Бүгін Ақтау қаласына жақын орналасқан №4 өнеркәсіптік аймағының ашық алаңында өрт болып, салдарынан қою қара түтін пайда болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айта кету керек, айнала заңсыз қоқысқа лық толы. Белгілі болғандай бұл аумақта үйіліп жатқан көлік доңғалақтары өртеніп, әп-сәтте бірнеше шаршы аумақты жалмап үлгерген. Тез тұтанатын резеңке доңғалақтарынан шыққан жалын лезде айналаны қою қара түтінге айналдырды. Әзірге оттың неден тұтанғаны белгісіз. Оқиға орнына алғашқы болып полицейлер мен өрт сөндіру қызметі жетті. Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары келіп, атмосфералық ауадан сынамалар алды. Күйенің белгіленген нормадан тыс жоғары екені анықталды.
Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сағдат Хансейтовтың айтуынша, өрт орын алған орынның қожайыны анықталып, жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Өрттің неден шыққанын құзырлы органдар анықтауға кірісіп кетті.
Ақтау қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Асқарұлының айтуынша, өрттің себеп-салдары алдағы уақытта анықталады. Оқиға орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жеке құрамның 30 полиция қызметкері мен 4 экипаж тартылған.
Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Мақсат Сарғалиұлының айтуынша, өрт сөндіру қызметінің жеке құрамының 20 қызметкері мен 5 арнайы техника тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған. Сонымен қатар, Ақтау қаласының әкімдігі бір жүк тиегіш және екі су тасушы техникалар бөлген.
Айта кетейік, бүгін Ақтау қаласындағы 4-ші өндірістік аймақ 20 учаскіде ашық алаңда жатқан жарамсыз шиналардың қалдықтары жанып кеткенін хабарлаған болатынбыз.