Жиынға Департамент басшысы Б.Жылқыбаев, басшының бірінші орынбасары С.Қаныбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің серіктестік департаментінің директоры Р.Медетов, облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұлов, республикалық Арнайы мониторинг тобының мүшесі Т.Талаева және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Е.Таялиев пен облыстағы жол салатын мердігер мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты. Бұл туралы МО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті хабарлады.
Жиын барысында Маңғыстау облысындағы жол құрылыстары мен олардың сапасы жөнінде айтылды. Атап айтатын болсақ, БАҚ беттерінде «кілем жол» аталып кеткен Мұнайлы ауданындағы ауылішілік жолдың қазіргі жағдайы айтылды. Сондай-ақ, Департаменттің Тергеу басқармасының басшысы Б.Баймырза аталған жолға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны туралы ақпарат берді.
Бұдан бөлек, Түпқараған ауданы, Аташ елдімекеніндегі ауылішілік жол туралы мердігер мекеме «Бек-АктауГазСнаб» өкілдері баяндады. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұлов аталған жол мәселесі бойынша жауаптылардың жазаланғанын атап өтті.
Айта кетейік, жиын барысында облыстағы мердігер мекемелер мәселелерін ортаға салып, жол сапасын тексеру барысындағы зертханалық талдау жұмыстары туралы өз ұсыныстарын жеткізді.