Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Астрахань қаласында өткен IV халықаралық «Каспийский берег» фестивалінен жеңіспен оралды. Театрдың белді актері Ержан Бигашев «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын иеленсе, театр ұжымы «Салт-дәстүрді дамыту» және «Балалар әділқазыларының сыйлығы» аталымдарын қанжығалаған.
-Біздің театр бұл халықаралық фестивальге төртінші рет қатысып отыр. Фестивальде қазақ ертегілер желісінен құралған Н.Насырованың «Дала желі не дейді» спектаклін көрсеттік. Спектакльдің қоюшы режиссері – Надежда Насырова, қоюшы суретшісі – Гүлнар Канафина, сазгер – Александр Попов, спектакльде ойнаған актерлар Ержан Бигашев, Бану Түстікбекова, Айгерім Ерсімбекова, Бахтияр Қарымсақ. Айта кету керек 2008 жылдан бері халықаралық «Каспийский берег» фестивалінің тарихында біздің театр үшінші рет «Үздік актер» номинациясын иеленіп отыр. Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе,-дейді облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.
Фестиваль барысында қазылар алқасы да, көрермен де «Дала желі не дейді» спектаклін жоғары бағалаған. Қазылар алқасы актерлік ансамблдің мықтылығына тәнті болып, көлемі кішкентай қуыршақтарды актерлердің жақсы меңгергенін атап өткен.
Жалпы фестивальге Маңғыстау облыстық қуыршақ театрымен қатар Түркменстанның мемлекеттік қуыршақ театры, Дағыстан мемлекеттік театры, Қалмақ Республикасының Басангова атындағы ұлттық драма театры, Астрахань қуыршақ театры, Орынбордың мемлекеттік қуыршақ театры, Ресейдің мастерская образов қуыршақ театры қатысып, бақтарын сынаған.
Венера МИРЛАН