Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 86 жылдық тарихында жеткен жетістіктері мен еліміздің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды. Қасиетті оқу ордасы сапалы білім беруді мәдени белсенді өмірмен ұштастырады. Осылайша ұлт болашағы үшін білімді әрі ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді алғашқы орынға қойып келеді.
Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте 25 мыңнан астам студент пен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар білім алуда. Сондай-ақ заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.
2020 жылы ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған, атақты жерлесіміз Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Осыған орай ҚазҰУ үшін айрықша мәдени шаралар бастамасымен басталды. Мәдени шаралар қатарына Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойының ашылу салтанатын атап өтсек болады.
Мерейтойды мерекелеудің басты мақсаты ретінде әл Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін берумен қатар әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтауды айтсақ болады.
Айтулы шараға әлемнің түпкір-түпкірінен ғалымдар жиналды. Сонымен қатар, еліміздің мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және тағы басқа ресми тұлғалар атсалысқан болатын. Мәртебелі меймандар алдымен әл-Фарабидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, студенттер сарайына бет алды. Ашылу рәсімінде алғаш болып сөз сөйлеген Қырымбек Көшербаев өркениеттің ұлы ойшылы әл-Фараби тек қазақ халқының ғана емес, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы екендігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік хатшы шараның маңыздылығын ашып көрсетті.
Әл-Фараби еңбектерін жандандыру мен дәріптеу мақсатында ҚазҰУ шаңырағы да көптеген үлес қосуда. Абай атындағы халықаралық клуб және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы әдебиет және әлем халықтары институты әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған 15 томдық бірегей кітаптар топтамасын жарыққа шығарды. Жинақтың құрастырушы – авторы белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев.
Үш тілдегі көп томдық басылымға Шығыс ойшылының еңбектері енгізілген: «Ақыл туралы кітап», «Философиялық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Музыканың үлкен кітабы», «Жаратылыстану ғылыми трактаттар», «Ұстаздың оралуы», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Музыка туралы үлкен кітап», «Ғылым туралы кітап». Мерейтойлық жыл қарсаңында әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасы бүкіл әлемде кеңінен насихатталуда, ал оның еңбектері түрлі елдерде басылып шығарылуда. Осылайша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыс ойшылының еңбектеріне сүйене отырып, білім мен руханилықтың интеграциясы негізінде жастардың моральдық-өнегелік тәрбиесінің жаңа моделін жасады.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидың мерейтойы аясында өткізілген шаралар бұнымен ғана шектеліп қалмасы анық. Осы тұста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Үндістандағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Джавахарлал Неру атындағы университеттің қолауымен Нью-Дели қаласында Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өткізілді. Іс шараға ҚР Үндістандағы Елшісі Ерлан Әлімбаев, ҚазҰУ және Дели университеттерінің ғалымдары, Орталық Азия елдерінің дипломатиялық миссиялары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында ҚазҰУ делегациясы әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері, оның қазіргі кездегі мұрасының маңыздылығы туралы ғылыми баяндамалар мен презентациялар жасады. Сонымен қатар ойшылдың идеялары негізінде әзірленген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің рухани-адамгершілік және ғылыми-технологиялық платформасын қамтитын моделі ұсынылды.
Үндістанға сапар барысында қазақстандық жетекші жоғары оқу орнының делегациясы Амити университетінде (Нойда қ.) 100-ден астам ел өкілдерінің басын қосқан «INBUSH ERA-2020» бүкіләлемдік саммитінің жұмысына қатысты. Саммит аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Амити университетінде әл-Фараби орталығын және аталмыш үнді жоғары оқу орнының ҚазҰУ-да өкілдігін құру туралы келісімге қол жеткізілді.
Мұндай іс-шараларды жоғары халықаралық деңгейде өткізу әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы мен қазақ тарихын дәріптеуге ықпал етеді. Бұл ҚазҰУ-дің ғана емес, сонымен қатар Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің әлемдік биік көрсеткіші деп білеміз.
Жұбаназарова А.С.,
ҚазҰУ-нің «Экономика» мамандығының 2-курс магистранты
Даулиева Ғ.Р.,
ҚазҰУ-нің «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы