©
Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ІХ халықаралық турнир жалауын желбіретті. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан, Ресей, Өзбекстан, Белоруссия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан мемлекеттерінен шойын жұдырықты боксшылар қатысуда. 118 спортшы он салмақ дәрежесінде бақтарын сынайды. Жарыстың салтанатты ашылуына аймақ басшысы Алик Айдарбаев, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, Ш.Бөлтекұлының шәкірті Серік Әбдінәлиев, спорт журналисті Несіп Жүнісбай, спорт жанашылары мен қонақтар қатысты.
Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысы Жармыш ауылында дүниеге келген. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетiмдер үйiнде оқып, орта мектептi бiтiрген. Қазақ боксының атасы атанған Ш. Бөлтекұлы-ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, КСРО спорт шеберi атанған тұңғыш қазақ.
- Шоқыр Бөлтекұлы-қазақ жерiнде әуесқой боксты үйретудi алғашқы болып қолға алған ұстаз, елімізге бокс қолғабын арқалап келген адам. 1954 жылы Алматы қаласында Шоқыр ұстазымның қоластына келіп, бокспен айналыстым. Осындай ұстаздан дәріс алып, шеберлігімді шыңдап, шәкірті болғанымды мен әрдайым мақтан тұтамын. Ұстазымды еске алуға арнап Ақтауда халықаралық деңгейде турнир ұйымдастырып отырған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары деп бағалаймын, - дейді Ш. Бөлтекұлының шәкірті Серік Әбдінәлиев.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшылардың тартысын маңғыстаулықтар бес күн бойы 1 шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінен тамашалап, жерлестеріне жанкүйер бола алады. Додада аймақ намысын 20 спортшы қорғайды деп жоспарланған.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="11036,11037,11041,11048,11042,11043,11044,11045,11047,11050,11049"]