Кеше облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде облыстағы құрылыс жұмыстарының барысы, аймақтағы игерілмей тұрған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару және коммерциялық мақсаттағы бос жер орындарын аукционға шығару мәселесі, коронавирусты инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қабылданатын іс-шаралар айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Өңірде Qoldau.kz веб-порталы арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланбай жатқан жер учаскелеріне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 364 субъектінің иелігіндегі көлемі 2 млн 302 мың гектар жайылым жер анықталды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда аудандар арқылы 13 субъектіден 1 млн 944 мың 715 гектар жер учаскесі жергілікті атқарушы органдардың шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 336,4 мың гектар жерді тиімді пайдалану бойынша веб-портал арқылы 340 жер пайдаланушы тұлғаларға хабарлама жолданды.
Жер инспекциясының мәліметіне сәйкес, биыл сот арқылы Ақтау қаласындағы кәсіпкерлік мақсаттағы 2,11 гектар 4 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған, сонымен бірге жер учаскесін кәсіпкерлік мақсатқа алған 27 тұлғаға (жалпы ауданы – 49,48 га) жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген (Ақтау – 12, Мұнайлы – 1, Бейнеу – 4, Жаңаөзен – 10). Сонымен қатар Жаңаөзен қаласы әкімдігі тарапынан кәсіпкерлік мақсаттағы жалпы көлемі 24,9 гектарды құрайтын 43 жер учаскесі (құны 291,2 млн. теңге) мемлекет меншігіне қайтарылған.
Облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың айтуынша, Маңғыстау облысы бойынша 123 мобильді бригада жұмыс істейді. COVID-19 күдікті және пневмония белгілері бар пациенттерді, cонымен қатар созылмалы аурулары бар пациенттерге үйде қызмет көрсетеді. Жүкті әйелдер мен балаларға көрсетімдер бойынша патронаж жүргізеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес облыс көлемінде 11 стационарда I-II сатылы 444 инфекциалық төсек орны және 54 реанимациялық төсек орны жасақталған. Сонымен қатар резервте 2 452 төсек орын дайын тұр. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 260 ӨЖЖ аппараты және 638 оттегі концентраторы, 928 пульсоксиметр, 162 перфузор, 24 рентген, 3 КТ (МОБ, ЖМГБ, БЦРБ) аппараттары бар. Сонымен қатар қалада 6 ПТР лаборатория жұмыс атқаруда (ҰЭО, Ча-Кур, INVIVO, Олимп, Эталон-Мед).
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевтың мәліметінше, биыл 11 айдың қорытындысы бойынша өңірде 1 млн 64 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалдамалы тұрғын үйлер құрылысына және сатып алуға 2,9 млрд теңге бөлінді. Жыл соңында 23,5 мың ш.м. құрайтын 352 пәтерге арналған тұрғын үйлер құрылысы аяқталмақ және 67 пәтер сатып алынады. Барлығы 419 пәтер пайдалануға беріледі (пайдалануға берілетін 419 пәтердің 215 пәтері көпбалалы отбасыларға беріледі).
Сонымен қатар облыс әкімдігінің шешімдеріне сәйкес заңда көзделмеген тәсілдермен үлескерлердің қаржыларын тартқан құрылыс компанияларға хаттама толтырылып, әкімшілік шаралар қолданылды.
Жиын соңында облыс әкімі коронавирусты инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қажетті шаралардың барлығын қатаң қолға алуды және бақылауды күшейтуді тапсырды.