Соңғы екі аптада Ақтаудағы модульдік инфекциялық ауруханасында ем алып жатқан науқастар үшін 26 102 текше метр оттегі жеткізілген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы модульдік аурухана инженері Алтай Жұмасыловтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта бір минутта 2 500 литр оттегі қолданылады.
Осы сәттегі қажеттілік маусым айына қарағанда екі есеге ұлғайған. Аурухана науқастың көбеюіне байланысты оттегі жетіспей жатқан соң қосымша оттегі баллондарын сатып алып отыр. Ал оны жеткізуге әкімдік ұйымдастырған кезекші топтар көмектесіп жатыр.
14 спорт мектебі, спорт клубтарының тренерлері, спортшылары және жеті шағынауданнан құрылған еріктілер бар. «Қала жолдары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері де бар. Бұл кісілер кезекші топтарға бөлініп оттегі баллондарын жеткізуге көмек көрсетіп жатыр. 24 сағат бойы күніне 700-дей баллон тасып жатырмыз. Ауруханаларға басқа да керекті жабдықтарын уақытылы жеткізіп тұрмыз, - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басышысы Болат Досов.