Орал қаласында тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында отырып ойнайтын волейболдан өткен ҚР-ның чемпионатынан Ақтаулық команда үздік танылып, Ел чемпионы атанды! Жарысқа Маңғыстау облысынан Ақтау және Жаңаөзен командалары қатысып, аймақ намысын қорғады. Жарыс қорытындысында Жаңаөзендік команда бесінші орынға табан тіреді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған додаға Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының командалары қатысып, бақтарын сынады. Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимылмен шеберлiктi талап ететін жарыста барлық командалар жеңіс тұғырынан көріну үшін әдемі ойын үлгісін көрсетті. Тарысты өткен жарыстың қорытындысында ақтаулық команда бірінші орынды еншілеп, төртінші рет ҚР-ның чемпионы атанды. Түркістандықтар екінші орынды иеленсе, үшінші орынға ақтөбеліктер тұрақтады.
-Отырып ойнайтын волейбол-елімізде кең тараған спорт түрі. Ол ойыншылардың ағзасын шыңдап, күш-қайрат қосады, командалық ынтымақтастықты арттырады. Жалпы біздің ақтаулық команда осымен төртінші рет ҚР-ның чемпионы атанып отыр. Бұл жолы алғашқы кездесуіміз Орал командасымен өтті, ойынды сәтті аяқтап келесі кезеңге жолдама алды. Одан кейінгі айналымдарда жаңаөзендік, қызылордалық, ақтөбелік командаларды айқын басымдылықпен ұтып, финалға өттік. Финалда түркістандық командамен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ҚР чемпионы атандық. Жақсы ойын көрсеткен командадағы жігіттерге алғыс айтамын,-дейді Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышев.
Ақтаулық команданың сапында Ержан Оңаев, Мақсат Алязов, Нұрлыбек Тұрбаев, Мұрат Оңғарбаев, Бақтықожа Орысбаев, Асхат Юсупов, Нұралы Құлышев, Бауыржан Оразалиев, Ғабит Назарбеков, Нұрлан Нұрбаев, Ерболат Алтаев өнер көрсетті.
Венера МИРЛАН