Бүгінде Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі эпидемиологиялық жағдай тұрақталған сәттен-ақ карантин талаптарын сақтап, спортшыларды баптауға көңіл бөліп жүр.
Облыстық «Жас батыр» спорт мектебі басшысының орынбасары Сындаргүл Ершорақызының айтуынша, спорт мектепке сұраныс артып, келушілердің қатары өсуде. Әсіресе самбо спортын үйреніп, боз кілемде белдесуді мақсат еткен жас көп.
«Қазіргі таңда спорт мектебінде самбо күресі бойынша бағыт-бағдар алып жүрген 300-ден аса спортшы бар. Соның ішінде ҚР чемпиондарымен қатар, Азия және Әлем чемпиондары да жаттығып, тәрбиеленіп жүр. Самбоға ауыл-аймақтардағы балалардың қызығушылығы жоғары. Сол себепті Ақшымырау, Үштаған ауылдарынан, Бейнеу ауданы және Жаңаөзен қаласынан спорт мектебіміздің филиалы ашылып жатыр», - дейді ол.
Жаңадан ашылып, жұмысын жүйелі жалғастыруды мақсат еткен спорт мектептері ауыл балаларының бағы мен бабын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта тәжірибелі бапкерлер оқу-жаттығу өткізіп, жас спортшыларға серпін бермек.
«Мектебімізде осы уақытқа дейін Берік Жұмағалиев, Айбек Жанболатұлы, Нұржан Айдынғалиев, Ислам Түйешиев есімді бапкерлер қызмет етсе, енді Айтжан Қойбағаров, Асылбек Сейдов, Сұңғат Жолмұратов секілді жас мамандармен қатар толықты. Қазіргі таңда жас мамандар балаларды қабылдау үстінде. Алдағы уақытта олар да әлемді бағындырар чемпиондардың бірі болатынына сенімдімін», - дейді «Жас батыр» спорт мектебі басшысының орынбасары Сындаргүл Жомарт.
2019 жыл маңғыстаулық самбошылар үшін олжалы болды. Атап айтсақ, Дәурен Төлегенов самбодан Әлем чемпионы, Нұрбек Қуанышұлы Азия чемпионы атанса, жауынгерлік самбодан Әлем чемпионатының күміс жүлдесін Нұркен Домбаев иеленген еді. Ал спорт шеберлері арасында «Жас батыр» мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов Әлем чемпионы атанған болатын.
Биыл спортшылар арасындағы бәсеке бәсеңдегені рас. Десе де жергілікті спортшылар жігерсіздік танытпады. Осы ретте бапкер Берік Жұмағалиев және Айбек Жанболатұлы спортшыларға ашық алаңда оқу-жаттығу өткізген болатын. Үздіксіз әрі жүйелі дайындықтың нәтижесінде жергілікті спортшылар Шымкент қаласында өткен жаттығу жұмыстарына қатысып қайтты.
Бапкерлердің айтуынша, спортшылардың күш-жігері кемімеген, бойдағы қуаты бабында тұр. Ал спортшылар болса сынға сақадай сай екенін айтып, жарыстан хабар күтіп жүргендерін жеткізді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған «Жас батыр» спорт мектебі