Жексенбі күні Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтау қаласында облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүлдесіне арналған топаралық біріншілік өтті. Дзюдо күресінен өткен жарысқа 2000-2001, 2002-2003, 2004-2005 және 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Жарыста 250 балуан 14 салмақ дәрежесінде белдесіп, бақтарын сынады.
— Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа қатысуға ниет білдірген спортшылардың қатары көп болды. Жарыстан жеңімпаз атанғандарға медаль, дипломдармен қоса белдіктерді сыйға тартамыз. Жарыстан бөлек республика көлеміне танымал бапкерлер Сергей Волобуев пен Асхат Хапанов, әлемдік жарыстарда облыс намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз Әмірбек Жеңісов, Бағдат Ерғазы шеберлік сабақтарын өткізіп, балуандарға дзюдо күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетеді,-дейді жарыстың бас төрешісі, самбо күресінен ҚР-ның спорт шебері Ерлан Серіков.
Облыстық «Жастар» спорт мектебінде өткен жарыстың ашылуына Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Жұмабаев, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов пен ата-аналар қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
— Үлкен деңгейде жарыс өткізіп отырған облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына және бапкерлерге алғысымыз шексіз. Бұл мектепте тек ғана дзюдо күресі ғана емес, спорттың өзге де түрлері жақсы дамыған. Облыс намысын абыроймен қорғап, республиканы былай қойғанда әлемдік жарыстардан олжалы оралып, жетістіктерге қол жеткізіп жүрген спортшыларымыздың да дені осы мектептен шығып жүр. Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықап, жеңісті сәттеріңіз көп болсын деген тілек білдіремін,-деген Қанат Жұмабаев «ҚР-ның спорт шеберіне үміткер» куәлігін спортшылар Нұрсұлтан Қуантқан, Индира Сейтова, Әсет Айбану, Азамат Ақылбаев, Мейрамбек Алдабергенге табыстады.
Жарысқа облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Шетпе ауданы мен Жыңғылды ауылдарынан ашылған филиалдарының спортшылары да қатысты. Боз кілемнің шаңын қаққан 2000-2001 және 2002-2003 жылы туған балуандардың арасынан Асатбек Рембаев, Нұрәділ Қуатбаев, Дәурен Төлегенов, Таңат Еңсегенов, Әбубәкір Баубек, Тәжімұарт Ержігіт, Сембек Жанарыс, Айбек Сайлаубаев, Ерлан Бітімбаев, Дарын Аймұрат, Жасұлан Асанов, Ануар Насардинов, Қуандық Тоқбаев, Салауат Тоқсанов, Жанбота Мұқанова, Айкүн Рахметова, Айгерім Еламанова өз салмақтарында жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты.
— Жыңғылды ауылынан жарысқа 54 спортшыны әкелдік. Бұл жарысқа қыркүйек айынан бастап дайындалдық. Барлық шәкірттеріміздің дайындықтары өте жақсы. Жарыс қорытындысында балуандарымыз ауылымыздың қоржынын 11 алтын, 11 күміс және 10 қола медальдармен толықтырды. Көңіл-күйіміз көтеріліп, 32 жүлдемізбен марқайып, ауылымызға бара жатырмыз. Әдемі ойын үлгісін көрсеткен барлық балуандарға алғыс айтамыз,-дейді Жыңғылды спорт интернатының бапкері Талғат Есекенов.
— Сондай-ақ 2004-2006 және 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер арасынан Ғабит Расулхан, Абылай Ғабиденов, Мирас Сабырұлы, Қосымбек Есенбай, Айберген Қыдырғалиұлы, Бекет Алдияр, Дүйсен Бақдәулет, Ырысбек Саламатұлы, Жақсылық Мұхамедияр, Мағжан Аяпбергенов, Қуанышбек Көмеков, Талғат Климов, Нұрлыбек Сыдықов, Баймұрат Баядилов, Айбек Тибериков, Бекарыс Тоқбаев, Мейрамбек Алдаберген, Жандос Сағынғалиұлы, Ботагөз Мнажадин, Жанат Аманғалиева топ жарып, алтын медальдің иесі атанды.
— Дзюдоға қатысқаныма бір жылдай уақыт болды. Мені спортқа ағам Мирас әкелді, ол бүгінгі жарыста чемпион атанды. Ал, мен екінші орынды иелендім. Бұған дейін дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирде үшінші орынды алған болатынмын. Сабақта да үлгерімім жақсы, болашақта қазақ елінің мақтаныштары Елдос Сметов, жерлес ағаларым Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлы сияқты әлемдік жарыстарда топ жарсам деймін. Ол үшін күні-түні еңбектеніп, спортты тастамай айналысатын боламын,-дейді он жасар Айдос Мықтымғали.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ