©
Еліміздің елеулі де іргелі кәсіпорны - Ақтау халықаралық теңіз сауда порты биыл 53 жылдығына қадам басты. Каспий маңы аймағындағы елдердің арасындағы сауда-экономикалық байланыстың берік, қарым-қатынастың қарқын алуына септескен теңіз қақпасы бүгінде Қазақстандағы құрғақ жүк, шикі мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдайтын жалғыз теңіз порты.
Порттың іргесі Ақтау қаласымен бірге қаланды. Уақыт озып, порт жылдан-жылға өркендеп, тасымал айналымы артты. Тәуелсіз Қазақстанның Каспийлік елдерді байланыстыратын басты көлік торабына айналды. Ал 1999 жылы теңіз порты толықтай қайта құрылып, жарқын болашаққа қадам басты. Қаланың ажырамас маңызды бөлігі болды.
Бүгінін - берен, ертеңін - ерен еткен Ақтау порты жарты ғасырлық уақытта қарқынды дамыды, келешегін кеңейтті. Осы оң өзгерістерді паш ету мақсатында Ақтау теңіз портында порт күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерейлі күнмен "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ президенті Михаил Ялбачев құттықтады:
-Тарихы 1963 жылы бастау алатын порттың Ақтау қаласы үшін маңызы зор. Қаланың құрылуына, порттың өркендеуіне куә болған жандар осында аз емес. Бұл порт ардагерлерінің бірі алғашқы тасты қаласа, бірі алғашқы жүк көтерді. Енді осынау ұлы тарихты, абыройлы істі жалғастыру – қуатты ұрпақ еншісінде. Порттың әлеуеті жыл сайын артуда. Мәселен, тамыз айында металлды ауыстырып тиеу мүмкіндігімізді 60 пайызға көбейттік. Технологияға өзгерістер енгізу нәтижесінде, бір айға жүкті ауыстырып тиеу көлемін 100 тоннадан 160 тоннаға жеткіздік. Онымен қоса, бұрын жылына 800-900 көлік ғана өңделетін болса, осы айда 1400-дей автокөлікті өңдедік. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда, көліктер ешбір кедергісіз өткізілуде,-деп атап өтті М.Ялбачев.
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» республикалық «Парыз» байқауына қатысып, әлеуметтік-жауапты кәсіпорындардың арасында үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орын иеленді. 2016 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша жүк ауыстырып тиеудің жалпы көлемі – 4 млн. 149 мың тонна құрады. Өткен жылмен салыстырғанда өсім мен жоспарлық көрсеткіштердің артуы байқалады. Мәселен, металл -18,9 пайызға, астық – 1,6 есеге, ал басқа жүктер – 44,1 пайызға өсті. Баку-Ақтау бағытында тасымалданатын паром жүктеріне келер болсақ, мұнай және мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу төмендегеніне қарамастан, көлемнің азаюының орнын автокөлік жүктерінің артуы есебінен толған. Осыған орай, паром жүктерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 396 мың тоннаға артқан. 9 айда 9 765 ауыр жүк автокөлігі өңделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5 есе көп.
Паромның бұл табысқа жетуі «бір терезе» қағидасы мен тасымалдауға мүдделі әзірбайжандық әріптестермен өзара әрекеттесудің арқасында. Қазіргі уақытта транзиттің декларацияны рәсімдеу және бақылаушы қызметтермен келісу портта тәулік бойы жүргізіледі. Кеме келгеннен кейін бірінші машинаның порттан шығу уақыты 2,5 сағаттан аспайды. Бұл қалыпты жұмыс режімінде айына бір мыңнан астам дөңгелекті техниканы өндеуге мүмкіндік бар. Порт айына 2000 автокөлік өңдеуге әзір.
Бүгінде портта 700-ден астам жұмысша қызмет етуде. Оның 100-ге тартасы - жас мамандар. Кәсіпорынға 4 жыл бұрын келген Мейрам Омаров солардың қатарында.
- Мен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «халықаралық қатынастар» факультетін тәмамдаған бойда, облысымыздың ірі кәсіпорыны, еліміздің теңіз қақпасы – Ақтау теңіз портына жұмысқа орналастым. Бұл порт жас мамандар үшін зор тәжірибе. Логистика, қаржы, халықаралық қатынастар, құқықтану, теңіз ісі секілді салалар бір жерде тоғысуы арқасында білімің молаяды, кәсіби қабілетің артады. Өз ісінің майталмандарына айналған аға қызметкерлердің кеңестерін тыңдап, үйренеміз, - деп ақтарыла сөйледі М.Омаров.
Ақтау порты жұмысшыларының жағдайына айрықша көңіл бөледі. Порт Халық Банкімен бірлесіп, ерекше жоба құрастырған. Баспанасы жоқ қызметкерлер банк арқылы 3,5 пайыз жеңілдік бойынша кредит алу мүмкіндігіне ие. Ал зейнетке шыққан жұмысшыларға бес есе жалақы беріледі.
Теңіз қақпасының шаңырағын көтерісіп, керегесін кеңейтуге атсалысқан ардагер қызметкерлер мадақталып тұрады. Салтанатты жиында да бұл дәстүрден жаңылмай, зейнетке шыққан жұмысшылар құрметке бөленді. Порттың І дәрежелі механизор жұмысшысы Намет Улубеков, Баутино жүк ауданының жүргізушісі Нәби Есетов және ІІІ нәтижелі механизатор жұмысшысы Қамысбай Қадыров "Порттың ардагерлері" деген құрмет атақтарын иеленді. Порттың өркендеуіне сүбелі үлес қосып, 10, 15, 25, 30, 35, 40 жыл өмірін арнаған 70-тен астам маманға алғыс хаттар табысталды.
- Портта 23 жыл жұмыс істедім. 1997-1999 жылдары қайта құрылу орын алғанда, порттың қуаты бірнеше мәрте еселенді. Қызметкерлер саны артып, жалақы өсті. Порттың қарқынды дамуы – біз үшін мақтаныш, абырой деп білемін. Оң өзгерістерге қадам басу арқылы порт жаңа белестерге, жаңа табыстарға қол жеткізеді, -деді Ақтау теңіз портының ардагері Қалпен Есетов.
Порт қызметкерлерінің қуанышына ортақтасып, мерейлі мерекемен құттықтау үшін "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалының өкілі Есберген Іңірбайұлы, Түрік республикасының Ақтаудағы бас консулы Кохан Кюнгери, "Казфрутнат" ЖШС директоры Инна Сливина, «Ехпайрутюн» армян этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Курдоглян және басқа да этно-мәдени бірлестіктерінің төрағалары, порттың серіктестіктері және тұтынушылары арнайы қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ мерекеге орай, бірқатар қызықты байқаулар ұйымдастырылды. Порт қызметкерлері теңіз тақырыбы бойынша киім киюден, торт пісіруден, сурет пен қабырға газет салудан, волейбол, қоссайыстан сынға түсті. Барлық жеңімпаздар дипломдар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты жиын соңы порт қызметкерлері балаларының қатысуымен жасалған концертке ұласты.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="11986,11988,11989,11990,11991,11992,11994,11995,11997,12001,12009,12010"]