Соңғы кездері Форт-Шевченко қаласынан велосипед мінген ақ жаулықты ана мен ақылгөй қарияны жиі көремін. Жергілікті тұрғындар оларды көшеде көре қалса, таңырқап қарайды. Жақында қала орталығындағы «Халық банк» бөлімшесінен шығып, велосипедін қолымен жүргізіп келе жатқан ақ жаулықты апа мен жанындағы велосипеді бар ер азаматты көрдім. Әдетте қала тұрғындары жастарды ғана велосипед үстінде елестетеді. Бұлай дейтін себебіміз, 56 жастағы Қарлығаш Ізтұрғановаға жергілікті тұрғындар «Бұл жүрісің не?" деп ұрысып та қояды екен, Ал оған көңіл бөле бермейтін Қарлығаш апай уақытты үнемдейтін денсаулыққа пайдалы спорт түрінің артықшылығын айтудан жалықпайды.
Қарлығаш апайдың баласының алды Мұнайлы ауданы, Батыр ауылынан жер алып, үй салып тұрып жатқандарына 3 жылдай болған. Отағасы Әбілқасым Ізтұрғанов екеуі Форт-Шевченко қаласына Шымкенттен көшіп келген. Жастары ұлғайғанда балаларына жақындап, осы жерге келіп, еңбек етіп жүрген зейнеткерлердің еңбекқорлығы да жастарға үлгі. Ерлі-зайыпты Ізтұрғановтартардың дүкеннен керек жарағын алуға көмектесетін көлігі дайын. Баратын жеріне денесін шынықтырып, лезде жетіп барады.
Ерлі-зайыптылар жасы ұлғайғанына қарамай, велосипед айдағанда сергек, шгирақ қимылдайды. Зейнетке ерте шыққан көп балалы анаға велосипедті інісі сыйға тартса, Әбілқасым ағаға өз ағасы сыйға тартқан екен.
- Велосипедті мен негізі 4-сыныпта үйренгенмін. Содан бері айдаймын. Бұрын Маңғыстауға көшіп келмесем де, мұнда көгалдандыру үшін қатынап жұмыс істеп жүрдім. Ол жерге де үнемі велосипедпен баратынмын. 2016 жылдың ақпанынан бастап Маңғыстауға түбіегейлі көшіп келдік. Қала басында 10 гектар жерді қарау үшін жолдасым екеуіміз қарауыл болып орналастық. Велосипедпен аралап, жерді қарап шығамыз. Жолдасым өмір бойы жүргізуші болды. 2011 жылы инсульт алып ауырды. Сол ауруынан айығуына осы велосипед көмектесті. Қазір өзің көріп тұрғандай, жолдасым әрі көмекшім сияқты. Өзіміз велосипедті жөндеп алып жүре береміз. Көлік сияқты шығыны көп емес. Арасында шиқылдап кететіні болмаса, ұсақ-түйек жөндеулер қолымыздан келеді. Майды, суды қажет етпейді. Экологияға да зиян келтірмейтін көлік деп есептеймін. Ең бастысы, денсаулыққа пайдалы. Менің жасымдағылар отырып, тұра алмай жүр ғой. Егде жастағылар велосипед айдаса, денсаулыққа сөзсіз көмектеседі, - дейді Қарлығаш апа.
Дүкеннен алған заттарын өз қолдарымен велосипедке орнатқан жүксалғышқа салып, ерлі-зайыпты велосипедші апа мен аға басты жолға түсіп, өз тірліктерімен кете барды. Мен ұзап кеткен жүргіншілерге қарап аңтарылып қалыппын. 40-30-дық «СAMRI» автокөлігі салонында шалқай тіресіп отырып, жаяу жүруге ерінетін жастар екі еңбекқор жанға миығымен күліп қарайды. Мені жастардың көп істің байыбына бара бермей үлкендерді жазғыратыны ойлантады.
Милана ЕЛЕУСІНОВА Суретті түсірген автор
[caption id="attachment_11683" align="aligncenter" width="640"] Әбілқасым аға велосипеді кішкентай болғасын, өзі темір жалғап үлкейтіп алған.[/caption]