©
27-28 қыркүйек күндері Ақтау қаласындағы «Сая» шипажайының конференция залында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы негізінде Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы ЗТБ ұйымдастыруымен облыстағы үкіметтік емес ұйымдар үшін «ҮЕҰ мемлекеттік сатып алуларға қатысу дағдылары және шығармашылық есептер жасақтау бойынша біліктіліктерін арттыру» тақырыбында семинар-тренинг болып өтті.
Облыста тіркелген 507 үіметтік емес ұйым болса, оның бүгінде 91 ғана белсенді түрде қызмет етуді. Ал жоғарыда аталған семинарға мемелекеттік сатып алу заңы негізінде әлеуметтік тапсырыс байқауына қатысу дағдысын арттыруға ниетті және жаңадан құрылған 25 үкіметтік емес ұйым қатысты.
Е-gov порталы арқылы электронды–цифрлық қолтаңба алудан бастап, мемлекеттік сатып алу веб-порталымен жұмыс, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс байқауына қатысу туралы семинар тренері Айнұр Чюнчалина түсіндірсе, жобаның немесе қызметтің техникалық ерекшелігін талапқа сай ұсыну, жобаларды жүзеге асыру мен тапсырыс беруші алдындағы есеп, жылдық есеп пен бағдарламалық есептердің мазмұны мен талаптары туралы Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы ЗТБ ұйымдастырушылары Жібек Ахметова, Мөлдір Амангелдиева үйретті. Практикалық тапсырмалар беріле түсіндірлген дәрісте әр қатысушы өз жобасына техникалық ерекшелік жаза отыра, сапалық, сандық индикаторлар негізінде өз жобаларын қорғап шықты. Тәжірибесі жоқ, күні кеше ашылған ҮЕҰ мониторинг жасау және фандрайзинг бойынша білім алды.
Әлеуметтік тапсырыс кезінде кездесетін қиыншылықтар мен бағалану кезінде түсінбейтін талаптарды Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқарамасының саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшының міндетін атқарушы Инабат Ідірейс тоқталды. Оның айтуынша, портал байқауға қатысушыға баллдық жүйемен баға береді. Әр балл үшін дәлелді құжат ілеспе ұсынылуы керек екен.
-Облыстағы барлық үкіметтік емес ұйымдарға осы тақырып бойынша шаблондар мен сілтемелер, ақпартық, әдістемелік материалдар үлестіріп, кеңес беріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, әр жылдың наурыз айының соңына дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетіне әр үкіметтік емес ұйым міндетті түрде өз қызметі жөніндегі мәліметтер мен дерекқорды ұсынатынын білуі тиісті, - дейді облыстық Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Ахметова.
Милана ЕЛЕУСІНОВА