Инвестициялық жоба өңірдің құс етіне деген қажеттілігін 50%-ға жабуға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО әкімдігіне сілтеме жасап.
«Ақтау Агро» ЖШС жылына 5 мың тонна тауық етін шығаруды жоспарлап отыр.
Осы жылдың сәуір айында Маңғыстауға Ресейден 38,5 мыңға жуық инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс фабрикасы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салынды. Сол мөлшердегі екінші партия инкубаторға 16 күннен кейін тағы салынды. Осылайша бройлер тұқымының алғашқы балапандары сәуір айының соңында басылып шықты.
Құстардың алғашқы партиясы 28 мамырда сою цехына жіберілді. Дайын салқындатылған өнім маусым айының соңында «Каспий құсы» брендімен дүкен сөрелеріне шығарылмақ.
«Өнімнің орташа салмағы шамамен 1,5-2 кг құрайды, ал бағасы бір кг үшін 1200 теңге. Салқындатылған еттің басты ерекшелігі – ол бойындағы пайдалы дәрумендері мен микро және макроэлементтерін жоғалтпайды. Біз тауық етін шығарғаннан бастап, тұтынушыға жеткенге дейін сапасын бақылаймыз. Ал, білікті мамандарымыз сақтау мерзімін және температуралық режимінін қатаң қадағалап отырады", - дейді Д.Тұргынов.
Айта кетейік, осы жылдың көктемінде Түпқараған ауданында алғаш рет бройлер тауығын өндіретін ірі құс фабрикасы өз жұмысын бастаған еді.