақнама» кітабына алғысөзі)
Қалбай ақынмен алғашқы таныстығымның өзі, біртүрлі, қызық... Осыдан екі жылдай бұрын облыстық филармония залында облысты басқарып жүрген әкім-қаралармен әлдеқалай кездесу өтті. Жиын соңында мінбеге бір қоңырқай жігіт ағасы көтеріліп, «Ақынның сөзі» деген өлең оқыды. Бейтаныс ақынның кеудесінен шыққан шынайы жырдың жалпы жосағы есімде, ал соңғы шумақтары тасқа басқандай жадымда сақталып қалды...
Көп ұзамай, Мырзатай Болат, Медет Дүйсен ағаларыма осындай ақын көргенімді, өлеңінің былайша аяқталатынын айттым: ...Ұл едік қара ормандай, Айрылма менен сормаңдай! Айрыла берсең ұлдардан, Қайтесің, қазақ, қорланбай! Ақынға Әлем – қан майдан, Көгерер тасқа қандай дән?!. Айрылар қазақ бір шыңнан Айрылған күні Қалбайдан!.. Салиқалы Мырза-екең: – Әй мынау ақын ғой!.. – деп басын көтеріп алды. Көп ұзамай Қалбай Әбдірамановпен кеңірек танысудың сәті түсті!
Сөйтсек... ол 1947 жылдың 15 мамырында Қарақалпақстанның Беруни ауданында дүниеге келіп. 1965 жылы орта мектепті бітіріпті. Шығармашылық сапары мектеп қабырғасында басталыпты. Алғашқы өлеңдері: «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Совет Қарақалпақстаны», «Әмудария» тәрізді газет-журналдарда жарияланған. 1965 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне Сейсен Мұқтарұлы, Өмірбай Сәуірбаевтармен бірге құжат тапсырып, сынақтан өте алмапты. Бірақ бұл сапары олжасыз болмаған сыңайлы. Төлеген, Мұқағали, Мұзафар сияқты ақындармен танысып-біліскен.
1971 жылы ККГОСПИ-ді бітіріп, 1982 жылға дейін республикалық «Совет Қарақалпақстаны» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1980 жылы КСРО Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданады. Әбдікәрім Пірназаров, Тілеуберген Жұмамұратов, Жолмырза Аймырзаев тәрізді қарақалпақ-кеңес әдебиетінің классиктерінен тәуір бағалар алады. Кейбіреу «екінші Төлеген Айбергенов!» – деуге дейін барады.
Міне, осы тұста, «кто кончил жизнь трагически, тот истинный поэт» деп кеткен В.Высоцкий мүшелікке өте алмаған одаққа мүше болдым-ау», – деп күйзеліп жүрген ақынды шын қасірет торлай бастайды. Қазаққа деген «тарихи» кектері көкіректерінде қозданған қарақалпақ әдебиетінің қазан құлағын ұстап отырған кейбір «қағандарға» жас ақынның озғындаған таланты тіпті де ұнамайды. Сол топтың құрған торына, аңғал ақын, ақыры шықпастай болып шырмалады. Оның нәтижесі – 6 жылға созылған абақтыдағы азап! Тәшкеннің тозақ-түрмесі! 18 жыл бойғы шығармашылық үнсіздік!..
Қажығұмардай (Шәбденұлы) қабырғалы қаламгерін қара қытай қырық жыл қараңғы қапаста қымтағанда қынжылмаған қазақ, қайдағы бір Қалбайды – қойнында өрген, қасында жүрген қарақалпақ қуысқа тықты деп күйзеле қойсын ба?!.
Түрмеден келгесін, тас қаладан, нас-санадан зәрезап болған ақын Нөкісті тастай қашып, бір алыс үйде 13 жылға жуық бұйығы өмір кешіпті. Соншама жылдар ішінде жалғыз жол жыры жарыққа шықпаған! Үнсіз үкім. Құнсыз бітім.
Үнсіз үкімнің күші – 1999 жылы, киелі қазақ ата-жұрт Қазақстан – Маңғыстауына келгесін ғана жойылды. 18 жыл бойы тұншыққан қыран-шабыттың томағасы:
Ала-бұла сөйлейді Алабаған, Алабаған артында арам адам... Бас көтерген қазақты тұншықтырып, Ит қалмады, қарағым, таламаған, – деп жанын шошытқан алабағаннан аттап өткесін ғана сыпырылды!
Осы жерде Сабыр Адай туралы Әбіш аға Кекілбайұлы жуырда жазған «Өзегіңді үзе сүй өз еліңді» деп аталатын мақаладағы мына бір жолдар еріксіз ойыма оралып отыр:
«Олардың (яки жастық шағы жат жерде өткен ақындардың – С.Н.) көкірегінде дәйім туған елі тұрды. Кешегі еркін дәурені тұрды. Көз алдарында көлеңдеп баба заманның байырғы көріністері жүрді. Туған тілін, әдет-ғұрпын, сүйекке сіңген мінез-құлқын кір жуып, кіндік кескен атамекеннен алып кеткен бірден-бір асыл қазыналары санап қастер тұтты. Соның арқасында шет жердегі міскіндіктің диірменіне қанша түссе де, мұрттары шағылмастан бүтін шықты. Қаз қалпында қазақтар болып бүтін оралды.
Бұндай өміршең өр қауым біздің ұлттық әдебиетімізге уызына жарығандықты мықтап аңғарта алған Төлеген Айбергенов, Дүйсенбек Қанатбаев, Есенғали Раушанов, Несіпбек Айтовтардың түс айырдың сүтіндей тіліңді үйірер құнарлы жырларын қосты». Қалбай Әбдіраман да ғұлама ағаның ұлағатты қаламына іліккен үлкен ақындардың қатарын толтыра келді. Ол – аты жаман Алабағаннан:
Армысыңдар, інілер, бармысыңдар? Арлысыңдар, сондықтан жарлысыңдар. Ар-иманын, пәктігін жақсылардың, Пайдаланып кетеді арғы сұмдар! – деп, алдынан шыққан інілерін жаманшылықтардан сақтандыра өтті.
Ол – өз елінің Табалдырығынан: «Ел» – деу керек иықта басың барда, Тас табылса үйіңдер асылдарға! Дар тіктесең, биіктеу жерге тікте, Жерге тимес аяғың асылғанда!.. – деп еңсесін бұқпай, жалын жықпай аттады.
Ол – түнде түсінен, күндіз есінен кетпей қойған арман-жұртына:
Құдайы бар көгілдір ана аспанның, Жалпақ жерде жауы бар Әні асқанның. Бүкіл қазақ туыыпты бір анадан, Айыбы не емшекке таласқанның?! – деп баба-бітужа айта келді.
Ол – Қазақстанда жүріп Қазағынан айырылып қалған Міскіндерге:
Тірлікте ит те болсаң күн көресің, Біреудің жаласаң да бірдеңесін. Мәңгі емес тақ та, бақ та, денсаулық та, Әйтеуір қазағыңа бір келесің! – деп дәлелдей келді. Ол – дәл қазір де: Бар екен ғой бізді де ағалайтын, Еңбегімді, жырымды бағалайтын. Бар екен ғой жігіттер мына жұртта, Әзәзілдің жүзіне қарамайтын! – деп туған елінің таңғажайып дидарына таң-тамаша болып қарап жүр!..
Жалпы ақындар жайлы сөз болғанда, сонау 1921 жылы А.Блок туралы мақаласында Ю.Тынянов таңбалайтын лирикалық «мен» деген ұғымға соқпай өтпейтініміз ақиқат. Біреулер оны ақындық болмыстан алшақтатуға тырысса, келесі біреулері ақын жаратылысы, ақын Жан Әлемінің жырдағы көшірмесіндей қарауды ұсынады. Қай-қайсысының да өзіндік дәлелдері бар... Өлеңі мен өмірі еш қабыспайтын талай ақынды көзіміз көрді... Ал, Өлеңі Өзінен, Өзі Сөзінен аумай қалған екі ақын болса, бірі Қалбай Әбдіраман шығар-ақ! Оның қара қазақтан басқа қайғысы жоқ, қара өлеңнен басқа бәйгісі жоқ! Оның Ар-Қағанаты – Қазақстаны, Жан-Қанағаты – қазақтың қара өлеңі!
Қалбай ақынды жат жерде жүріп жәбір-жапа кешкенде жолына алау болған, жанына жалау болған, жүрек қанын, көз жасын құрғатқан жалғыз жанашыры – Жырынан айырып қарау беймүмкін. Ол мойнына тағдыр-тасын байлап, жыр-дарияға шым батып кеткен ақын! Осындай жанқаста махаббат қана ақынды мәңгілікке өлтірмей, жырының ішінде қазағымен бірге жасата беретін болар!
ХХ ғасырдағы әлемнің қанды сахнасында қазақ қауымы шеккен қиянат пен қияметтердің тағы бір қасіретті кейіпкері – Жаңа Ғасыр мен Азат Мемлекетінің босағасынан қабат аттады. Қадамы қайырлы болғай!..
Қал-екеңнің бұрын қарақалпақ тілінде «Жүректегі жазулар» (1977), «Келешекке сапар» (1981) атты құдайы күлшедей екі жинағы ғана жарық көрген екен.
Ердің жасы елу беске келген, «бөлек жанған ұлтынан бөлек сөнер» деген қағиданы ту етіп, қайда жүрсе де ұлтынан бір елі ажырамаған – қазақ жырының адал сүт емген ақ перзенті – Қалбай Әбдіраманұлының мынау «Қазақнамасы» өз ана тілінде шыққалы отырған тұңғыш кітабы! Бұл кітапқа беташар сөз жазу мен үшін де зор мәртебе!
Шіркін, азат аспанның астында, бостан Байтақтың төрінде бір-біріне ізгі тілеу тілеп, сәт сапар айтқаннан асқан ғанибет бар ма екен, сірә?!
Қалбай ӘБДІРАМАННЫҢ фейсбук желісінен алынды Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН